Өзбектер не дейді?
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Қазсушар» мекемесінің жауапты мамандары Мақтаарал ауданындағы су тасқыны мәселесін реттеу бойынша Өзбекстан Республикасының Сырдария облысына аттанды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кезекті брифингте мәлімдеді. Қалқамановтың айтуынша, тасқын суды тоқтату бойынша Қазақстаннан барған топ тиісті министрлік өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Суды жіберу жұмыстарын бір жүйеге келтірмек. Атап айтқанда, олар Өзбекстанның су министрі Хамраевпен және Сырдария облысының басшылығымен кездеседі. Жалпы, бұл жағдай екі елдің үкіметі тарапынан талқыланып, шешілмек. Соңғы мәлімет бойынша, бүгінгі күнге дейін ауданға 300 млн текше метрге жуық су келген. «Мұндай көлемдегі су бұрын болмаған. Аудандағы қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені Өзбекстан тарапынан әлі қанша су келетіні белгісіз. Себебі Өзбекстанмен су туралы мәлімет алмасу бір жүйеге келтірілмеген. Кездесу нәтижесін алдағы уақытта хабарлайтын боламыз», – деді Сәкен Қалқаманов.Халыққа көмек көрсетіле бастады
Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай жөніндегі кезекті штаб отырысын өткізіп, халыққа жан-жақты көмек беріп, тұрғындарға үлкен қолдау көрсету керегін атап, оның бес жолын айтты. Көмектің үлкен ауқымда болатынын айтқан ол тиісті сала басшыларына ең алдымен эвакуациялық пункттерге орналасқан халыққа әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу үшін олардың мал саны, жылжымайтын мүлік, жеке бас құжаттарының мәліметін жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ апаттан зардап шеккен тұрғындарды азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер мен қоғамдық қорларды тарту, тұрғын үйлерге келтірілген залалдың мөлшерін есептеу, кәсіпкерлік нысандарға келген залал мөлшерін анықтаужәне бесіншіден, зақым келген автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріне келтірілген зиянның мөлшерін есептеуді қолға алу қажет екеніне тоқталды. «Ауыл шаруашылығы алқаптары мен үй жануарларына келтірілген зиянның мөлшерін есептеп, жетінші тапсырма ретінде қауіп төніп тұрған елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында бөгет жасау жұмыстарын жүргізу қажет», – деді облыс басшысы. Бір қуанарлығы сол қиын кезеңде республика аумағында бір-біріне қолдау көрсетіп, көмек қолын созғандардың алғашқы легі Мақтааралға гуманитарлық көмек жеткізуді бастады. Атап айтқанда,Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 30 тоннадан аса азық-түлік тиелген керуен киелі Тараз қаласынан мақталы Мақтаарал ауданына жетті. Жомарт жандардан жылу жинап, көмекке асыққан жамбылдық кәсіпкерлер 10 тонна ұн, 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 1 тонна қарақұмық, 2 тонна сұйық май, 2 тонна макарон өнімдері мен 5 тонна гигиеналық заттар жөнелтіпті. Бүгінде бас-аяғы 10 миллион теңгеден астам демеушілердің есебінен жиналған көмек топан судан зиян көргендерге үлестіріледі. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров сарқын судан жапа шеккен мақтааралдықтарға мұнымен көмек тоқтап қалмайтынын айтты. Еске сала кетейік, су тасқынының салдарынан қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға қолдау білдіреміз деушілер үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмыс істеп жатыр.5 елді мекенде қауіп сейілді
Мақтаарал ауданының 10 елдімекені қауіпті аймақта орналасқан. Оның 5-уі, яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалса, қалған 5 елді мекенді облыс әкімдігі, облыс Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазсушар» және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлардың көмегімен су басу қаупінен шығарылды. Соның ішінде атап өтетін стратегиялық маңызы зор 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елді мекені қызыл су басудан аман қалды. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде су басу қаупі бар ауылдар, яғни Нұрлы жол елді мекені аумағында, Фирдоуси ауылынан Мырзакентке қарай, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекенінің маңынан бөгеттер тұрғызылған. Сондай-ақ көрші Жетісай ауданында Қоғалы ауылының автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салу арқылы нығайту жұмыстары жүргізілуде.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы