«ТМД-2030» стратегиясы әзірленуде
«ТМД-2030» стратегиясы әзірленуде
527
оқылды

Премьер елдеріміз арасындағы екі­жақты қатынастар тұрақты түрде дамып жатқанын атап өтті.

– Біз сауда-экономикалық байланыстардың тереңдей түсуіне баса мән береміз. Көлік инфрақұрылымы мен ортақ шекараның болуын ескергенде, өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары нығайтудың үлкен әлеуеті бар, – деді А.Мамин.

Келіссөздер барысында энергетика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы, әскери-өнеркәсіптік кешенді, көлік-транзит дәліздерін дамытудағы өзара іс-қимыл келешегі тілге тиек етілді.

– Өзара сауда көлемін едәуір арттыруға қол жеткізу туралы ортақ міндет қойылды. Қазақстан бұл міндетті жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салуға әзір, – деді Үкімет жетекшісі.

Ашхабадта Асқар Мамин ТМД Үкіметтерінің басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты. Достастыққа өткен жылдан бері Түркіменстан төрағалық етті.

ТМД ҮБК отырысына Ресей премьері Д.Медведев, Беларусь премьері С.Румас, Әзербайжан премьері Н.Мамедов, Тәжікстан премьері К.Расулзода, Өзбекстан премьері А.Арипов, Армения вице-премьері М.Григорян және Қырғызстан вице-премьері Ж.Разаков та қатысты.

Шағын құрамда олар ТМД-дағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселелерді шешті.

Қазақстан Үкіметінің басшысы интеграцияны дамыту арқылы сапалы өсімді күшейту шараларының қатарында өндірістік қуаттылықтар кооперациясын; көлік-логистика әлеуе­тін арт­тыруды; өзекті цифрлық күн тәр­тібін қалыптастыру, адами капиталды дамыту, инвестициялық ахуалды жақсартуда күш-жігерді біріктіруді атады.

Атқарушы комитетке аталған ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, оларды әзірленіп жатқан ТМД-ны одан ары дамыту тұжырымдамасының және 2030 жылға дейінгі кезеңге ТМД экономикалық дамыту стратегиясының аясында қарастыру ұсынылды.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстың басты тақырыптары инновациялық ынтымақтастықты дамыту, зияткерлік меншік нысандарының құқығын қорғау, көлік-логистикалық және туристік салаларда өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, цифрлық экономиканы дамыту, ғарыш саласында жобаларды іске асыру болды.

ТМД премьерлері саммитінің қорытындысы бойынша үкімет басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. Арасында ТМД елдерінің іргелі зерттеулер саласында мемлекетаралық қатынастарды үйлестіру туралы келісімі; музей ісі саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімі; интеллектуалдық меншік нысандары болған тауарлардың кедендік шекарадан өткізілуіне кедендік бақылау ережелер туралы шешімі және басқалары бар.

Достастықта төрағалық ету Ресейге ауысты. ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысы биылғы күзде Мәскеуде өтеді.