Елордада EXPO халықаралық мамандандырылған көрмесі өткеннен кейінгі өмірде » ұлттық компаниясы өз орнын таба алмағандай. Көрме кешені орнында «Астана» қаржы орталығы ашылды. Көрме салтанаты өткен залдар Нұр-Сұлтан әкімдігінің Nomad City Hall коммуналдық қазыналық кәсіпорнына айналды. Демек, көрме компаниясының ісінде мән қалмаған еді. Бірақ ұлттық компания қызметін жалғастырып жатыр. Тұлыпқа мөңіреген сиырдай көрінбесін деді ме, Үкімет 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен оның «Астана EXPO-2017» атауын «QazExpoCongress ұлттық компаниясы» АҚ етіп өзгертті. Ақпарат құралдарында «EXPO компаниясының бүгінде немен айналысып, ел қаржысын қандай мақсатта шығындап жүргені белгісіз» деген сын айтылып қалды. Ресми мәліметке жүгінсек, ұлттық компания жалпы ауданы 43 220 шаршы метрлік 3 қабатты «Конгресс-Орталық» көпфункционалды, мәдени, ойын-сауық нысанына және «Нұр-Әлем» сферасына иелік етеді екен. Коронавирус, төтенше жағдай және карантин салдарынан бұл екеуі де қажетке жарамай, жабық тұр. Оның үстіне, таяуда қоғамдық талқылауға жылт етіп бір шығарылып, ізінше алып тасталған ұлттық компанияның 2015-2024 жылдарға арналған даму стратегиясына өзгерістер жобасында бұл нысандардың шығынды екені жазылды. Құжатта «көрменің мұрасы – Нұр-Әлем сферасы АҚ-тың стратегиялық тәуекелдері» қатарына жатқызылыпты. Өйткені біріншіден, сфераға келушілер санының аз болуына байланысты кіріс төмендеген. Екіншіден, «орташа чектің», яғни келушілер жұмсайтын ақшаның азаюы нәтижесінде табысы кеміген деседі. Үшіншіден, алып сфераның зақымдануы оны ұстап тұру шығынын арттыра бастаған. Бұдан бөлек, ұлттық компанияға берілген коммерциялық алаңдар жеткіліксіз пайдаланылып, одан түсер кіріс те төмендепті. «Клиенттерді жоғалту салдарынан кірісті жоғалту (бизнес-орталықтың зәкірлік бастамалары мен клиенттері)» деген тәуекел анықталды. Сондай-ақ ірі жалға алушылардың коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдауынан түсетін кіріс те құлдыраған. Бұған қоса, осы активтердің зақымдануына байланысты да шығасылар ұлғайды. Айтпақшы, ел тарихындағы ең қымбат форумның бірі – 2 миллиард 850 миллион теңге бюджет шығынын талап еткен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің конференциясы осы алаңдарда өтуі керек болатын. Сонда аста-төк кіріске кенелетін бе еді? Алайда дағдарысқа орай бюджетті үнемдеу шаралары және пандемия арқасында Қазақстан оны өткізуден бас тартып, ДСҰ-ға дұғай сәлем жолдады. Іс-шара 8-11 маусымға жоспарланған-тын. Жаһандық ұйым оны қай елге көшіретіні жөнінде әзірге шешім қабылдаған жоқ.
Жаңа сала тізгінін ұстауы мүмкін
Ел Үкіметі EXPO ұлттық компаниясын қай салаға бағыттау жөнінде ойласуда. Әйтпесе, бұған дейінгі оған жүктелген «Қазақстанда қаржылық, білім беру, конгресс-көрме, инновациялық қызмет саласында озық тәжірибелерді ілгерілететін қазіргі заманғы іскерлік кеңістік құру» деген міндет нақты нені білдіретіні беймәлім. Осы орайда, QazExpoCongress-тің 2024 жылға дейінгі даму стратегиясына өзгеріс аясында оның миссиясына «сауда инфрақұрылымын дамыту» саласын қосу ұсынылды. Сауда және интергация министрлігі көтерген осы бастаманы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссия 2020 жылғы 23 сәуірдегі отырысында құптап, №14 хаттамасының 3.2-тармағы ретінде бекітіпті. Осылайша, министрлік көрме компаниясын енді «жаңа стратегиялық бағытты – сауда инфрақұрылымын дамытуды» басқарушы компания есебінде дамытпақ ниетте. Осы мақсатта Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде отандық тауар өткізу жүйесі ұйымдастырылмақ. Бұл жүйеге көтерме ауыл шаруашылығы базары кіреді. Олар агроөнеркәсіп кешені өндірушілерінің нарыққа еркін шығуын қамтамасыз етуі, өнімнің сақталуын кепілдендіруі, оны өңдеп, саудаға дайындауды іске асыруы қажет. Осының арқасында ауыл өнімінің сапасы артуы, бағасы арзандауы, дер кезінде тұтынушысымен табысуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі қанша жерден көркем көрсеткіштер, «бай-бақуатты» баяндамалар жариялағанымен бұл салада күйзелістің тереңдей түскені құпия емес. Осының көрінісіндей, әлеуметтік желіде сарапшылардың бірі таратқан дәйек қызу талқылануда. Елордадағы ірі сауда орнында түсірілген фотосуретте картоп сөресі бейнеленіпті. Оның бірінде, яғни әдемі, алыстан көз тартар өнімде «Картофель из Египта. Урожай 2020 года. 338 тенге» деп жазылған. Ал оның қасында екі еседей қымбат отандық өнім жатқан көрінеді: білетіндер қазақстандық картоптың түрі де ұсқынсыз, сапасы да тым нашар екеніне, шіри бастағанына шағымданады. Африкадағы шөл даланы мекен еткен Мысыр елінің ұлан-байтақ даланы қоныстанған қазақты асырап отырғанына жұрт назаланады. Өз кезегінде өндірушілер ірі сауда орындарының сөрелеріне қол жеткізе алмайтынына, алғанның өзінде тым төмен баға ұсынатынына қынжылады. EXPO ұлттық компаниясы қордаланған бұл түйткілдің түйінін қалай тарқатары түсініксіз. «Ауыл шаруашылығы базарларын көтерме-тарату орталықтары (КТО) деп аталатын ірі мамандандырылған орталықтарға біріктіру көзделеді. КТО-лар көпфункционалды инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешен түрінде болып келеді. Олар негізгі бағытына орай сақтаушы, таратушы, сатушы болып бірнеше түрге бөлінеді немесе оның бәрін қоса атқара алады», – деді ведомство.КТО дегенің не?
Сауда және интеграция министрлігі КТО желісін құрмай болмайтынын айтады. Себебі біріншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны қымбат, ол бағаның қалай қалыптасатыны да айқын емес. Егіншілер мен диқандар өте арзанға тапсыратынын айтады. Ал көтерме және бөлшек саудагерлер өндірушілердің өнімі қымбаттағанына сілтейді. Нәтижесінде, Мысырдан әкелінген картоп, Израиль жеткізген құлпынай, Түркиядан тасылған қызанақ, Өзбекстаннан жөнелтілген қияр жергілікті баламасынан әлдеқайда арзан болып шығады. Екіншіден, сектор өндіріс инфрақұрылымы жөнінен тапшылық көруде. Бұл өндірушілер шығынын арттырып, өнімін бәсекеге қабілетсіз етеді. Министрліктің сендіруінше, КТО-лар өнімді өткізудің өңіраралық тиімді арналарын түзеді. Осы орталықтар арқылы өтетін барлық жүк ағыны міндетті түрде цифрландырылады және электронды сауда алаңдарында саудаға қойылады. Яғни, барлық ірі қалада жеміс-көкөністерді де интернет арқылы сатып алуға болады. Әрбір КТО интеграцияланған автоматты ақпараттық жүйемен жабдықталады. Ол әр тауарға 1 паллетке дейінгі дәлдікпен есеп жүргізуге, өнімнің көлемі мен орналасқан жерін қадағалап отыруға мүмкіндік береді деседі. Ұлттық компанияның жаңарған стратегиясы жобасында 2022 жылға қарай КТО салу үшін әкімдердің 24 жер учаскесін іріктеп, АҚ меншігіне беру керегі көрсетілді. Егер бұл жоспар мақұлданып, іске асса, 2024 жылға қарай Қазақстанның әр атырабында 24 КТО бой көтеруі тиіс. Олардың құрылысын 3 кезеңмен жүргізу жоспарланыпты. Жобаны іске асырудың жалпы құны 237,5 миллиард теңгені құрамақ. І кезеңде 9 орталық құрылысын бастау көзделуде, оның ішінде Түркістан облысында – 1, Павлодар және Алматы облыстарында – екі-екіден болады. Республикалық бюджеттен бұған 30 млрд теңге бөлу ұсынылды. II кезеңде бұрын басталғанының құрылысын аяқтау және кемінде тағы 10 орталық құрылысына кірісу қарастырылыпты. Мысалы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында қолға алынбақ. Инвестициялардың жалпы көлемі кемінде 60 млрд теңгені құрайды. III кезеңде даму институттарының 147,5 млрд теңге ақшасын жұмсай отырып, барлық 24 орталықты іске қосу тұспалданды.Енді Үкімет базарком бола ма?
Ел Үкіметі өз отырысында тауарды сүйемелдеу жүйесін құру мәселесін жеке қарады. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, көтерме-тарату орталықтары желісін құру аграрлық өнім бағасын 25%-ға арзандатуға мүмкіндік береді. – Қазақстандық тауарларды сақтау және логистика шығыстары ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу кезінде ауыртпалыққа айналып отыр. Ол қайта бәсекелестік артықшылығымызға айналуы тиіс, – деді Б.Сұлтанов. АШМ мәліметінше, елімізде көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70%, бірқатар өңірде 90%-ға жетеді. Бұл өнімнің қымбаттауына және оны ұзақ мерзім сақталмай, шіруіне алып келеді. Сауда инфрақұрылымы да артта қалған. Бақыт Сұлтановтың ақпарынша, Қазақстанда 750 базар жұмыс істеп тұр, әйтсе де басым бөлігі – 51%-ы жабдықталмаған, төбесі жабылмаған. Базарлардың ешқайсысында тауар ағымын бақылайтын ақпараттық жүйе жоқ. – Қалаларымызда карантин енгізілгенде, зат сатып алғысы келген азаматтар арасында дүрбелең туды. Бұл сауда инфрақұрылымының кенже қалғанын көрсетті. Проблеманы жедел және жүйелі шешу үшін КТО бірыңғай кешенінен тұратын ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылады. Бұл жүйе өндіруші мен тұтынушыны жақындататын жеке экономикалық кластер құрады деді министр Б.Сұлтанов. Бұл ретте ел Үкіметі базарды басқару тізгінін өз қолына алған мемлекеттердің тәжірибесін игергелі отыр. «Мысалы, Францияда 20 көтерме азық-түлік базарының тек біреуі ғана жеке, қалғаны – толығымен немесе ішінара мемлекеттік. Испаниядағы Mercasa көтерме-тарату орталығы да мемлекеттік. Сондай-ақ Варшава ауыл шаруашылығы көтерме базарының 62% акциясы мемлекетке тиесілі», – деді Сауда және интеграция министрлігі. Саудаға бағдарланған, яғни фермерлермен тікелей жұмыс істейтін КТО көтерме базары қаладан 20 шақырым жерде орналаспақ. Ал таратушы КТО қала шетінде салынады. Олардың аумағында кедендік терминалдың болуы жүктерді ресімдеу рәсімін жеделдетеді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіп кешенінің жыл он екі ай бойы елді сапалы өніммен біркелкі қамти алмауына «сауда-логистикалық жүйенің дамымауын» кінәлады. – Әкімдіктер дерегінше, Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 1 млн 908,3 мың тонна болатын 1 249 жеміс-көкөніс және картоп сақтау орны бар, бұл астықты сақтау үшін жеткіліксіз. 2019 жылы 6,7 млн тонна картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз және қызылша алынды. Оны келесі астыққа дейін сақтау үшін шамамен 2,8 млн тонна мамандандырылған сақтау орны қажет, – деді С.Омаров. Елде ТЖ жарияланғанда Үкімет басшысы Асқар Маминге «әр қолға 5 келіден артық күріш пен макарон сатылмасын» деген сөзді ұялмай айтуға тура келді. Мұндай масқараға және дүрбелеңге бұдан былай жол бермеу, халықты азық-түлікпен тұрақты қамту, сауда-логистика инфрақұрылымын өркендету, өнімсіз делдалдарды жою үшін мемлекет базар басқаруға бел буды. Оның арты неге апарарын уақыт көрсетеді.Елдос СЕНБАЙ