Әскердегі түрме заңы
Әскердегі түрме заңы
227
оқылды
Әскерге шақырылған жас­тар­ға сақа сарбаздардың, тіпті офи­церлердің әлімжеттік жаса­уы – кең тараған кесел. Ол еш­кім­ге таң­сық емес. Масқаралау, азап­тау, бопсалау сынды ауыр сы­н­дар армияда қалыпты құ­бы­лыс­қа айналған. Қазақстанда мұн­дай ақпараттар жиі жа­рия­лан­са да, арнайы статистика жоқ. Жалпы, «дедовшина», яғни әлім­жеттік деген құбылыс сонау Кеңес кезі­нен келе жатыр. Оның бейресми тари­хын да құлағымыз шалды. Екінші дү­ние­жүзілік соғыс жылдары Сталин: «Қызыл армияның 5 млн әскері жауға тойтарыс беруге аздық етеді» депті. Міне, сонда Орталық Комитет жауын­герлер қатарын бұрын сотталған қыл­мыскерлермен толықтырады. Түрмедегі әлдінің әлсізге тізе батыратын әдеті әскерге осылай сіңген деседі. Бір қы­зығы, Кеңес армия­сы кезінде өлім аздау болыпты. Қазір Қазақстанның Қорғаныс ми­нистрлігі жарғыдан тыс қарым-қаты­настарды болдырмау мақсатында ке­шенді профилактикалық шаралар ұдайы өткізілетінін ара-тұра мәлімдеп тұрады. Ведомство жарғыдан тыс қа­рым-қатынаспен күрес тәсілдері ре­тінде әр бөлімшеде сенім телефоны құрылғанын, апта сайын сарбаздардың денесі тек­серілетінін, әскери бөлімдер аумағында тәулік бойына бейнебақылау орнатыл­ғанын, психологтар жұмыс істейтінін алға тартады. Министрліктің дерегіне сүйенсек, 2019 жылы әскердегі құқық­бұ­­зушылық саны 2018 жылмен са­лыстыр­ғанда 17 пайыз төмендеген. Алайда әскери тілші, запастағы полковник Сәдуақас Жұбатов ондай сөздерге күмәнмен қарайды.
– Бүгінде көп казарманың іші-сыртына бейнекамералар қойылған. Дегенмен әскердегі әлімжеттіктің түбі­рімен жойылуына барлық жағдай жа­салған деп айта алмаймыз. Өйткені орын алған кейбір фактілер әскердегі тәртіпке әлі де көңіл аудару керегін аңғартады, – дейді ардагер журналист.
Кей сарапшылардың пікірінше, қар­жы тапшылығы, тәжірибелі, иман­ды офицерлердің аздығы да әлімжеттікті өршітеді. Нақты бақылаудың жоқты­ғынан тәжірибелі сарбаздар «сарыауыз» жастарды жүйелі түрде жәбірлейді, ұрып-соғады, азық-түлігі мен киім-кешегін тартып алады. Ең сорақысы, алғашында әлімжеттіктен жапа шеккен жауынгер кезегі келгенде тура сол қыл­мысты өзі жасайды. Былайша айтқанда, бұрынғы азабы үшін кейінгілерден кек алады. Кек алу дегенде бірнеше қаруласын бір түнде жайратып салған атышулы «Челах ісі» ойға оралады. Әрине, бұл мәселеде жауапсыз қалған сауал көп. Бірақ бір білетініміз – сот-тергеу ма­териалдары бойынша Челахтың мұндай қылмысқа баруына шекарашылар ара­сындағы әлімжеттік себеп болған. Жасыратыны жоқ, әскерге жастар негізінен тек әскери билет үшін барады. Себебі жұмыс берушілер көп жағдайда әскери билет сұрайды. Бұл – ертеден бар шарт. Қалтасы қалыңдар баласын, иә, қалтасы қалыңдар баласын әскерге жібермей, арнаулы кафедрада оқытады. Қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқыттырмайды. Зардап шегетіндер – сол баяғы қарапайым жандар. Ха­лықаралық Human Rights Watch ұйы­мының зерттеуіне сенсек, ТМД елде­рін­де әскерге алынғандардың көбі универ­ситеттерден шығып қалған, тұрмысы нашар отбасыдан шыққан, кезінде бірер ұсақ қылмыспен поли­цияға түскен жас­тар екен. Әскердегі сарбаздардың әлеу­меттік портретін осыдан-ақ бай­қаймыз. Заңгер Қайрат Жүкелдің ойынша, әскери кадрлардың деңгейі бұрынғыдан гөрі төмен. Әлімжеттікті жою қиын, бірақ оны азайтуға болады.
– Кейде сарбаздың өзі кінәлі болуы мүмкін. Қасындағы адамдармен төбе­леседі, содан кейін суицид жасайды. Кейде кінәсіз офицерлерді соттап жата­ды. Бұл да дұрыс емес. Құқық қорғау органдары тергеу жүргізе келе, өлімнің нақты себебін анықтауы керек. Мәселен, Отардағы әскери бөлімде көз жұмған Саян Сатыбаевың ісінде «өлім себебі – суицид» деп нақты жазылып тұр. Оның өзіне қол жұмсағаны әлеу­меттік желіде­гі хабарламаларын тексергенде дәлел­денген. Соның өзінде сарбаздың өліміне сот офицерлерді айыптады, – дейді Қайрат Жүкел.
Иә, әскерге барған жігіттер шыңда­лады, темірдей тәртіпке үйренеді дейді. Әйтсе де, қоғамда орнаған қорқы­ныш­тың салдарынан ата-аналар өз ұлының зорлық-зомбылық құрбаны болғанын қаламайды. Өйткені осы кезге дейін 14 әскери адам суицид жасаған екен. Оның 3-уі әскерге шақырылған, 11-і ке­лісім-шарт бойынша әскери қызме­тін өтеп жүргендер. Сол үшін ата-ана баласын әс­керге жібермеудің барлық амалын қарас­тырады. Жемқорлық деген жегі құрт жайлаған мына заманда әскерге «не годен» атана салу да – оп-оңай шаруа. Әрине, әскердегі әлімжеттікке шы­дамай, өзіне қол жұмсайтындар тек бізде ғана кездеседі деуден аулақпыз. Ондай сұмдық оқиғалар өркениетті елдердің әскерінде де бар. Бірақ бұл дерек өзімізді босқа жұбатып, жауырды жаба тоқуға негіз болмаса керек. Әскерден бас сауғалай қашатын ер-азаматтар ел басына күн туғанда Отаны мен отбасын емес, өздерін қорғай алар ма екен? Жауынгерінің рухы жан­шыл­ған, тауы шағылған, өз әскерін қор­лықта ұстайтын мемлекетте қуатты армия болуы мүмкін бе? Оны Қорғаныс ми­нистр­лігінен сұрау керек шығар.  

 width=   Еркебұлан НҰРЕКЕШ