Шымкенттік азамат Тимур Пакті сегіз қырлы, бір сырлы десек, артық айтқандық болмас. Қазақ қызымен бас қосқан Тимур бүгінде 2 ұл-қыздың әкесі. Қазақ тілін еркін меңгерген ол Қазақстанның өркендеуіне барынша үлес қосуды мақсат тұтқан.
Шымкент қаласындағы №88 мектепте балаларға денешынықтыру пәнінен сабақ беретін Тимурдың қоғамдық жұмыстарға белсене араласатынын айтпағанның өзінде ол спортқа да, өнерге де жақын. Өткен жылы қалада өткен «Үздік денешынықтыру мұғалімі» байқауынан бас жүлдені иемденген. Ал өлеңді мәнерлеп оқу сайыстарына мектеп жасынан қатысады екен. Абай өлеңдерін оқу бойынша облыстық байқаудан республикаға жолдама алған Тимур Рейдер қаласында өткен республикалық байқауда бас жүлдені иемденіп қайтады. Кәріс жігіті әскерде де үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, марапаттарға да жиі ілінетін. Бойындағы бұл қасиеттерін палуан болған әкесінен, шахмат пен бильярдтан алдына жан салмайтын, гитарамен ән айтатын атасынан дарығанын айтады.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында туып-өскен Тимурдың атасы қуғын-сүргін жылдары осы аймақты паналап көшіп келген екен. Құшағын айқара ашқан қазақ халқымен тіршілігі біте қайнасып, туыстай болып кеткен олар жергілікті қазақтармен қыз алысып, қыз берісіп, құда-жегжат арттырған. Бір жылдары Корея мемлекеті өз ұлтының азаматтарын еліне шақырғанда бұл отбасы отанына оралудан бас тартыпты. Себебі өмір салты өте ұқсас, қонақжай қазақ елін қимайды. «Өзім ислам дінін қабылдадым. 5 уақыт намазымды қаза етпеймін. Жалпы, екі елдің дәстүрінде көптеген ұқсастық бар. Мәселен, бізде бала 1 жасқа толғанда міндетті түрде атап өту салты бар. Онда сіздер сияқты баланың алдына кітап, қаламсап, ақша, көліктің кілтін қоямыз. Сәби қайсысын алса, келешекте сондай болады деген ырым бар. Одан бөлек, үлкенді сыйлау сияқты кішіпейілділік, қонақжайлылық та екі елге тән қасиеттер», – дейді Тимур бізбен әңгімесінде.
Тимурдың қарындасы Сабина да Түркістан облысы бойынша корей этномәдени бірлестігінің мүшесі. Ал Тимур Шымкент қалалық этномәдени бірлестігі Жастар қанатының төрағасы. «Туыстарымызбен арагідік өз тілімізде сөйлескеніміз болмаса, көбіне отбасымызда қазақша сөйлесеміз. Балаларыма корей тілін өзім үйретіп отырамын. Бізге кішкентайымызда әжеміз үйрететін», – дейді тағы бірде ол.
Тимур былтыр Президент сайлауы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілінің қатарында болған. Белсенді жұмысы үшін Мемлекет басшысының атынан алғысхат алды.
Алғашқы еңбек жолын Алматы облысы Қаракемерде бастаған ол бүгінде Шымкенттегі №88 мектепте белсенді ұстаздың бірі. Мектеп директоры Алима Маликова үнемі қолдап, жарыстардан қалдырмауға тырысады. «Анамдай болып кеткен Алима Амангелдіқызына ризашылығым шексіз. Қай кезде болмасын, қолдау білдіріп, жарыстардан жүлделі орындармен қайтуыма тілекші болып отырады. Жалпы, ешкімді жатырқамайтын, қонақжай қазақ халқына алғысым зор. Елімізге енген жаман індеттен аман-есен құтылып шығайық, ешкім зардап шекпесен деп тілейміз», – дейді Тимур Пак.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы