Мақтаарал ауданында су басып жатқан елді мекен тұрғындарына көмек көрсету шараларына Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен техникалары да жұмылдырылған. Құтқарушылар апаттық-құтқару жұмыстарына алғашқы күннен бастап кірісіп кетті.
Олар күн сайын ауданның елді мекендеріндегі судың деңгейіне мониторинг жүргізіп, жергілікті халыққа көмек көрсету үшін су басқан ауылдарды аралайды. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Жеңіс ауылында ірі және ұсақ малды құтқару жұмыстарын жүргізді.
200-ден астам үй орналасқан Өргебас ауылын қайықпен тексеріп, су басқан үйлерден құнды заттар мен құжаттарды алып шығуға көмектесті. Сондай-ақ ауылды су ағысынан қорғау үшін құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп жағалауды бекіту жұмыстарына атсалысуда. Жалпы, 100 қап құм төселген.
Командалық-штабтық машина арқылы олар ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, Түркістан облысының және Шымкент қаласы ТЖ департаментінің басшыларымен байланысын үзбей отыр.
17 адам және 4 бірлік техникасы жұмылдырылған Шымкент қаласының құтқарушылары апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуді жалғастыра береді.
Н.НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы