2020 жыл еліміз үшін ұлт руханиятында маңызды мерекелермен есте қалмақ. Сондай атаулы оқиғаның бірі – еліміздегі бірлік пен берекенің ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы.
Бүгін қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған осы бір құрылымның пайда болуы саяси-әлеуметтік қажеттіліктен туындады. 1992 жылы ел тәуелсіздігінің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының алғашқы форумында Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет ұсынған мұндай институт саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету керек болатын. Осылайша, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекет басшысының жанындағы консультативті кеңесші орган дүниеге келді.
Өткен жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйымдастырушы әлеуеті толасты. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея Елбасы төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.
Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда тікелей Елбасының бастамасымен құрылған, әуелде Қазақстан халықтары Ассамблеясы аталған құрылымның рөлі зор болды. Жаңа құрылған институттың мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді нығайту болды.
Мемлекетті құрушы қазақ ұлтының айналасына шоғырланған түрлі этнос өкілдері Ассамблея арқылы рухани тұрғыда қайта түледі. Оның 25 жылдық тарихы жетістікке жету жолындағы қиын да қауырт еңбек жолынан өрілді. Тарихтың осынау кезеңдегі парақтарында әр өңірдегі түрлі ұлыстардың үйлесімділігі, тату тіршілігі, тәуелсіз елімізді көркейтудегі ерен еңбегі жазылды.
Әлемдегі әр мемлекет ұлттық болмысымен ерекше, рухани құндылығымен бай, татулығымен сәнді, егемендігімен еңселі, тәуелсіздігімен тұғырлы. Қоғамдық келісіммен жалпыұлттық татулықтың бірегей үлгісіне айналған Ассамблеяға бүгіндері ширек ғасыр толып отыр.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Тірліктің сан қилы теперішін басынан өткерген, қай заманда да қиындықтан қайыспаған халқымыз осы сөздің астарына үлкен мағына сыйғызды. Халық бірлігі ғана мемлекеттің негізгі қозғаушы күші бола алатынын дөп басып айтты. Бірліктің рухани негізі мен елдің біртұтастығы, толерантты қарым-қатынас этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыруда азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылына, тиімді диалогына жағдай жасады.
Осы мерейтойға орай, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының бастамасымен, ассамблея өкілдерінің қатысуымен мерекелік шара өтті. Шара барысында өзге ұлт өкілдері қазақ халқының қиын қыстау кезеңдерінде ата-бабаларына қалай жанашырлық танытып, көмек қолдарын созғандарын, отбасылық қамқорлық көрсетіп, қатарға қосқандарын тербеніспен еске алды.
«Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштері қауымдастығының мүшесі Адам Имранұлы Байсаев өзінің, туыстары мен достары, әріптестерінің естеліктерімен бөлісті. Баяндамашы қазіргі жаһандану заманында жастар үшін білім мен рухани толысудың маңыздылығына тоқталды.
Алматы қаласындағы «Арианна» Ауған этномәдени бірлестігінің төрағасы Восток Ахмадулланың Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы, құрылымы, этномәдени орталықтарының қызметі мен «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» идеологиясының мәні туралы баяндамасы қызығушылық тудырды. Баяндамашы студенттерге қазіргі таңдағы толеранттылық, бір-біріне деген достық қарым-қатынас, ең бастысы ұлтаралық келісім мен ұлтаралық қатынастардың маңыздылығына назар аударуға шақырды.
«Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі, профессор Әлия Шарабекқызы Қазақстан тарихының ең бір маңызды кезеңдеріне шолу жасап, Қазақстанға халықтардың депортациясының тарихынан мәліметтер келтірді. Баяндаманың түйіні студенттердің өз елінің тарихын біліп, мақтан етуге негізделді.
Ұлан-ғайыр өлкеде ұлтаралық татулық пен дінаралық төзімділікті сақтауға үлес қосып келе жатқан Ассамблея алдағы уақытта да бірлігімізбен берекенің бастауы болып, тыныштықтың тірегіне айналатынына сенеміз.
Д. БЕЛГІБАЕВ,
Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы,
Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының оқытушысы