Армия айбынды болсын десек...
Армия айбынды болсын десек...
233
оқылды
Мамырдың басында әс­ке­­ріміздің айбынын ай­тып, «ерлердің ісін» жыр­­­лап қа­латын әдетіміз бар. Өйт­кені 7 мамырда Қа­зақ­­стан Қарулы Күште­рі­­­нің құрылып, өзіміз әс­кер жасақтағанбыз. Бұл күн­­ді мерекеге айнал­дыр­­­­ғанымыз да содан. Өйт­­­кені армия азаттық ке­­пілі саналатын. Әрі өз әс­­ке­ріңнің болуы халық­тың көңіліне сенім ұя­ла­тады. Дегенмен Отан қор­ғаушылар күні қар­са­ңында елдің қор­ғаныс қабі­ле­тін сараптауға ты­ры­са­тыны­мыз тағы бар. Себе­бі кем-кетігіміз бен артықшылықтары мызды біл­сек деп ой жүгіртеміз. Негізі, елдің қорғаныс қабілеті тек Қарулы Күштердің қуатымен өлшенбейді. Мемлекеттің қауіпсіз­дігіне әсер ететін факторлар жүз­­деп саналуы мүмкін. Жер көле­мінен бастап халық саны, логистика, экономикалық әлеует, теңізге шығатын жолы, әскер жасындағы азаматтар саны, ұрыс бола қалған жағдайда тылдың армияны жабдықтау қабілеті, тіпті халықтың өз әскеріне деген сенімі, ұлттық дүниетанымдағы Отан қорғау ісінің орны дейсіз бе, толып жатқан мәселе бар. Демек, мамырдағы үш мейрамның екіншісінің мән-маңызы кеңірек бола түседі. Алайда біз Қарулы Күш­тердің қазіргі жай-күйіне қатысты бірнеше «ерекшелікке» ғана тоқталғымыз келеді.  

Лобби де, стереотип те сақталды

Әдетте, армия туралы сөз еткенде біздің тарихта бұрын-соңды тұрақты әскер болмағанын айтып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың 1992 жылдың 7 мамырындағы №745 жарлығының айрықша мәніне тоқталатынымыз бар. Сол жарлық шыққалы отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Қазір бұқара армияның құрылғанына емес, оның қуатының қандай екеніне, түрлі қауіп-қатерден елімізді қорғауға қаншалықты қабілетті екеніне назар аударады. Одан бөлек, 7 мамырды бұқараның ген­дерлік сипаттағы мереке ре­тінде қабылдайтыны тағы бар. Яғни, қоғам мерекені 8 наурыздағы әйел­д­ердің халықаралық мереке­сіне жауап ретінде бағалайды. Сөйтіп, мерекелер тізімінде де «ген­дерлік теңдік» бар.Бұл көз­қарас өз кезегінде Қарулы Күш­тер­дің құрылған күнін айрықша мерекелер қатарына қосатын кеңестік кезеңнен келе жатқан көзқарасты да сақтап тұр. Белгілі мөлшерде идеологиясы бар, пат­риоттыққа бастайды деген үмі­ті бар мереке. Іс жүзінде бұл күн әлдеқашан ер-азаматтар күніне айналып кеткен. Бір жағы 23 ақпанның баламасы. Мерекенің өзін осылай бағалаудың әсері ар­мияға деген көзқарасымызды да теріскейдегі көршінің ұстанымы тұрғысынан қалыптастырғанға ұқсайды. Біздің қоғамда еліміздің қорға­ныс қабілетінің жақсы болуын тек Ресеймен одақтас болуға апарып тірейтіндер, техниканың ең үздігі солардыкі деп бағалайтындар көп. Әскерилердің көбінің сондай ұстанымда жүретінін байқау қиын емес. Елімізде қабылданған әскери доктриналардың мәтіндерін Ресей­дің тура сондай құжатымен салыстырсақ, көп айырмашылық байқалмайды. Тек Ресей әскери доктринасында стратегиялық мақсаттағы зымыран әскеріне айрықша бөлім арналады. Ол бізде жоқ. Мәтіндегі РФ мен ҚР сөздері ғана алмасып тұратын еді. Дегенмен 2017 жылғы әске­ри доктринамызда ғана ресей­лік­тердің құжатынан сәл өзгеше мазмұн бар. Ол «гибридті кү­рес» мәселесіне қатысты ұғымдар. Өйткені 2014 жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялау тәсілі гибридтік сипатта еді. Мұны тез түсіндік. Ал құжаттағы өзге ұқ­састық кемі 80 пайыз бо­лар. Мұның өзі әскерилердің жа­һан­ға мәскеулік көзқараспен қарай­ты­нын көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қарулы күштердегі ресейлік лоббиді байқатып қалатыны бар. Он қару-жарақ сатып алу ісінен де байқап қаламыз. Мәселен, 2011 жылы біздің әскерилер орыстың өзі армиясына қабылдамаған БМТП «Терминатор» деген техниканы сатып алып, әскерімізге қосып қойған еді.  

Техника да, тәсіл де ескі

Ақпан мен наурызда жаһандық әскери өнердің тың үлгісіне куә болдық. Дәлірек айтқанда, зама­науи техниканың ХХІ ғасырдағы ұрысқа қандай өзгеріс әкелетінін көрдік. Сол кезде Түркия ар­мия­­сы Сирияның Идлиб айма­ғын­дағы ұрыста пилотсыз ұша­тын құралдарды пайдаланып, қарсы­ласының талай техникасын талқандап тастады. Сөйтіп, ен­дігі ұрыс тек қана алыстан басқа­ры­латын техниканың енші­сіне бұйыратынын көрсетті. Яғни, заманауи техника қарсы­ластың жеріне қалың қол қаптатып, шеп құрудың, ұрыс машиналарын жет­кізудің қажет емес екенін бай­қатты. Бұл оқиғаны жұрт әске­ри өнердегі күрделі өзгеріс деп бағалаған еді. Негізі, әскерилердің мұндай ұстанымға көше бастағаны тек биыл емес. АҚШ 2003 жылдан кейін ұрысқа өз жауынгерлерінің тікелей араласуын тежеп, шайқасқа адамның қатысуын мейлінше азайтуға тырысып келеді. Содан да болар, америкалық әскерилер қанатты зымырандарды, жоғары дәл­дік көрсететін қаруларды пай­далануды ұнататын болып жүр. Әлгі пилотсыз ұшатын құралдарды да олар жиі қолданады. Тек соңғы­сының әскери тәсілдерге түбе­гейлі өзгеріс жасауына Түркияның әрекеті себеп болды. Демек,алдағы күндері дамыған елдер әскерінің негізгі бөлігін жасанды зейін орна­тылған роботтар құрайтын болса, таңғалудың қажеті жоқ сияқты. Ал біз дәл осы тұрғыдан қарастырсақ, көштен қалып бара жатқанға ұқсаймыз. Өйткені біздің армияда заманауи техниканың үлесі көп емес. Рас, кейбір дерек көздеріне қара­ғанда Қазақстан Қарулы Күштері де пилотсыз ұшатын құралдарды пайдаланып жүрсе керек. Бірақ олардың саны қанша екені құпия. Біз тек 2016 жылы Қытайдың Wing Loong деген қон­дырғысын алғанымыздан хабардармыз. Кейбір ашық дерек көздері шағын пилотсыз ұшатын құралдар бар екенін көрсетеді. Алайда армиядағы мұндай құрал­дар саны тым аз екені белгілі жайт. Оның үстіне, әлгі Wing Loong-тан басқасы қаруландыруға жара­майтын, тек барлау мақсатына пайдаланатын техникалар. Демек, пилотсыз ұшатын құралдарымен қамтамасыз ету ісінде біз жаһандық үрдістен 10-15 жылға қалып қой­дық. Одан бөлек, армияны робото­тех­никамен қамтамасыз етуде де олқылықтарымыз көп. Рас, мина тазалайтын, антитеррорлық мақсат үшін пайдаланатын ро­бот­тарымыз бар. Олардың бірқа­тарын өзгеден сатып алсақ, тағы біреулерін өзіміз құрастырып жатырмыз. Мәселен, Robotron Aspandau компаниясының «Қара­құрт» атты әскери роботы өзі­міз­де құрастырылған. Дұшпан мен өз әскерімізді ажырата ала­тын, автономды техника десе­ді мамандар. Бірақ оның да конвейер­лік өндірісі жоқ. Яғни, армияны жарақтандырудағы жаңалықтар ке­шенді емес, жарнамалық сипат­та жүріп жатқанға ұқсайды. Робот бар, пилотсыз ұшу құралы бар, жаңа бронды көлік бар.Алайда олардың жаппай қолданылуы жоқ. Мәселен, Қазақстанда «Арлан» атты бронды көлік жасалғанымен, әскерилер ресейлік, моральдық тұрғыда ескірген БМП-80 көлік­терін сатып алғысы келетіндерін аңғартқан. Сөз басында ресейлік лоб­би туралы айтуымыздың сы­ры осында жатыр. Біздің танк­тері­міз 3+ сыныбына кіретін Т-72Б танктері. Оларды қанша модернизация жасағанмен бе­сін­ші түгілі, төртінші буын тех­никасымен бәсекелесе алмай­ды. Ұшақтардың ішінде 2000 жылдардан кейін зауыттан шық­қан­дары сирек. МиГ-тер де, Су-лар да ескі. Мәс­кеу «сарапшылары» жер-көкке сый­ғызбай мақтайтын МиГ-31-дің біреуі жуырда апатқа ұшырағанын жұрт естіді, көрді. Апатқа ұшыраған тікұшақтар мен ұшақтарды санасақ, жаңылып қалатындай болдық. БТР суға батып сарбаздарымыздан айы­рыл­ған кезіміз де болған. Елор­да­мыздың аспанын қорғап тұрған С-300 зымыран кешендерінің соңғылары 1994-95 жылдары шыққандар. Олар да ескі. Қорғаныс министрлігінің жаңа зениттік зымыран кешендерін сатып алуға тырысып, келіссөз жасап жатқаны жайлы естімеппіз. Тек 2012 жылы С-400 алмақ екен деген бір ақпарат жыл еткен, кейін жым-жырт. Танктердің де жаңасын алу мақсаты бар ма, жоқ па білмейміз. Әйтеуір, модернизация туралы де­рек жиі кездеседі. Ал біздің армиядағы ең жаңа техникалар, бәлкім телекоммуникация мен әскери байланыс құралдары болуы мүмкін. Өйткені оны жасайтын өз кәсіпорындарымыз бар. Әрі ескі құралмен ХХІ ғасырда байланыс орнату мүмкін емес.  

Армиядағы жемқорлықты жоя алмадық

Қазақстан Қарулы Күштерінің қа­білетін айтқанда еске түсе бе­ре­тін тағы бір жайт бар. Ол – жем­қорлық. Өкінішке қарай, отыз жылға жуық уақыт ішінде біз ар­­миядағы жемқорлықты кө­ңіл­­­ден шығатындай деңгейде азай­та алмадық. Былтырғы мәлі­меттерге сенсек, Қорғаныс ми­нистр­лігі жемқорлық жайлаған құрылымдардың ішінде үшінші орында екен. 2019 жылы бұл са­ла­ның 29 қызметкері сотталып­ты. Олардың 20-сы немесе75 па­йы­зы басшылық қызмет атқар­ған­­дар. Ал тәуелсіздік алғаннан бері істі болған генералдар саны 30-ға жуықтаған шығар. Біз 2014 жылға дейін 21 генералдың сотталғанын анықтаған едік. Бұл ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге сүйене отырып жасалған зерттеу болатын. Құпия істер де болуы мүмкін. Сол зерттеуден бері алты жыл өтке­нін ескерсек, сотталған гене­рал­дардың саны кемі 25 болған шығар. Соңғысының үстінен биыл ақпанда іс қозғалды. Біз өзіміздің жеке есебімізге Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің генералдарын қосқан едік. Ең қызығы, істі болғандардың көбіне екі айып тағылады. Сыбай­лас жемқорлық және қызмет бабын асыра пайдалану. Міне, мұның өзі армиядағы жемқорлықтың қандай деңгейде екенін байқатып тұр. Әскерилер арасында армия құ­рылған кезде-ақ оны оңай ақша табудың жолы ретінде қарас­тырғандар болған. 1995-2000 жыл­дары біздің жоғары шенді әскерилердің шетелдерге біраз дүние-мүлік сатып жібергені бар. Айталық, 1999 жылы Солтүстік Кореяға МиГ-21 ұшақтарын са­тып, онымыз әшкере болған. Айдай әлемнің алдында абыройы­мыз төгілген оқиғада елдің бе­де­лін сақтау үшін сол кезде вице-премьер һәм Сыртқы істер министрі қызметін атқарып тұрған Қ.Тоқаев «Тергеу нәтижесі бір топ тұлғаның КХДР-ға ұшақ­тар партиясын жеткізіп, сол үшін америкалық доллармен мол қар­жы алғанын көрсетті... Прези­дент те, Үкімет жетекшілері де ұшақ­тардың аталған елге жеткі­зіл­генін білмеді» деген еді. Бірақ атышулы оқиғадан соң жоғары шенді әскерилер ұсталмай кетті. Тек генерал Б.Ертаевтың ізі­не түскендер болған, бірақ адал офи­цер­лер генералдың жағы­на шы­ғып, оны арандатпақ болған­дар­дың жоспары жүзеге аспаған еді. Жалпы, әскерилердің жемқор­лы­ғы тек МиГ-21-ден бұрын да, кейін де болған, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1995 жылы Ресейдің шығысындағы Хасан шекара бекетінде Алматыдан Пхеньянға бағыт алған эшалон тоқтатылған. Онда зениттік зымы­ран кешендері болыпты. Оны да әскерилер теріскейлік корейлерге сатпақ болса керек. Соны­мен қатар 1994-1996 жыл­дары сол кездегі Югославияға «Игла» және «Стрела» тасымал­данатын зениттік зымыран кешендерін сатыппыз. Ол да заңсыз еді. Бұл деректерден бөлек, израильдік ескі-құсқы техниканы елге әкеліп, онысы іске жарамай ұятты болған офицерлер де кездескен. Тіпті, 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігіндегі жем­қор­лық елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін деңгейге жеткенін ай­тып, кейіген еді. Ал былтыр Арыста жарылған қоймадағы оқ-дәріні жою мақсатында бөлінген қаржының да қолды болғаны анықталған. Шамамен 1,7 млрд теңгені кейбір пысықтар қолды қылыпты. Бәлкім, содан да шығар, бір жыл бұрын Арыстағы ескір­ген оқ-дәрі жарылып, елді дүрліктіргені бар. Айта берсек, армиядағы жемқорлыққа қатысты сансыз дерек келтіруге болады. Бұл да қорғаныс қабілетімізге әсер ететін фактор екені анық.     Түйін:  

Әрине, мейрам қар­са­­ңында еліміздің қорғаныс қабілетін ман­сұқ­тап, бұқараның көңілін тү­сір­гіміз келмейді. Бірақ әске­рі­міз­де мәселе көп екенін айтпасақ, тағы бол­майды. Өйткені салада мә­се­ле аз емес. Келісімшарт әске­рінен бастап, армия мен ха­лық­тың байланысына, тыл қыз­ме­тіне, әскерилердің әлеуметтік жағ­да­йына, бұқараның армияға деген сеніміне дейін сансыз мәселені айтуға болады. Айтып, көрсеткен соң ғана мәселелерді шешу жолда­рын қарастырудың мүмкіндігі туа­­ды. Әйтпесе, мереке кезінде сар­­баздар мен жауынгерлердің қыз­ме­­тін кемсітейік деген ой жоқ.

   

Амангелді ҚҰРМЕТ