Әуежайда ұрланған миллиардтар
Әуежайда ұрланған миллиардтар
5,189
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының әуежайындағы ұрлық ту­ралы қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Сы­байлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаменті басшысының орынбасары Мэлс Ақылбаев арнайы брифингте мәлімдеді.
– «Астана халықаралық әуе­жайы» АҚ-тың (қазіргі Нұр­сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – ред.) сегіз адамға қатысты қыл­мыстық ісі сотқа жіберілді. Оның ішінде бас­қарманың бұ­рынғы төрағасына немқұрай­лы­лық ісі бойынша және бас есепші мен басқаларына 1,7 миллиард теңгені ысырап ету ісі бойынша іс қозғалды. Заңды тұлғаға 401 миллион теңге шығын өтеліп, мүлкі тәркіленді. Тергеу бары­сында республи­ка­лық деңгейдегі үш адамға қа­тысты бірқатар қылмыс анық­талды, – деді Мэлс Ақылбаев.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қа­ласы әуежайының бас есеп­ші­сіне 1,7 млрд теңгені жымқырды және қаржы-шаруашылық қыз­метіне аудиттік тексеру жүр­гіз­беу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне 16 млн теңге пара ұсынды деген айып та­ғылғаны хабарланды. Екін­шіден, әуежайдың 30-дан астам компанияның шотына іс жү­зінде орындалмаған қызметіне деп 1,7 млрд теңге аударуы бо­йынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Осыған байланысты «Ас­тана ха­лықаралық әуежайы» АҚ бұ­рынғы басқарма төраға­сы жауап­қа тартылып, оның әрекеті немқұрайлылық деп танылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2019 жылдың сә­уірінен бастап елорданың әуежа­йындағы ұзақ жылғы қылмысты тергеумен айналысуда. Бұл іс бойынша «Астана халықаралық әуежайы» АҚ бұрынғы бас есеп­шісі Әлия Бабашева басты кү­дікті деп танылды. Тергеу мәлі­меттеріне сүйенсек, 2019 жыл­дың мамыр айында ұрланған ақшаның келісімшарттары жоқ және орындалмаған жұмыстар үшін жалған шот-фактуралар шығарумен айналысатын 23 фирманың есеп айырысу шот­тарына аударылғаны анықталды.  

Бауыржан БАЗАР