Келешегі кемел «Қамқор»
Келешегі кемел «Қамқор»
178
оқылды

Қазіргі кезде елімізде мемлекет қолдауымен ашқан кәсібінің жемісін жеп, ісін өрге бастырған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар алға қадам басу үшін мемлекетке арқа сүйейді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы қолдауға қол жеткізген шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіріп, қызмет көрсету аясы да, жұмыспен қамту ісі де қарқын ала түседі. Сондай мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жанды көмегі нәтижесінде табыс биігінен көрініп отырғандардың бірі – Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы «Қамқор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тігін цехы ретінде елге қызмет көрсетіп келген екі қа­бат­ты ғимаратты жекешелендіріп, кәсіпкерлікке қадам басқан Людмила Цой жаңа серіктестік атын қалай атаймыз деп талқыла­ған сәтте есіне қазақтың «Қам­қор» деген қайырымдылық пен қамқорлықты білдіретін жүрекке жылы сөзін таңдайды. Өйткені, жұмыссыздық белең алған шақта әріптестеріне қамқор болып, отба­сын асырауына ықпалын тигізгісі келді сол кезде.

Людмила Цойдың сол бір қиын-қыстау жылдарда бастап, уақыт өте келе аяғынан тік тұрғызған кәсібін бүгінде қызы Наталья Ким табысты жалғас­тырып отыр. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» жадында ұста­ған ол анасынан көрген-білгенін, үйренгенін серіктестікті дамыту жолында тиімді қолданып келеді. Ол жұрттың жүрегіне жол тауып, қалауынан шыққан қызмет түрлерін арттыруды мақсат етіп, 2016 жылы «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» мемлекеттік бағдар­ламасы бойынша небәрі 4 па­йыздық мөлшерлемемен 7 млн 100 мың теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражатқа ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізіп, құрал-жабдықтарды жа­ңалады. Соның арқасында киім тігісі де, тауар сапасы да жақсара түскенін қазіргі кезде сұраныстың артып отырғанынан байқауға болады.

«Қамқор» кәсіпорнында негі­зінен сырт киімдер тігіледі. Көлемі 654 шаршы метр болатын ғимараттың бірінші қабатынан дәмхана да ашты. Шикізат алуға қосымша қаржы қажет болып, тағы да мемлекет көмегіне жүгінді. 2017 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бас­тау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7 пайыздық мөлшерле­ме­мен 3 млн 300 мың теңге қара­жат алып, оқушылар киетін бірыңғай мектеп формасын тігуге кірісті. Осы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла­масы арқылы 21 млн теңге көле­міндегі кезекті несиеге қол жет­кізіп, ғимараттың екінші қаба­тынан мейрамхана мен караоке-бар ашты. Қазіргі кезде серік­тес­тік 14 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Көпшілікке тез дайындалатын фаст-фуд өнім­дері, донер-бургер, кәріс, жапон асханасы тағамдарын ұсынады.

Жастығына қарамастан ата-ананың аманаттаған кәсібін іскерлікпен басқарып, табыс та­уып отырған ол мемлекет көмегін айқын сезінетіндігін жасыр­май­ды. Әсіресе, «Атамекен» кә­сіп­керлер палатасының қай кезде болмасын көмек қолын созуға дайын тұратындығына шынайы разылығын білдіреді.


«Егер «Атамекен» арқылы жасалып отырған мемлекеттік қолдау болмағанда, бүгінгі биі­гімізге жете алмас едік. Кәсіпкер­лер палатасы бизнес жүргізудің әліппесінен бастап, оның барлық қыры мен сырын оқытып, үйре­тіп қана қоймай, қажетті заң­гер­лік көмекті де дер кезінде көрсе­теді. Әрбір талпынысы­мызды қуана құптап, жеңілдікпен несие алуға керекті құжаттарымызды әзірлеуге, өткізуге де әрдайым қолұшын береді. Біз несие аларда таңдаған мемлекеттік бағдар­ла­маның басқалардан артықшы­лығына, пайыздық мөлшерле­ме­сіне мұқият зерттеу жүргіземіз. Осы кезде тағы да кәсіпкерлер па­­латасына жүгінеміз. Ондағылар бірде-бір рет талпынысымыздың бетін қайтарған емес. Мүмкін бол­­ған қолдаудың барлығын жасады.

Көп адам «Атамекен» арқылы насихатталып жатқан мемле­кеттік бағдарламаларға, пала­таның жобаларына сенімсіздік­пен қарайды. Оларға айтарымыз, бизнес бастау үшін ақыл-кеңесті кездейсоқ жандардан емес, кә­сіпкерлер палатасынан алыңыз­дар. Ондағылар барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қолдаудан кенде қылмайды. Әрине, қазір біреуден қарыз алсаңыз да тегін бере салмайды ғой. Сондықтан мемлекет қолдауының да қайта­рымы болуға тиістігін ұмытпаған абзал», – дейді үштөбеліктердің көңілінен шыққан кәсіпорынға жетекшілік етіп отырған Наталья.

Жоғарыда айтқанымыздай, әр жыл өзінің жаңалығын әкеліп, кәсіпорын қызметтің жаңа түр­лерін көрсете бастады. Өндірістік орындарды да жалға береді. Ме­рекеге орай мейрамхана мен сал­танат сарайларының залда­рын безендіруді де атқарады. Таяуда тігін цехына қажетті ши­кізат алу, тауар айналымы үшін «Кәсіпкер әйел» бағдар­ламасы бойынша 6 пайыздық несие алуды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын жыл сайын үздік тауарлар көрмелеріне, түрлі байқауларға қатысады. Әдемі де әсем сырт киімдері, адамдарға көрсетілетін сапалы қызметтері, тұрақты дамуының арқасында 2016 жылы еліміздегі ең таңдаулы көшбасшы кәсіпорындар қата­рына қосылды.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы