2 миллион сақтандыру төлемі кімге тиесілі?
Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері 2 миллион теңгені инфекциялық ауруханада коронавирус жұқтырған адамдармен тікелей жұмыс істеп жатқан дәрігерлер алатынын, мәселен стоматолог, кардиолог сияқты дәрігерлер сырттан дерт жұқтырса, оларға бұл ақша тиесілі емес екенін айтқан еді. Дәрігерлерді алаңдатып отырғаны да осы дүние. Олар шұғыл медициналық көмек алу үшін тәулігіне 320-390 науқас келіп қаралатынын, олардың қайсысы коронавиурспен ауырып келгенін анықтау мүмкін емес екенін айтады. Ал дерттен қорғайтын арнайы киім дәрігерлерге кеш берілген. Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлеріне 7 сәуір күні ғана жеткізіліпті. Олар қазір Түрксіб ауданындағы бұрынғы туберкулезден емдейтін ауруханада жатыр. 11 сәуірден бері оқшауланған. Отбасы мүшелерін көрмей, бала-шағасына жетуі де мұң болып тұр. 14 күндік карантиннен кейін ғана қайта анализ тапсырады. «Егер нәтижесі оң болып шықса, үйімізге қайтуымыз мүмкін. Теріс болып шықса, тағы да жатамыз», – дейді дәрігерлер.Дәрігерлердің талабы қандай?
Инфекция жұқтырған алматылық дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданып, Президенттен араша сұрап отыр. Олардың видеоүндеуі әлеуметтік желілерде тараған. Үндеуде: «Құрметті Президент мырза! Сізге Алматы қаласының орталық қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері жүгінуде. Біз осы аурудың ауырлығын бастан өткердік. Денсаулық сақтау министрлігі БАҚ арқылы инфекцияны жұқтырған медқызметкерлердің өздерін кінәлі етуге тырысып жатыр. Өйткені олар үшін осылай болғаны қолайлы. Мұның бәрі бізге өтемақы төлемеу үшін жасалды деп санаймыз», – дейді. Сондай-ақ олар мәселені жеке-жеке жіктеп беруге тырысқан. Олардың айтуынша, «біз вирусты науқастардан жұқтырдық. Оған еш күмән жоқ. Өйткені барлығымыз бір уақытта ауырдық және аурудың белгілері де бірдей. Сонымен қатар біз отбасымыздың мүшелеріне, оның ішінде сәбилер мен жүкті әйелдер де бар, оларға да жұқтырып алдық. Олар да қазір емделуге мәжбүр. Біз дертке қарсы костюмдерді өзіміз сатып алуға міндетті емеспіз. Бізге қорғаныс костюмдері 7 сәуірде ғана берілді. 11 сәуірде алынған анализ нәтижесі бізге әлі көрсетілген жоқ. Өкпе фиброзы, бауыр циррозы, бүйрек қызметінің бұзылуы секілді аурулардың пайда болуына кім жауап береді? Денсаулық сақтау министрлігінің мақсатын түсінбейміз: бізге қолдау көрсетіп, осындай қиын жағдайда көмектесу ме, әлде коронавирусты өтемақы алу үшін әдейі жұқтырды деп өзімізді кінәлау ма? Ешқандай ақша біздің денсаулығымызға татымайды және ешбір медицина қызметкері пайда табу мақсатында өзіне әдейі жұқтырмайтынына Сізді сендіргіміз келеді. Бұл – абсурд!», – дейді. Олар тек әділдікті қалап отырғандарын әрі денсаулықтарын қалпына келтіру мен еңбек ету қабілетін жоғалтқаны үшін шығынды кім төлейтінін білгісі келеді.Министрлік не дейді?
Осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріпке қоңырау шалдық. «Өкінішке қарай, елімізде 900-ден аса дәрігер мен медицина қызметкері коронавирус жұқтырып алды. Оның жартысынан көбі аурухана, емханаларда жұқтырған. Бізде бір жарым ай бұрын бас санитардың қаулысына сай медициналық мекемелерде карантин жарияланған еді. Карантин жарияланғаннан кейін емхана, ауруханаларда сақтық шаралары күшейтілуі тиіс. Қауіпсіздік шараларын қадағалайтын жергілікті бас дәрігер мен басшылық. Әр медициналық мекеме кез келген аурудың ошағы болып саналады. Сол себепті сақтық шаралары екі есе күшейтілуі тиіс. Өкінішке қарай, Алматыдағы орталық қалалық клиникалық аурухана инфекция ошағына айналып, көп дәрігерлер инфекция жұқтырып алды. Оның ішінде, тіпті буфет қызметкері де бар. Бұл нені білдіреді? Демек, ол жерде инфекцияның таралуы үдеп кеткен. Яғни, сақтық шаралары дұрыс сақталмаған. Тек дәрігерлер емес, буфет қызметкерінің инфекция жұқтыруының өзі сақтық шарасын ұстанбағаннан тіркеліп отыр. Дәрігер науқастармен қарым-қатынас жасайды, сыртқа шығады, бөлімшелерді аралайды. Сөйтіп, вирус бір-біріне жедел тарап кеткен. Ал қауіпсіздік киімімен жабдықтайтын жергілікті басшылық болуы керек. Бұл – бір. Арнайы инфекциялық ауруханалардағы жұмыс мүлдем басқа. Олардың жұмысы тіптен ауыр. Қорғаныс киімінің өзі үш-төрт қабаттан тұрады. Бетперде, көзілдірік, қолғап киіп алып, 68 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Бұл ауа арқылы жұғатын дерт болғандықтан олар да ауырып қалып жатыр. Сол себепті 2 миллион теңге мөлшеріндегі сақтандыру төлемі соларға тиесілі болған», – дейді. Сонымен қатар ол қазір мелицина қызметкерлерінен арыз-шағым көбейіп кеткенін, соған байланысты кейін министр Елжан Біртанов арнайы қадағалауға алғанын айтты. Министрдің 9 сәуірдегі бұйрығына сай әр қалада жергілікті комиссия құрылатын болыпты. Ол комиссияның құрамына әкімдік, жергілікті денсаулық сақтау басқармасы өкілдері, аймақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын департамент өкілдері, Nur Otan партиясы өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, дәрігерлер құқығын қорғайтын ұйымдар, зиялы қауым, қоғам белсенділері енеді. «Қазір Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханада эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр. «Вирус қайдан келді, кім жұқтырды, қалай жұқты?» деген сауалдар бойынша тексеріс жүргізілуде. Осы тексерістің нәтижелері арнайы комиссияға беріледі. Комиссия инфекция жұқтырған дәрігерге, медицина қызметкеріне қатысты шешім шығаратын болады. Бұл шешім дәрігер сақтандыру төлемін ала ма, жоқ па, соны да анықтайды. Қазір өтемақы төлеу-төлемеу мәселесі – осы комиссияның құзырында. Әзірге комиссияның шешімін күтейік. Біз дәрігерлердің тез арада сауығып, қатарға қосылуын күтеміз. Олардың әрқайсысы да білікті мамандар. Біз оларды сабыр сақтауға шақырамыз. Қазір бізге төзім, сабыр қажет», – дейді. Дәрігерлердің жанайқайы да, ресми өкілдің де айтқаны орынды. Қоғам тек әділдік орнағанын қалайды. Ендігі үміт – министрлік құрған комиссияда. Егер комиссия әділ шешім шығарса, дәрігер де, министрлік де ұтылмас еді. Күтейік!Гүлзина БЕКТАС