Жамбылдық өнертапқыш өзі ойлап тапқан жобасына араша сұрайды. Шу ауданы Қонаев ауылының тұрғыны Мейя Тасиковтың италиялық Lamborghini көлігінің баламасын қолдан жасап шығарғанын өткен жылы БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын. Алайда өнертапқыш содан бері көлігін кәдеге жарата алмай отыр.
Мейяның айтуынша, көшеге айдап шықса тәртіп сақшылары тоқтатып, қозғалысын шектейді екен. Оған себеп – көлік құжаттарының заңдаспауы.
– Мен бала кезден радиотехникаға қызығып өстім. Кейіннен техникалық училищені оқып, бұйымдар құрастыруға машықтандым. Осы білімімнің арқасында өткен жылы Lamborghini көлігін құрастырып шығардым. Оған қажетті материалды трактор, комбайн сынды ескі техникалардан жинадым. Қозғалтқышын спорттық автомобильден алдым. Осылайша, құрастырып шыққан көлігімді қазір айдай алмай отырмын. Жол сақшылары көлігімді Тараз қаласына немесе Нұр-Сұлтанға жеткізіп, рәсімдеу қажетін айтады. Өзім заң мен құжатқа жоқ адам болғандықтан жобамды патенттеу жағын да түсінбей отырмын. Егер осыған қол ұшын беретін адамдар болса, ойымда жүрген идеялардың бәрін жүзеге асырар едім, – дейді өнертапқыш.
Мейяның бұл сөзінің жаны бар. Себебі 2000 жылдары аудандарға электр жарығы толықтай жетпей жатқан кезде ол жел электрстансасын қолдан жасап шығарған. Алайда кейіннен салық мекемесінен адамдар келіп, түрлі құжаттарды талап еткеннен кейін онысын бұзып тастаған. Ол аз десеңіз, өнертапқыш кәдімгі тікұшақты да құрастырған. Алайда оның бұл әрекеті заңсыз екенін алға тартып, жолына бөгет болғандар көп болған көрінеді. Міне, осындай тума талант Жамбыл өңірінде лайықты қолдау көрмей отыр. Мейядай құрастырушылар аймаққа ғана емес, елімізге де ауадай қажет екенін ескерсек, бұл азаматқа билік өкілдері назар аударғаны абзал. Тарих беттеріне үңілсек, атақты Михаил Калашников та автоматтың алғашқы нұсқасын қарапайым цехта жасап шығарған жоқ па еді? Кейіннен оның жобасы жан-жақты қолдау тауып, қазір оның есімімен қатар қаруы да аңызға айналып отыр. Сондықтан Мейяның да талабы мен туындыларына көңіл аудару қажет. Кім біледі, бәлкім ертең қолдау болса осы азамат әлемде жоқ бір құрылғы ойлап табар. Бұл мүмкін екенін бүгінде өмірдің өзі көрсетіп отыр...