Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың қырыққабатқа сұранысы неге төмендегенін түсіндірді.
Ведомство өнімге сұраныстың азаюына карантин мен экспорттық-импорттық қатынастардың шектелуі, сондай-ақ супермаркет, дүкендердің, базарлардың, мейрамханалар мен басқа да сауда орындарының жабылуы себеп деп отыр.
АШМ-ның түсіндіруінше, Қазақстан еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өнімнің ішкі нарықта жетіспеушілігінен сақтанып бастапқыда қырыққабат, пияз және сәбіз сияқты көкөністерді экспорттауға тыйым салған. Ескі дақыл қорының аз болып, былтырдан қалған қорды жаңа өнім алу кезеңіне дейін жеткізу қажет болды. Сондай-ақ бұл шешім ішкі өнімдердің шетелге жаппай шығарылуына да байланысты қабылданған.
«Бұйрық 11 күн ғана әрекет етті. 2 сәуірден бастап тыйым алынып тасталып, шаруалар белгіленген квоталар шеңберінде қырыққабат, пияз және сәбізді экспорттауға мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде 4 мың тоннаға жуық қырыққабат экспортталды. Фитосанитарлық сертификаттар уақытылы берілді, өтінім бергендерге ешқандай кедергі болған жоқ. Өңірлік тұрақтандыру қорлары ішкі тұтынуға қажетті көлемді сатып алғаннан кейін, 14 сәуірде шектеулер толығымен алынып тасталды. Тыйым алынып тасталғаннан соң, 20 мың тоннадай қырыққабаттың 971 экспорттық сертификаты берілді. Биылғы жылы қырыққабатты жаппай жинау 10 сәуірде басталды. Осылайша, елдің оңтүстігі жаңа өнімге қол жеткізген соң, Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық тыйым салулар туралы бұйрықтың күшін жойды»,– деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетсек, бұған дейін өнімін өткізе алмаған түркістандық шаруалардың қырыққабатын өзге аймақтар бөліп алып, мәселе шешілгендей болған.
Бірақ өткен үкімет отырысында өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев мәселені тағы қозғады.
«Ресейдің сұранысы бірден төмендеп кетті. Еліміздің басқа облыстарымен келісімге қол қойсақ та, олар біздің өнімді алмай жатыр. Қырыққабатты өткізу үшін үкіметтен көмек сұраймыз», – деген болатын үкімет отырысына онлайн режимде қатысқан өңір әкімі.