7-мамыр – Отан қорғаушылар күні. Отан қорғаушылар күнімен біздің жауынгерлерді, әскери қызметкерлерді, ардагерлерді шын жүректен құттықтаймын.
Бейбіт Қазақстанымызды қорғау – әр қазақтың борышы. Әсіресе, әскер сапында жүрген азаматтарымыздың басты парызы. Біздің Қарулы Күштерімізді, бүгінгі күні біздің эстафетамызды алып келе жатқан жас жауынгерлерді осы мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. 1992 жылы тәуелсіз Қазақстан іргетасын қалап жатқан сәтте біз Қарулы Күштерімізді нығайту жолында біраз қиындықты бастан кешірдік. Ол күндер де артта қалды. Бүгінгідей коронавирус дерті елді алаңдатып тұрған шақта да жас сарбаздарымыз сапқа тұрып, аянбай еңбек етіп жатыр. Еліміз бұл қиындықты да еңсеріп, еңсе тіктеп кетеді деп ойлаймын.
Қазақстан Қарулы Күштерін құруда өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерді де естен шығармауымыз керек. Олар да әлі күнге дейін елдің бейбіт тұрмысы үшін, қауіпсіздігі үшін еңбек етіп келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның ұландары қиындықты бастан кешпесін деп тілеймін. Ел басына ауыр күн тумасын! Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Ел іргесі берік, бейбіт өмір кешейік.