Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Бақдәулет Мақашев Сырдария ауданындағы 100 отбасыға көмек көрсетті. Қайырымдылық шарасы Тереңөзек кентінің О.Мәлібаев ықшамауданында және Қалжан ахун ауылдық округінде өтті.
Аталған көмек Nur Otan партиясының #Bizbirgemiz акциясы аясында ұйымдастырылды. Бұл жолғы көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға, оның ішінде ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және көпбалалы аналарға берілді. Үлкен қорап пен пакетке салынған кәрзеңкеде күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктер бар.
– Төтенше жағдай кезінде Қызылорда облысындағы әлеуметтік жағдайы төмен 800-ге жуық отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Сырдария ауданындағы белгілі кәсіпкердің демеушілігімен Тереңөзек кентінің және Қалжан ахун ауылының 100 отбасына қолдау көрсетілді. Осы орайда «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Бақдәулет Мақашевқа Nur Otan партиясының аудандық филиалы төрағасының және партия белсенділерінің атынан ризашылығымызды білдіреміз. Рамазан айында жасаған игі ісі мол сауап болып жазылсын, ниеті қабыл болсын, – деді Nur Otan партиясының Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып.
Қайырымдылық көмекті иеленген көпбалалы ана Айсұлу Байтілеуова жомарт кәсіпкерге алғысын білдірді.
– Елдің бірлігі мен ынтымағы сыналар сәтте қайырымды жандар барымен бөлісуге асығып жатыр. Ел азаматтары осылай елге, халыққа қызмет ете берсін. Біз жаны жомарт, көңілі жайсаң жандарға әрқашан тілекшіміз. Жұмыстары жемісті болсын. Бұрын Бақдәулет Еркінбекұлының игі істерін, қайырымдылық шараларына жасаған қолдауларын аудандық газеттен оқитын едік. Енді, міне өзіміз көмегін сезініп жатырмыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, ниеті қабыл болғай, – деді көпбалалы ана.
Аз қамтамасыз етілген отбасының мүшесі Бауыржан Қоқымбаев та осы тілекке қосылып, риясыз ризашылығын білдірді. Ал Қалжан ахун ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Болат Дүйсенбаев кәсіпкерге ақ батасын берді.
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Бақдәулет Мақашев қайырымдылық шаралары жалғасын таба беретінін айтты. Жұртшылықты төтенше жағдай талаптарын сақтап, карантиндік сақтық шараларын ұстануға шақырды.