Алдын ала болжам бойынша, 1 600 000 адам коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.
«Көмек қағидада көрсетілген санаттарға жататын, коммуналдық қызмет көрсетушілермен өз атынан келісімшарт жасаған және карантин енгізілген елді мекенде тұратын адамдардың барлығына көрсетіледі. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, мемлекеттік және қоғамдық қызметін, әскери борышын өтіп жүрген кезде қаза тапқан адамдардың отбасы мүшелерінің бірінің қызмет көрсетушілермен шарты болуы тиіс», - дейді құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов.
Оның айтуынша, коммуналдық қызметтер үшін төлейтін қызметақы 30 мыңнан аз болса, артылған ақша келесі айдың коммуналдық қызметтеріне төленеді.
«Бұдан басқа, бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген санаттарға жататын адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне коммуналдық қызмет шығынын өтеу жөнінде өзгеріс енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Егер осы көмекті алуға құқылы адам пәтер жалдап тұрса, әкімдік оларға коммуналдық қызметтерді төлеу мүмкіндігін қарастырады. Алдын ала болжам бойынша, 1 600 000 адам осындай көмек түрін алады», - дейді ол.