«Бізде «жабық этностық топтар» да бар» – әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова
«Бізде «жабық этностық топтар» да бар» – әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова
750
оқылды
Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен бе­реке-бірлігі жайлы жиі айта­мыз. Этносаралық қаты­нас­­тардың қазақстандық мо­­­де­лі ретінде Қазақстан хал­қы Ассамблеясын атауға болады. Деген­мен этноса­ра­лық қаты­настардың өзін­­дік ерек­шеліктері, ұлыс­­­тар ара­­сындағы тату­лық­ты сақ­­таудың тың тәсіл­де­рі, за­ма­науи сын-тегеу­рін­дер бар екенін жоққа шығар­май­мыз. Кейде этносаралық қай­­шылықтар болуы мүмкін екенін мойындамайтын тә­різ­діміз. Әрі «баршаның ба­ла­сын» қазақтың төңірегіне топтастыруға бағытталған сая­сатымыз да тым сәтті еме­с­­­­­тей көрінеді. Бірақ қалай бол­­­ғанда да, біздің елде ашық түр­де этносаралық қақ­­­ты­­ғыс болған жоқ. Қор­дай­­да­ғы соңғы оқиғаның аста­рын­­да қылмыс бар екенін мойын­дадық. Әйтпесе, қа­зақ өзгені тепкіге салу үшін аттанбағаны анық. Дегенмен этносаралық қатынастың қыр-сырын мамандардың ай­тып бергені орынды. Сол үшін біз Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңі­ріндегі этносаралық және кон­фессияаралық қаты­нас­тар­­ды зерттеу орталығы­ның же­текшісі Айгүл Сәдуақа­со­ва­ға бірнеше сауал қойдық. – Айгүл Кәкімбекқызы, этно­са­ралық бірлік пен татулық­тың қазақстандық моделі ретін­д­е әдетте Қазақстан халқы Ассам­блея­­­сын атаймыз. Осы мо­дель нақ­ты қай тұрғыда өз-өзін ақта­ды? – Қазақстан этникалық тұр­ғыда ерекше құрылымы бар ел. Қазір елімізде 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Ал біз сауалға жауап беру үшін алдымен этносаралық татулық мен бірліктің қазақстандық мо­делінің негізгі мақсатына тоқ­тал­ғанымыз жөн шығар. Бұл біріншіден, діні, тілі, мәдениеті бөлек әр алуан этностарды бір­тұтас халық ретінде қалып­тас­тыруды көздейді. Әрі осы халықтарды қазақтың төңірегіне шоғырландыруды, сөйтіп қазақ мәдениетіне, мемлекеттігіне ұйытып, бір ұлт, бір мемлекет құруды мақсат етеді. Ал Қазақ­стан халқы Ассамблеясы – осы саясаттың негізгі институты, іске асыру механизмі. Ассамблея шаңырағының астына барлық этнос өкілдері жиналып, толық­қанды Қазақстан азаматы ретінде қазақпен интеграциялануы үшін жұмыс жүргізілді. Бұл саясаттың жетістігі ретінде тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда этникалық мәселелердің төңіре­гінде қандай да бір дау-жанжал немесе қақтығыстар болмағанын атап өтуге болады. Біз мұны сенім­­мен айта аламыз. Яғни, Қазақ­станның тұрақтылық пен этно­саралық татулық бағы­тын­­дағы саясатының жемісі – осы. Егер 90-жылдарды алатын болсақ, жаңа мемлекеттер құры­ла бастағанда мемлекет құру мә­селесінің алдында екі таңдау болды. Біреуі – этникалық не­гіз­де мемлекет құру, екіншісі – азаматтық негізге басымдық беру. Этникалық негіз дегеніміз – «бір мемлекет – бір этнос» деген модель. Ал азаматтық негізде құрылған мемлекетте бір елдің ішінде бірнеше этнос өкілдерінің топтасып, бірге өмір сүруіне мүмкіндік беріледі, бәрі бір мем­лекеттің азаматы саналады. Қазақстан осы екінші модельді қабылдады. Біздің Егемендік туралы декларациямызда да, Тәуелсіздік туралы конституция­лық заңның ішінде де, кейін Конституцияның өзінде де осы негіз бекітілді. Айталық, қандай да бір тұлға Қазақстанның азаматтығын алғысы келсе, Кон­сти­туция бойынша оның құқына қатысты ешқандай қай­шы­лық пен шектеу болмай­ды. Өйткені біз этностық, нәсілдік тегіне қарамай Қазақстан азаматы ретінде қабылдаймыз. Мұны жетістік деп айта аламыз. Бірақ бұл жерде бірқатар мәселені ескеру керек. Біз модельді құрдық, ол енді өзгермейді, мін­сіз, толықтырып, жетілдіріп отырудың қажеті жоқ деген ұғым болмауы керек. Өйткені этно­саралық қатынастар өте нәзік дүние және әр адамның ішкі жады, ойы, мінез-құлқында белгілі бір ұғым болады. Сол ұғым негізінде оның мәдениеті қалып­тасады. Кез келген тұлға­ның өз ана тілі мен тәрбиесі негізінде ұстанатын діні болады. Яғни, әр этнос өкілінің өзіндік келбеті бар. Мұндайда бәрін бір мемлекет, біртұтас ұлт ре­тін­­де қалыптастыру үлкен, күр­делі жұмыс. Әрине, бұл жер­­де мемлекеттік саясатқа көп дү­ние тікелей байланысты еке­­нін жоққа шығармаймыз. Екін­ші­ден, азаматтық қоғамның ұста­нымына, соның ішінде Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясына, этно-мәдени бірлестіктер мен басқа да үкіметтік емес ұйым­­дар қызметіне және жеке тұлға­лар­дың ынтасына, азамат­тық-па­триоттық сезімдері мен ұстанымдарына да көп дүние бай­­ланысты болады. Сондықтан біз тек қана «қазақстандық мо­дель­ді» әбден қалыптасқан, аяғы­на тұрған, өз бағыты айқын­­далған, кемшіліксіз сая­сат деп кесіп айта алмаймыз. Этно­сара­лық бірлікті сақтау саясаты ұдайы жетіліп отырады. – Соңғы 10 жылда бірнеше мәрте тұрмыстық кикілжіңдердің немесе қылмыстың этникалық шиеленіс сипатын алып кете жаз­дағанын көрдік. Айталық, Қордай оқиғасы сондай жағдайдың айқын дәлелі. Мұндай жағдай не себепті қалыптасты? Татулық пен бір­лікті насихаттауда аталған бағыттағы саясатта кемшіліктер кеткенін көрсетпей ме? – Егер әр онжылдықты қарап отыр­сақ, мұндай кезеңдерде бел­гілі бір қауіп-қатерлер бола­ты­ны көзге түседі. Қазақстан үшін 90-жылдардағы қауіп-қатерлер, әрине этникалық негізде бола­тын дау-жанжал еді. Біз ондай қа­тер­ден қатты сескендік. Өйт­ке­ні посткеңестік елдердің бірқатары этносаралық мәмілені сақтай алмай қалды. Тіпті, көрші республикаларды алатын болсақ, олардың кейбіреуінде қоғамдағы бірлікті сақтай алмаудың соңы азаматтық соғысқа дейін жетті. Одан бөлек, этносаралық тату­лық­тың бұзылуы экономи­ка­лық дағдарыс болған кезде де көрініс беруі мүмкін. Яғни, бәрі мүлдем күйреген 90-жылдарда ғана емес, кейін де береке-бірлікке сызат түсу қаупі болды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың дұрыс жұмыс істемеуі де этносаралық қатынастарға өзінің кері әсерін тигізеді. Қазіргі таңда біз сон­дай қауіп-қатерді бастан кешіп отырмыз. Өйткені эконо­ми­калық дағдарыс кезінде, эко­но­микалық даму төмендеген сәтте адамның этникалық сәй­­кестілігі өзін-өзі қорғау элементі ретінде алға шығады да, адамдар көбіне өзінің этни­ка­лық ортасынан өзіне қорған, түсіністік іздейді. Бұл – қалыпты құбылыс.  

Қордай оқиғасы ке­­з­інде әлеуметтік желілер эт­ни­­калық сипаттағы ұрандар, намысына тиетін сөздер арқы­лы адамдарды дүрліктіріп, аза­мат­тарды мобилизациялап, жан­жалды үлкен оқиғаға айнал­ды­рып жіберді. Эмоцияға ерік берілді. Өкінішке қарай, қо­ғам­­да этникалық лозунг өте тез тарайды.

  Егер Қордай оқиғасын ала­тын болсақ, бұл жердегі мә­се­лені тек бір бағытта, яғни этни­калық қарым-қа­ты­нас­тар­­дың немесе мем­лекеттік сая­саттың құлды­рауы деп қарау­ға болмайды. Өйткені сол оқи­­­ғаларды сараптасақ, ол жер­де қылмыстың ізі болғанын, әлеу­­меттік желілердің оқиғаны басқа бағытқа бұрып жібергенін бай­­қаймыз. Әрине, бұл жер тығыз шоғырланған, топтанған этнотоп­тардың мекендеуімен ерекшеленеді. Мұның да тарихи себебі бар. Бірақ ол басқа мәсе­ле. Дегенмен біз тарихқа зер салсақ, қазақтың басқа ұлт өкіл­­дерімен қарым-қатынас орна­ту­дың жолын білгенін және қазақ танымы мен көзқарасында басқа адамды ұлты негізінде жәбірлеп, намысына тиіп, қорлау сияқты жаман әдеттер жоқ екенін аңға­ра­мыз. Сондықтан Қордай оқи­ғасында болған адам қаза­сы, үй-жайлардың өртелуі ұлтымыздың болмысы мен мінезіне қатысты емес. Онда тек қылмыс жатыр. Егер қылмыстық жағынан қа­рас­тырсақ, онда біраз мүдде қай­шылығы болғанын аңғару қиын емес. Өйткені бұл жерде бизнес бар, іргесінде шекара тұр, коррупция да жоқ емес. Де­мек, осы мәселелерді ажырата білу керек. Қордай оқиғасы ке­­з­інде әлеуметтік желілер эт­ни­­калық сипаттағы ұрандар, намысына тиетін сөздер арқы­лы адамдарды дүрліктіріп, аза­мат­тарды мобилизациялап, жан­жалды үлкен оқиғаға айнал­ды­рып жіберді. Эмоцияға ерік берілді. Өкінішке қарай, қо­ғам­­да этникалық лозунг өте тез тарайды. Әрі сөз басында айт­қанымыздай, әлеуметтік-экономикалық жағдай нашар­лай бастағанда әр азамат өз этносынан пана іздейді де, өз кезегінде бұл сол этностың мүд­де­сін қорғауға мәжбүрлейтін қадамға итермелейді. Сол себепті мұндай кездерде этникалық сипаттағы ұрандар топты дүрлік­тіріп жіберуге қауқарлы болады. Қордайдағы оқиға соның айқын дәлелі. Әрі аталған жағдай әу баста этносаралық мәселені саясатқа айналдыруға жол бер­меу­дің дұрыс қадам болғанын көрсетті. Яғни, елімізде сонау 90-жылдарда-ақ этникалық си­патта саяси партия құруға ты­йым салынған. Меніңше, бұл – дұрыс тыйым. Өйткені әр саяси партияның билікке жету жолында қолданатын бірне­ше механизмі болады. Егер біз соның ішінде этникалық фак­тор­ды билікке жетудің жолы ре­тін­де қарастырар болсақ, онда ол үл­кен дағдарысқа алып келер еді. Дегенмен түрлі қауіп-қатер­ге назар аударып, оларды са­рап­­тай келе, мемлекеттік сая­сат­қа да түрлі өзгерістер енгізу ке­рек екені байқалды. Бұл жер­де алдымен адамдармен қа­рым-қатынас құру, оларды тың­дай білу өзекті. Сондықтан Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында-ақ «халық үніне құлақ асатын мем­ле­кет» идея­сын алға тартты. Кейде өкпе-наз мемлекеттік орган­дар­­дың бұқарамен тілдесу­ге, олар­дың сөзін тыңдауға қау­қар­сыздығынан туындауы ға­жап емес. Сондықтан мемле­кет­тік органдар жергілікті жер­­­дегі заңбұзушылыққа, жем­қор­­лыққа тос­қауыл қойып, жер телім­де­­рінің жетіспеуі, білім сала­­сындағы өзгерістер, қазақ тілін оқы­тудың сапасы және басқа мәсе­лелерге айрықша мән беруі керек. – Этносаралық татулық, ынты­мақ мәселесін жиі наси­хаттау арқылы бір ұлттың екін­шісінен белгілі мөлшерде артықшылықтары бар дегенге саятын ой қалыптастырып алған жоқпыз ба? Бізге «Қазақстан азаматы» деген ұғым маңызды болып саналмай ма? – Этносаралық татулық, ынтымақ мәселесін насихаттау­дың да өзіндік бір заңдылығы бар. Бір жағынан шектен шығып кетпеу керек, екінші жағынан әр құбылысты, нәрсені өзінің мәні­мен, сапалы деңгейде түсін­діруге тырысу қажет. Әрине, кейде тым көп, біржақты айтылып кет­­кен мәселелер кейбір этнос өкілдеріне өзге этносқа қо­ғам­да басымдық беріліп, оларға көптеген мүмкіндіктер жаса­ла­тыны турасында, сонымен қатар «біздің қолымыз бәрі­бір жетпейді» дегендей ой туғы­зып, этникалық дискрими­на­­­цияға алып келетін түсі­нік қа­лыптастыруы мүмкін. Бірақ бұл жерде екі нәрсені ажы­ратып алу керек. Объек­тив­ті және субъективті мәсе­ле­­лер. Субъективті көзқарас тұр­­­ғысынан «маған неге осын­дай көзқараста, неге менің мүм­кін­­шілігім жоқ, өзгенікі басым» деген сипаттағы сұрақтарға жа­уап іздегенде адамның этни­­калық өзгешелігі бірден ке­се-көл­денеңдейді. Сөйтіп, ол «мен басқа этнос өкілімін, сон­дықтан маған көзқарас осын­дай» деген тұжырымға келуі мүмкін. Сондықтан мем­ле­кеттік органдардың Қазақ­стан­ның әр азаматының конс­ти­туциялық құқын сақтауы ма­­ңызды. Конституцияда әр аза­­маттың құқы тең. Демек, біз Кон­с­титуция мен одан бастау ала­­тын заңдарды бұлжытпай орын­дайтын болсақ, ондай мә­селе болмайды. Әрине, бұл – идеал­ды жағдай. Шынайы өмір­­де 100 пайыз бұлай болып, жүзеге асады деу қиын. Бірақ біз соған тырысуымыз керек. Яғни, Қазақстан азаматы деген ұғым баршаға бірдей. Біз ешкім­ге артықшылық бермейміз жә­не ешкімді кемсітпейміз. Алайда осы тұста ақпарат құ­рал­­дарының қызметіне де көп нәрсе байланысты екенін еске­ру қажет. Сонымен қатар әлеу­мет­тік желілерде тарайтын ақпа­рат­тарға да біраз дүние тікелей байланысты болып тұр. Әрі біздің ақпараттарды қабылдай білуіміз, сүзгіден өткізуіміз де өзекті. Егер біз қандай да бір дау-жанжал туралы ақпарат таратып, себебін сипаттаған кезде оған қандай да бір этникалық түсініктеме бер­сек, онда ол этносаралық қаты­нас­тардың шеңберіне кіріп кетеді. Біздің осыған көзіміз жетті. Сондықтан Қазақстан азаматы деген концепті кеңінен түсіндіріп, адамдар құқының тең екенін нақты көрсетуіміз керек.    width= – Қазақстанның бірқатар ай­мақ­тарында шоғырланып өмір сүріп жатқан кейбір этнос өкіл­де­рінің ішкі көші-қонға ара­ласу деңгейінің төмен екені байқалады. Себеп неде? Неге оңтүстіктен солтүстікке жұмыс күшін тартуда мұны ескермедік? – Қазақстан өңірлерінің де этникалық тұрғыдан өзіндік ерекшеліктері бар. Біз елімізде 100-ден астам этнос өкілдері бар дегенімізбен, әр облыста жағдай әртүрлі. Сондықтан біз бұл жағынан да нақты болуымыз керек. Мысалы, оңтүстік өңір­лер­де тығыз шоғырланған этни­ка­лық топтар бар. Олардың бұлай қоныстануының тарихи себебі де жоқ емес. Бірақ олар қа­зіргі таңда біздің білім беру, мә­дениет, ақпарат тарату сияқ­ты бірқатар салалардағы стан­дар­ты­мыз бен ережемізге сәйкес өмір сүріп жатыр. Яғни, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени шаралар және басқалар белгілі бір заң негізінде ұйымдастырылып, оған бағыну қандай да бір эт­нос­тың тарихына, танымына қара­мастан баршаға ортақ. Бұл тұрғыда мәселе жоқ. Түрлі этнос өкіл­дері өздерінің бірегейлігін сақ­т­ағанымен, елдің ортақ ере­жесіне бағынады. Ал көші-қон про­цесіне қатысу мәселесіне кел­сек, оның мәдени және этнос­­тық ерекшеліктерінің бар екенін жоққа шығармау ке­рек. Әрі түрлі этностарды мәж­бүр­­леп, көші-қон процесіне қатыстыра алмайсыз. Олардың өз туған жерінен кетпеуіне құқы бар. Мысалы, дүнгендерді алатын болсақ, олар бұрыннан отырықшы халық және жерді пайдалану, диқаншылық кәсібін игеру жағынан мол тәжірибесі бар. Олар оқшауланып, әулеттік ұстанымдарын сақтай отырып, өмір сүргенді жақсы көреді. Ме­кен­дерінен тым алысқа ұза­мау­ға, әрі өз балаларын, ұрпа­ғын басқа жаққа жібермеуге тыры­сады. Мұндай жағдайда біз «жабық этностық топтар» деген тер­мин қолданамыз. Олар сыртқа ашыла қоймайды. Бұл олардың ішкі мәдениетімен байланысты құбылыс. Сондықтан олар ішкі көші-қонға да аса қатты ара­ла­сып жатқан жоқ. Бірақ қазіргі таңда солтүстік өңірлерге бұрын қоныстанбаған этнос өкілдері аздап болса да келіп жатыр. Айта­­лық, өзбек, ұйғыр, күрд, дүнген этностарын алатын бол­сақ, Ақмола астана болып, қа­ла дамығаннан бері осында, қа­зір­гі Нұр-Сұлтан қаласы мен төңі­ре­гіне аталған этнос өкіл­дері қоныстана бастады. Шоғыр­ланып, сауда-саттықпен, ауыл шаруашылығымен айналысып жатыр. Соңғы кездері олардың Солтүстік Қазақстанға, Шығыс және Батыс Қазақстан облыс­та­рына барып, қоныс тебе баста­ғаны байқалады. Яғни, еліміздегі түрлі этнос өкілдері ішкі көші-қонға аздап болса да араласа бастады деген сөз. Ал егер жұмыс орнын ашып, мемлекеттік бағ­дарлама бойынша оларды сол жер­лерге қоныстандыратын бол­сақ, алдымен процеске қа­ты­сатын этностың ішкі қа­рым-қатынастарын, отбасы­лық-әулеттік жағдайын, құн­­­ды­­­лықтарын ескеру қажет. Сон­­дық­тан бағдарлама даяр­лан­­­­ғанда немесе оны жүзеге асырған кезде мұндай ерек­ше­ліктерге назар аудару ке­рек. Мысалы, әлеуметтік-де­мо­графиялық зерттеулер де ма­ңызды. Мұндай зерттеулер этностың демографиялық по­тен­­циалы қандай, жастар са­ны қанша, еңбек нарығына кіру мер­зімі, өздері қоныстанған өңір­де еңбек нарығы оларды то­л­ық қамтамасыз ете ме, жоқ па және басқа да осыған ұ­қ­сас көрсеткіштер ескерілуі тиіс. Ішкі көші-қон мен еңбек потен­циа­лын бағалау кезінде мұндай өлшемдерді бірінші кезекте на­зар­да ұстаған жөн. – Демек, этностарды ортақ саясатқа жұмылдыруда әлі де атқарар жұмыс мол болғаны ғой. Ал сонда қазақстандықтарды не біріктіреді? Тарих, тағдыр, тіл? – Біріншіден, қазақстандық­тар­ды ортақ мемлекет – тәуел­сіз Қазақстан біріктіреді. Ал құн­дылықтар тұрғысынан бір­ге бас­тан өткізген тарих бірікті­ре­ді. Егер тарихи тұрғыдан қа­рас­­тырсақ, қазақ халқы осы жерді мекендеп, мемлекеттілікті қалып­тастырған, қалалар са­лып, көшпенділер мәдениетін да­мыт­қан байырғы халық. Бірақ ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырда, кейін де Қазақстанның кең-байтақ жеріне басқа этнос өкілдері келіп, қоныстана бас­тады. Демек, баршаға ортақ тарих бар деген сөз. Бізді осы бі­рік­тіреді. Баршамыздың басы­­мыздан белгілі бір тарихи оқи­ғалардың өткен кездері бар. Мұны біз ортақ тарихи тағдыр дейміз. Демек, бізді тарихи тағдыр да біріктіреді. Өйт­ке­ні халықтың сана-сезі­мін­де, жадында қалатын ерекше та­рихи кезең болады. Сол ке­зең­де «қалай өмір сүрдік, қан­дай құндылықтар арқылы қиын­шы­лықтарға төтеп бердік, бір-бірімізге көзқарасымыз қандай еді?» деген мәселелер аталған кездерде қалыптасады да, біз үшін әдетте ыстық, жанымызға жақын, түсінікті дүниеге айнала­ды. Ал тілге келсек, әрине мемле­кет­тік тіл біріктіруші фактор болуы тиіс. Қазір бұл мәселеге қатысты түрлі ой айтылып жүр. Қазақ тілін қанша адам мең­гер­­се, тілдің әлеуеті сонша өсе­ді. Салыстырмалы түрде 90-жыл­дар мен қазіргі кезді қа­рас­тырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Бірақ кейбір тұс­та азаматтарымыздың көңілі әлі де толмайтын жағдай бар. Сондықтан қазақ тілі мемле­кет­тік тіл ретінде барша этнос өкілдерін біріктіруші фактор болуы үшін ол күнделікті қа­рым-қатынас тіліне айналуы ке­рек. Мемлекеттік деңгейде ол ақпа­рат, басқару, білім, техника, ғы­лым тәрізді салаларда кеңінен қолданылып, жақсы дамуы үшін қазақ тілінің әлеуметтік потен­циалы қалыптасуы керек. Әлеуметтік потенциал дегеніміз – халық. Халық білімді, ақпа­ратты қай тілде алып, қарым-қатынасты қай тілде орнатса, сол тілдің потенциалы жоға­ры болады. Сондықтан мемлекет­тік тілдің потенциалын арт­ты­ру үшін баршаның оны күнде­­лік­ті қарым-қатынас тіліне айнал­дыр­мағы керек. Сонда тілдің потен­циа­лы ғана емес, оның баршаны біріктіретін қуаты да артады. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ