Сүт өнімдеріне сұраныс бар ма?
Сүт өнімдеріне сұраныс бар ма?
368
оқылды

Басқа-басқа дәл Қазақстан сүттен тарықпауы тиіс еді. Ежелгі ертегілерді оқысақ та, өткен ғасырдағы деректерге көз жүгіртсек те желіні сыздаған сиыр туралы суреттеулерге жиі тап боламыз. Қазақ құрт пен май алып, ірімшік пен қауынқақты күнге жайып сүт өнімдерін қалай алудың бабын жақсы білген. Алайда қазіргі жағдай дәл сол кездегідей – бабы келіскен, бақуатты деп айтуға келмейді. Әрине, сиырды, жылқы мен түйені жайып, жем-шөбін әзірлеп, сүтін сауып, онысын сатып, не ішіп жарып отырғандар баршылық. Бірақ көп емес. Былай айтқанда ауыл шаруашылығы бізде әлі күнге заманға бейімделе алмай отыр. Осының кесірінен сүт өнімдері өзіміздің нарықты қамти алатын емес.

Дәл қазіргі сәтте сүт секторы елі­міздің ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі бойынша екінші позицияда екен. 2019 жылдың ақпан айындағы дерек бойынша сүт пен қаймақты сырт елдерге сату көлемі 48 пайызға өскен. Былай, көрсеткіштер аса жаман емес. Қазақстандық өндіріс сүт пен кілегейді де, тәтті йогурт пен айранды да өндіріп жатыр. Қызығы сол елімізде өндіріліп шығатын сүт өнімдерінің тек 30 пайызы ғана өзіміздің сиырлардың сүтінен жа­салады екен. Кәсіпкерлердің айтуын­ша, шикізат сапасының нашар болуы да өнімділіктің арта түсуіне кедергі болып отыр. Әйтпесе, біздің өнімдер шетелдік өнімдерден еш кем түспейді. Тек сүт сапасының көңілден шықпауы және шикізаттың тапшылығы көп нәрсеге қолбайлау болып отыр. Сүт өндірушілер одағының тең төрайымы Аида Сапарғазинаның айтуынша, еліміздегі сүт сапасының бұзылуына бірінші кезекте өзіміздің өндірушілер кінәлі екен. Бұл оймен сүт өнімдері нарығындағы танымал кәсіпкер Ерлан Әшім де келіседі.

– Алғашқы сауылған сүт сапалы болады. Алайда оны құятын ыдыс сапасы, қанша уақыт сақталуы және бір жерге жинау мен тасу мәселесі кезінде бүлдіріп аламыз. Бұл да өнім сапасына әсерін тигізеді. Көптеген өнімдердің алыс ауылдардан жиналуы да оның құнының қымбаттауына әкеліп соғады. Сонымен қатар жануарлар әркез тұрақты өнім бере бермейді. Бұл да бір фактор, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бізде сүтке қосылатын ұнтақтың 90 пайызы шет мемлекеттерден әкелінеді екен. Ал қыста сүт бағасы тым шарықтап кеткендіктен, кәсіпкерлер ағарғанды шаруалардан 130-135 теңгеден сатып алуға мәжбүр. Жалпы, сүт саласындағы күрмеулі мәселелерді шешу оңайға соқпайтын түрі бар. Түйін тарқатылуы үшін көп шаруа шешілуі керек. Оның ішінде – сүт өндіретін шаруашылықтар қатарын көбейту, сүттен құрғақ ұнтақ жасап шығаратын зауыттар салу мәселесі алдыңғы қатарда.

Белгілі экономист Санат Құрман­ғалиевтің сөзіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл әрине аз цифр емес. Шындап келгенде осыншама өнімнің өзі-ақ Қазақстан халқын жарылқап тастауы керек еді. Соған қарамастан жылдан-жылға импорт көлемі өсіп бара жатыр. 2011 жылғы дерек бойынша, құрғақ сүттің импортының өзі 24 664 тон­наны құраған. Бұл дегеніңіз ша­мамен 90 пайыздық көрсеткішке тең. Бұл жағдайда қоюлатылған сүт – 75, ал сыр мен ірімшік 59 пайызға тең. Содан бері сегіз жыл өткеніне қарамастан жағдайдың өзгергені шамалы. Сүт одағының мәлімдеуінше, мәселенің шешімі қайта өңдеу зауыттарының іске қосылуы болмақ. Сүт одағының басшысы Владимир Кожевниковтің айтуынша, еліміздегі сүттің 78 пайызы жеке шаруашылықтарда өндіріледі. Бірақ соны өңдейтін зауыт тапшы.

– Бұл түйінді шешудің меніңше, екі жолы бар. Біріншісі – сүт өндірісін өнеркәсіптік негізге ауыстыру, яғни ірі, орта және шағын сүт-тауарлы фермала­рын салу. Екіншісі – барлық жеке ша­руа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру. Біздің ойымызша, бірінші нұсқа тиімдірек. Себебі, шаруа қожа­лық­тары еліміздің әр түкпірінде ор­наласқан. Оларды байланыстыру үшін үлкен деңгейдегі логистикалық шы­ғындар керек. Сондықтан сүт-тауарлы фермаларын құру маңызды. Біз бұл жобаны «Сүт өндірісін және қайта өңдеуді дамыту» деген атаумен ұсынып қойдық. Бағдарлама он жылға есеп­телген, – дейді ол.

Кәсіпкерлердің айтуын­ша, шикізат сапасының нашар болуы да өнімділіктің арта түсуіне кедергі болып отыр. Әйтпесе, біздің өнімдер шетелдік өнімдерден еш кем түспейді. Тек сүт сапасының көңілден шықпауы және шикізаттың тапшылығы көп нәрсеге қолбайлау болып отыр. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, қазақстандық сүт өндірушілер соңғы кезде нарықтағы сұраныстарды кеңінен қамтуға кіріс­кен. Осылайша, 2018 жылдың қаңтар-шілде айларында импортты жеңуге біраз мүмкіндік те алған. Нәтижесінде, осы уақыт аралығында сырттан сүт са­тып алу көрсеткіші 44,5 пайызға азайып­ты. Алайда сүт одағы мұны қа­лыпты жағдай деп санайды. «Еліміздің әрбір аймағында өз қаласын, өз облы­сын сүтпен қамтып отырған өндіру­ші­лер бар. Бірақ оларды Қазақстан дең­гейінде бәсекеге қабілетті деп айтуға келмейді. Шикізатқа қойылатын та­лап­тар артқан кезде нарықта тек күш­ті­лері ғана қалады. Сол себепті, мем­лекет тарапынан сүт сапасын жақ­сартуға деген шаралар қажет-ақ», – дейді Владимир Кожевников. Расымен, қазір Қазақстан жыл сайын 5 миллион тонна сүт өндіргеніне қарамастан, соның 27 пайызын ғана өңдеуге қауқарлы. 77 пайыз шикізатты отандық өндірушілер шеттен сатып алып отыр. Әсіресе, қыс мезгілінде шикізат елі­мізде тіптен азайып кетеді екен. Сүт өнімділігі қыс айларында 4-8 литр аралығында ғана болады. Әрине, дәл мұндай жағдайда экспорттың да көсе­гесі көгермейді. Қазір көбіне біздің сол­түстік және шығыс облыстар бір­тіндеп Ресей нарығына өнімдерін тасы­малдап жүр. Дегенмен көрші елдегі бәсекелестік тіпті жоғары. Сондықтан мұны қандай да бір жетістік деп ба­ғалауға келмес. Елдегі шикізат бағасы­ның қымбат болуы да экспортқа кедергі жасап тұрған секілді. «Егер бізде баға төмен болса басымдыққа ие болушы едік. Оның үстіне сапа мәселесі де жиі алаңдатады. Сондықтан алдымен түйінді мәселелерді шешкеннен кейін барып экспортқа көңіл бөлу керек», – дейді Сүт одағының басшылығы.

Қазір бізде сүт өнімдерінің қай-қайсынан болмасын импорт көлемі басым тұр. Қазақстан бұл күндері йогурт, айран, өңделген сұйық сүт, кілегей, сары май, сыр мен ірімшікті де сырттан тасиды. Әрине, дәл осы өнімдерді бізден де сатып алатын елдер бар. Бірақ ешқашан экспорт көлемі импорттан жоғары тұрып көрген емес. Осы саланың маманы Ғани Қалиевтің сөзінше, біздегі малдың көп бөлігінің жеке қолда болуы да өнімнің артуына кедергі. «Жеке қолдағы малмен сүт нарығын сапалы етеміз деу қиын. Сол себепті, оларды алдымен ортақ бірлес­тікке біріктіріп, арнайы кластер құру керек» дейді ол. Дегенмен алдағы бір-екі жылдықта да жағдайдың түзеле қоюы қиындау секілді. Себебі, 2020 жыл­ға таман қазақстандық сүт зауыт­тары шикізат тапшылығына ұшырауы мүмкін. Жыл сайын елімізде өндірілетін 5 миллион тонна сүт қайта өңдеу зауыт­тарын аузы-мұрнынан шығарып тол­тыруға толық жеткілікті. Алайда өң­деуге түсетін 50 пайыз сүт Кеден одағы­ның техникалық талаптарына сай кел­мейді екен. Зауыттар сүттің көп бө­лі­гін ірі сүт фермаларынан емес, жеке­леген шаруа­шылықтардан алып отыр.

Егер шаруа дәл бұлай шатқаяқтап кете берер болса, нарықтағы сүт бағасы біржола қымбаттап, сапа жағынан біраз өнім пайдалануға жарамсыз болып қалуы да мүмкін. Сүт шикізатын ой­лау­мен ғана шектелу әрине, өте тар ұғым. Мал басын көбейту, шаруа қожалық­тарын біріктіру, ірі фермалар санын көбейту, оларды ортақ жүйемен басқару, сүт сапасын нашарлатпау жолдарын ойластыру... алда атқарылар шаруа көп. Біз мұны еңсере аламыз ба, жоқ па, бұл уақыттың еншісінде.