Арқадағы тұңғыш теміржол техникумы
Арқадағы тұңғыш теміржол техникумы
Фото: Интернеттен алынды
577
оқылды
Ақмола өңірі ертеден-ақ тарихи оқиғалардың бел ортасында болғаны баршамызға аян. Сондықтан да кез келген оқиғаны баяндамас бұрын оның тарихына шолу жасаған жөн. Ғалымдардың пайымдауынша «Ақмола» ғұндар салған «Батыстағы қамал» деген ұғымды білдіреді. Олар тұрпатына, маңыздылығына  қарай бөлінген. Ғылыми деректерге сүйенсек, (ғұндар тілі мен  бүгінгі ұғымға зер салыңыз) «мола»-қорған, «ақ»- күнбатысты, «қара» – солтүстікті, «көк» – күн шығысты, «сары» – орталық дегенді білдірген. Сондай-ақ, ғұндар дүниені төрт бұрыш санаған. «Төрт» сөзі әлемдік төртбұрышты аңғартып, дүниетанымдық қасиетті санға айналған. Бұл түсінік әлі күнге дейін біздің санамызда жалғасып келеді. Ақмола өңіріне әуелі патшалық Ресей қатты қызыққан. Кейінірек бұл саясатты Кеңес үкіметі де жалғастырып,  теміржол салу мәселесін ертеректен қолға алған болатын. Бұл жағдайлар бізге тарихи мұрағаттан белгілі. Бұл мәселе жөнінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы Ұлытауға барған сапарында тарқатып айтқан болатын. «...Кеңес Одағы кезінде барлық теміржолдар солтүстікке Ресейге қаратылып салынды. Ал көлденең жүретін, елді бір-бірімен қатыстыратын жол салынған жоқ. Ол да Кеңес одағының да, Ресейдің де ешқандай жоспарына кірмеді. Енді міне, еліміздің экономикасы ілгерілеп, 500 млрд теңге қаражат бөлінетін жағдайға жеткеннен кейін ғана 1200 шақырымдық темір жол салынып отыр» деген Елбасының сөзі – сол саясаттың дәлелі. Шынында, теміржол қай заманда да ел экономикасының күре тамыры, қала берді мемлекеттің стратегиялық нысаны болған және бола береді.    width=Соғыс аяқталды. Елде халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Ол кезде Ақмола қаласы үлкен торапты станция болды. Соғыстан кейін темір жол торабында еңбек ететін кадрлар тапшылығы қатты сезілді.  Теміржол торабын дамытпай соғыс зардаптарын тез арада қалпына келтіру қиынға соқты. Сол жылдары өндірістен қол үзбей білім беру үрдісі кең етек алды. Ол үшін Стаханов мектептері, қысқа мерзімде жұмысшы кадрлар даярлайтын мектептер ашыла бастады. Дәл осы кезде КСРО қатынас жолдары Халық комиссариатының 1945 жылғы 20 қазандағы бұйрығымен Ақмола темір жол көлігі техникумы ашылды. Осы дата Ақмоладағы тұңғыш темір жол техникумының ресми ашылу күні болып саналады. Ақмола темір жол көлігі техникумы қаладағы алғашқы арнаулы кәсіби техникалық оқу орны болды. Оқу орнының ғимараты бастапқыда  Карл Маркс көшесімен (қазіргі Кенесары) қиылысатын Тетральный көшесі 20, кейіннен Комсомольский  (қазіргі Желтоқсан) көшесінде орналасты. Оқытушылар құрамы теміржол саласының тәжірбиелі мамандары мен әскери өндірістегі қызметкерлерден құралды. Оқу орнының тұңғыш директоры қызметіне генерал-майор Иван Филларионович Шиманский тағайындалды. Бір айта кететін қызықты дүние -темір жол саласындағы оқу орындарының басшылық қызметіне сол кезде негізінен әскери саладан тағайындалатын болған. Бұл үрдіс елімізде жетпісінші жылдардың аяғына дейін сақталып келді. Техникум 1945 жылы мамыр айында қабылдау комиссиясын өткізіп, қазан айында келесі екі мамандық «Қозғалыс және жүк тасымалдау жұмысының технигі», «Паровоз шаруашылығының технигі» бойынша алғашқы 120 студентті қабылдады. 1949 жылы алғашқы 105 түлек ойдағыдай бітіріп шықты. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы кейбір нысандар (ат қоралар) қайтадан жабдықталып, жатақханаларға айналды. Кейбіреулері жаңадан салынды.  Сол заманның өзінде материалдық жағдайы төмен студенттерге мемлекет тарапынан арнайы ақшалай көмек пен  киім-кешек тегін берілді.    width= Сонымен қатар ұстаздар ұжымы да  біліктіліктерін арттыру мақсатында Москваға даярлау курстарына жіберіліп отырды. Техникум сол кезде Орталыққа Москваға тікелей бағынуының арқасында көптеген мәселелері өз пайдасына ұтымды шешіп отырды. Оқу орнының адами және материалдық ресурстарын қалыптастыруда терең із қалдырған басшылардың бірі – Аверкиев Василий Иванович (1946-1965 жылдары техникумды басқарған). В.И. Аверкиев теміржол техникумын 20 жылдай басқарды. Бұл кезеңге соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары тұспа-тұс келді. Теміржол техникумында мамандар даярлауда өзгертулер енгізу қажеттігі туындады. В.И.Аверкиев басқарған жылдары өндірістік тәжірибенің қорытындысымен, білім алушылар тәжірибеден өткен кәсіпорындарына жұмысқа орналасу құқығына ие болды. Алғашқы жылдары техникумда бар болғаны 7 оқытушы қызмет атқарды. В.И.Аверкиевтің өзі де білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында Мәскеудегі директорлар семинарына қатысқан. Одан кейінгі жылдары техникум жақсы қарқынмен дамыды. Бағдарламалық оқыту жүйесі енгізіліп, бағдарламалық оқытудың секциясы ұйымдастырылды. Секцияның құрамына 6 оқытушы кірді. Техникум оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында түрлі семинарлар ұйымдастырылып, оқу-тәрбие жұмысының көкейкесті сұрақтары талқыланды. Бұл семинарларға ғылым қайраткерлері мен қалалық партия комитетінің өкілдері шақырылды. Саяси-рухани, мәдени-көпшілік, спорттық  жұмыстарға көп көңіл бөлінді. Техникумның білім алушылары қабырға газеттеріне «Ақмоланың алғашқы комсомолдары сөйлейді», «Азаматтық және Ұлы Отан соғысына қатысқандар бізде қонақта» атты мақалаларды жариялап  отырды. «Сәтті стратегияға жүлде» атты дебат жарыстарында мынадай халықаралық саяси тақырыптар қаралды: Вьетнамдағы АҚШ саясаты; Ташкент декларациясының негізгі ережелері; Нигериядағы төңкерістің сипаты; Кеңес Одағы-Иран қатынастары т.с.с. 1965-66 жылдары шыққан «Көлік кадрлары» атты қабырға газеті қалалық байқауға қатысып, қалалық партия  комитетінің идеология бөлімімен ең үздік газет ретінде бағаланды. Назар салсақ, сол кезде Қарағанды қаласында техникумның кешкі бөлімі жұмыс істеді. Қазіргі таңда бұл бөлім өз алдына Қарағанды Темір жол қатынастары колледжіне айналды. 1966 жылғы тамыз айында  дәнекерлегіш бөлімнің оқу шеберханалары іске қосылды. Кешкі және сырттай оқу бөлімдерге көп көңіл бөлінді. Техникум түлектері Қазақстанның теміржол кәсіпорындарында ғана емес, Кеңес Одағының  түпкір-түкпіріне тарады. Қалалық және облыстардағы оқу орындары арасында теміржол техникумының беделі жоғары болды. В.И.Аверкиевтен кейін оқу орнына басшылық қызметке  Ольхов Вячеслав Викторович (1966-1967 жж) тағайындалды. Осы кезеңде білім берудің  үш түрі енгізілді:  күндізгі, сырттай және кешкі бөлімдер. Күндізгі оқу бөлімінде қосымша тағы жаңадан екі мамандық ашылды. Осылайша, техникум 4 мамандық: 1) Тепловоз шаруашылығы; 2) Жол шаруашылығы құрылысы  және техникалық пайдалану; 3) Теміржолды техникалық күту; 4) Жол және құрылыс машиналары мамандықтары бойынша кадрлар даярлай бастады. Сондай-ақ, оқу орнының материалдық базасы мен кадрлар ресурсын қалыптастыруда Мустафин Сапар Нугуманұлының  (1968-1977 жылдары техникумды басқарған) еңбегін ерекше атап өту керек. Сапар Нугуманұлының  1937 жылғы 27 наурызда Целиноград облысы, Қорғалжын ауданы,  Қорғалжын ауылында  дүниеге келген. Білімі жоғары. 1959 жылы Ташкенттегі  теміржол көлігі инженерлерінің институтын бітіріп, инженер-механик мамандығын алды. 1962 жылдан КПСС мүшесі болды. Ерейментау станциясының локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі, электроаккумулятор цехының шебері, тепловоздарды алдын-ала жөндеу шебері, тепловоз жөндеудің аға шебері, Павлодар станциясының локомотивті жөндеу депосы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 1968 жылғы 5 қазанда Целиноград теміржол көлігі техникумының директоры болып тағайындалып, 1977 жылғы 30 мамырға дейін жұмыс істеді. Сапар Нугуманұлы 10 жылдай техникум директоры  болды. Бұл кезең социализмнің кең өркен жайған тұсына  дәлме-дәл келді. Техникумның материалдық-техникалық базасы жақсарды. Жалпы гуманитарлық және арнайы пәндер сабағында эпидиаскоптар, диафильмдер қолданыла бастады. Әдебиет, шет тілдері, тарих сабақтарында магнитофон қолданылып, бағдарламалық сыныптар жабдықталды. Сабақтың техникалық жабдықталуы сол кезде үлкен жетістік болып саналған. Бірінші курс студенттері  жаңа аудиторияларда оқыды. Экономикалық пәндерге ерекше көңіл бөлініп, «Еңбекті қорғау» кабинеті жабдықталды. Сонымен қатар, оқу орнында білім сапасын арттыру мақсатында оқытушылардың өзара сабақтарына қатысуға талап қойылды. Студенттердің бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру мақсатында барлық іс-шараларда Кеңес Одағының әнұранын оркестрмен сүйемелдеп, міндетті түрде техникумның туы енгізілген. Бұл өз кезегінде, студенттерді техникум үшін мақтаныш сезімінде тәрбиеледі. Әр топта  әрдайым саяси ақпарат беру жүргізілді. Ақпарат дайындаушылар ішкі саясат, сыртқы саясат, экономика мен мәдениет жайында мағлұмат жинастырып, ортаға салды. Үнемі халықаралық хал-ахуал жайлы дәрістер тыңдалды. Техникумда «Үлгілі істер», «Мақтау  кітабы» атты кітаптар жүргізілді, оған қоса «Ұлттар достығы» клубы жұмыс істеді. Студенттер басқа да республикалардағы теміржол техникумдарымен тығыз байланыс орнатты. Мәскеудегі ГДР елшілігінің арқасында Дрезден қаласындағы теміржол техникумымен хат алысып отырды. Студенттер Берлин қаласындағы бір мектеппен хат алысқан. «Ұлттар достығы» клубы КСРО қалаларындағы көптеген техникумдармен хат алысты:  Харьков, Улан-Уде, Уфа, Баку, Минск, Петрозаводск, Калуга, Ленинакан, Ельц. Жауап хаттар, суреттер  келіп жатты. Соның арқасында  «Біз – көп ұлттымыз» тақырыбында стенд жасалды. Сондай-ақ, Сапар Нұғманұлының тікелей бастамасымен студенттерге арнап қазіргі Затаеевич көшесінде заманауи 230 орынға арналған студенттік жатақхана салынды. Ең бастысы ауылдан, аймақтардан  келген теміржолшылардың балаларына арнап алғаш рет қазақ топтары ашылды. Бұл өз заманында темір жол саласындағы ұлттық кадрлар үлесін арттыруға үлкен септігін тигізді. Оқу орнының қалыптасу және даму  тарихында өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырған басшылардың бірі – экономика ғылымдарының докторы Қуандыков Әлібек Өсербайұлы (2008-2012 жылдары колледжді басқарған). Әлібек Өсербайұлы 1954 жылы  Өзбекстан Республикасының Наманган қаласында дүниеге келген. 1972 жылы Шымкент қаласындағы орта мектепті бітірген. 1976 жылы Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтын, ал 2004 жылы Ақмола технология және бизнес университетін бітірген. 1990 жылдан бастап, Мәскеу қаласындағы Ресей басқару Академиясының аспирантурасында білім алды. 1993 жылдың ақпан айында кандидаттық диссертациясын қорғап, оған әлеуметтік ғылымдардың кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. 2008 жылдың ақпан айында докторлық диссертацияны қорғап, экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Өмірінің 20 жылдан астам уақытын  ғылыми-тәжірибелік жұмысқа арнады. Алпыстан астам ғылыми еңбектің авторы. Саналы ғұмырын білім саласы мен мемлекеттік органдардағы қызметке арнады. 1977 жылдан бастап 1990 жылға дейін Қазақстанның партиялық-мемлекеттік органдарында қызмет атқарды. 1993-1997 жылдары ҚР Президенті және Премьер-министрдің әкімшілігінде қызмет етті. 1997 жылдан бастап, ҚР Білім және ғылым министрлігінде еңбек етті. 2000 жылдан  2008 жылдың шілде айына дейін «Ақмола қаржы-экономикалық колледжі» РМКК директоры болды. 2008-2012 жылдары Астана қаласының Көлік және коммуникация колледжі директорының қызметін атқарды. Осы уақыттың ішінде Қуандықов Әлібек Өсербайұлы колледждің ақпараттық базасын жетілдіру мен инновациялық технологияларды, сонымен қатар ақпараттық жаңа бағдарламалар енгізу бойынша белсенді жұмыс атқарды. Аталған бағдарлама бойынша оқыту үрдісіне ақпараттық және компьютерлік технологияларды барлық бағыттарда қолдану білім ордасының  қарқынды дамуына септігін тигізді. Сондай-ақ, 2008 жылы колледж базасында теміржол мамандықтары бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі құрылды. Бірлестікте темір жол мамандықтарына арналып Мемлекеттік білім беру стандарттары, ережелер, әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді. Астана қаласындағы оқу орындардың ешбіреуінде ұқсастығы жоқ, жетілдірілген, жаңа модификациялы компьютерлік сыныптармен жабдықталды. Локальды желіні тіркеуге арналған басты сервер алынды.  Видео-аудио және компьютерлік бағдарламалық жабдықтары бар үш лингафондық кабинет ашылды. Электронды оқулықтардың электрондық каталогы құрылды. Электронды оқытуды енгізу бойынша дайындық жұмысы және олардың электрондық ресурстары жасалды. Оқытушылары білім беру контентінің сандық үлгісін құру бойынша жұмыс атқарылды. Колледждің даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында оқу орнының материалдық-техникалық базасы жетілдіріліп, жаңа білім беру саласындағы инновациялық технологиялар енгізілді. Оқу орнын территориясын   абаттандырып,  сыртқы қоршаулар салынды. Білім мен тәрбие беру саласында үздік жетістіктерге жеткені үшін колледж 2011-2012  оқу жылында қала әкімінің «Үздік колледж – 2012» грантына ие болды. Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігінің Жоғары көлік және коммуникация колледжі осы дәстүрлерді жалғастырып қана қоймай, оны жаңа жоғары деңгейге көтеруде. Білім ордасы 75 жылдық тарихында теміржол саласын нығайтуға зор үлесін тигізді. Қазіргі кезде колледж 16 мамандық бойынша мамандарды даярлайды, оның ішінде жеті мамандық теміржол саласына қатысты. Осы жылдар аралығында колледжді 35 мыңнан астам маман бітіріп шықты. Олар еліміздің темір жол саласынан басқа салаларда ерекше табысқа жетуде. Колледждің табысты түлектері қатарына: Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейітжанұлы Есілов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, «Қазақстан теміржолы» ҰК»АҚ- «Жүк тасымалдау» басшысы Қайрат Сауырбаев, Қырқыншы станция директоры Қайрат Оразбаев, Қазақстан темір жолының  «Құрметті қызметкері», теміржол саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте болған Берік Сағындықұлы Айтпеков және Санк-Петербург қаласындағы император І Александр атындағы Жол қатынастар университетінің ректоры Юрий Александрович Панычевті және тағы басқа да түлектерімізді мақтанышпен айта аламыз. Жаһандық өзгерістерге қарамастан Жоғары колледж ұжымы білім нарығында өз орнын лайықты жалғастырып келеді. Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ әр түрлі банктер мен  халықаралық институттар жариялаған жобаларға қатысып, грант жеңімпазы атанды.    width= Нақтырақ айтқанда, колледж ұжымы Білім және ғылым министрлігі Әлемдік банкпен бірлесе отырып, 2011 жылдан бастап еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беруді модернизациялау бойынша жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жобаның негізгі мақсаты – техникалық, технологиялық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша студенттерді даярлау барысында оқытудың жаңа технологияларын енгізу. Білім беру мекемесі бөлінген қаражатты кадрларды дамытуға, оқу-әдістемелік материалды жетілдіруге және жаңа құрал-жабдықтарды алуға жұмсау жоспарланды. Өзінің 70 жылдығы қарсаңында, Астана мен Алматы, сондай-ақ Қазақстанның басқа 9 қаласынан қатысқан колледждер сияқты  «Институтционалды дамудың жоспары» атты жобаны әзірлеуге қатысты. Грантты тағайындау мен жобаларды іріктеуде колледждің жетістіктеріне баса назар аударылды: белгілі әлеуметтік серіктестер, кадрлар қозғалысының аздығы; түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары пайызы; мемлекеттік тапсырыстың болуы; үздік колледж атануы (Астана қаласы әкімінің «Үздік колледж – 2012» куәлігі) сияқты шарттар ескерілді.  Нәтижесінде, Көлік және коммуникация колледжі  «Теміржол жылжымалы құрамдарын жөндеу және техникалық күту» мамандығы бойынша Әлемдік банктің грантын жеңіп алғандардың бірі болды. Гранттан бөлінген қаражатқа оқу орнының материалдық базасы нығайтылып, алғаш рет оқытушылар құрамы Франция, Германия, Чехия, Ресей Федерациясы және Беларуссия мемлекеттерінде білімдерін жетілдіріп, стажировкадан өтті. Тағыда айта кететін бір мәселе,  колледж ұжымы ең алғашқы болып Нұр-Сұлтан қаласында дуалдық оқыту жүйесін енгізді. 2012 жылы осы мақсатта «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Білім және ғылым министрлігі және колледж үш жақты келісімшартқа қол қойды. Бүгінгі таңда оқу орны дуалдық оқыту кластері бойынша астанамызда жетекші колледж. Біздер дуалды оқытуға байланысты қол жеткізген табысымызды, жинақтаған тәжірбиемізді өзге оқу орындарына трансформациялаудамыз. 2012-2013 оқу жылында колледж дуалдық оқыту жүйесінде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Үздік серіктестік» номинациясында жеңімпаз атанды. Жоғары көрсеткіштер үшін Астана қаласы Білім басқармасының дипломымен марапатталды. Осы жылдар ішінде колледж Қазақстандағы ірі алпауыт кәсіпорындарымен бірнеше әлеуметтік серіктестік келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойды. Олар: «КЕГОК» АҚ, «ҚазТелеком», «Қазавтожол», «Астана ЛРТ», «Астана РЭК» және т.б. Соның ішінде республика деңгейінде алғашқы пионер ретінде 4 теміржол саласы мамандықтары бойынша дуалды оқыту жүйесін ұйымдастыру туралы үшжақты  «ҚТЖ»ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Көлік және коммуникация колледжінің арасында келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар, 2013-2017 жылдар аралығында колледж кәсіптік білім беру саласындағы оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында алыс-жақын шет елдердің білім орындарымен 11 әлеуметтік серіктестік жөніндегі келісімшарттарына қол қойды. Нақтырақ айтқанда: Ресей Федерациясымен – 7,  Беларусь Республикасымен – 3, Финляндиямен – 4. Соңғы жылдары колледжде көптеген игі өзгерістер болды. Білім ордасының басты миссиясы – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау керек екенін ескерсек, онда заман талабына лайықты, ел экономикасының сұраныстарын қанағаттандыратын жаңа  мамандықтар ашылу қажет болды. Бұл заман сұранысына да оқу орны лайықты жауап берді. Кейінгі бес жыл ішінде жаңадан 3 мамандық енгізілді. 2017 жылы «Жол қозғалысын ұйымдастыру» және  «Энергоменеджмент», ал 2019 жылы  «Логистика» мамандығы ашылды. Сонымен қатар оқу орны білім саласындағы жаңа трендтерден қалыспай 2018-2019 оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғаш рет «Радиоэлектроника және байланыс» (түрлері бойынша) мамандығының қолданбалы бакалавриат тобын ашып, алғашқы 25 студент оқуға қабылданды. 2019-2020 оқу жылында қолданбалы бакалавриат тобына тағы да 25 студент қабылданып, білім алуда. Мерейтой жылы қарсаңында 06 қаңтарда қосымша тағы да екі мамандық «Электрмен қамтамасыз ету (салалар бойынша)», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» бойынша қолданбалы бакалавриат лицензиясы алынды. 2018 жылы оқу орны халықаралық аккридеттеуден толығымен өтті. Бұл өз кезегінде біздің түлектеріміздің дипломдарын халықаралық білім нарығында конвертациялы екендігінің тағы да бір айғағы деп білеміз. 2018-2019 оқу жылында білім мен тәрбие саласында жеткен үздік нәтижелері үшін колледж ұжымы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Үздік колледж – 2019» номинациясына ие болды. Сонымен бірге, колледждің білім және тәрбие  ісінде, оның материалдық-техникалық базасын жаңартуда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оқу орнының  материалдық-техникалық базасы тыңғылықты жаңартылып, заман талабына сай жабдықталды. Жаңадан заманауи 3 зертхана ашылып, шеберханалар күрделі модернизациядан өтті. Сондай-ақ, 2017-2018 оқу жылында №2 студенттер үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, студенттердің тұрмысы мен оқуына ыңғайлы жағдай жасалды. Қазіргі таңда Студенттер үйі интернет жүйесі және кабельдік телеарнамен толығымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, колледж ұжымы астанамыздағы барлық мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүр. 2013 жылы «Армысын, әз Наурыз!» байқауына қатысқаны үшін Астана қаласының әкімі И.Н Тасмағамбетовтың дипломымен марапатталды. Дана халқымызда «білім мен тәрбие – егіз» деген  қанатты сөз бар. Білім ордасы тек өндіріске керекті маман даярлап қана қоймай, сонымен қатар елін сүйетін елжанды, ұлтын сүйер ұлтжанды азаматтарды  да тәрбиелеу керек  екенін жақсы түсінеді. Осы мақсатта 2013 жылдан бастап,  колледжде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты  дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы жыл сайын ұйымдастырылды. Мүшайранның мақсаты- жастардың бойына қай заманда  болмасын елі үшін адал қызмет еткен Елтұтқалардың еңбегін дәріптеу және оны жастар арасында насихаттау болып табылады. Егемендігімізді еңселі, тәуелсіздігімізді тұғырлы етудегі Елтұтқа, Елбасы, Ұлт лидері, Тұңғыш Президентіміз  Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екенін бүкіл ел біледі. Осыны ескерген колледж ұжымы бұл шараға ерекше мән мен мәртебе беріп келеді. 2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты және оқу орнының құрылғанына 75 жыл мерейтойы аясында қалалық деңгейде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты  дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы өтті. Шараға астанамыздағы 12 колледждің  студент жастары қатысты. «Гран-при» иегері Нұр-Сұлтан қаласындағы Гуманитарлық колледж студенті атанса, І орынды біздің Жоғары колледж студенті иеленді. Сонымен қатар, білім ордасында үлкенді сыйлау мен ізет көрсету жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Халқымызда  «Қариясы  бар елдің қазынасы бар» деген тағыда бір асыл сөз бар. 1 қазан «Қарттар күні» және 9 май Ұлы жеңіс күні қарсаңында ардагерлерді ардақтау  жұмыстары да ұжымда жүйелі түрде өткізіледі. Тағы бір айта кететін жайт, ол – оқу орнын заман талабына сай білім ордасына айналдыру мақсатындағы идеясы  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тарапынан әрдайым қолдау табуда. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына сәйкес,  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 09 қаңтардағы  қаулысымен Астана қаласы Білім басқармасының «Көлік және коммуникация колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жоғары көлік және коммуникация колледжі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып қайта өзгертіліп, жаңа мәртебеге ие болды. Өзінің 75 жылдық тарихында колледж барлық оқу орындары сияқты көптеген қиын да ауыр сәтті бастан кешірді. Алайда қиындықтарға қарамастан, оқу орны әрдайым жетіліп, заман талабына сай өзгеруде. Ұжымдағы шығармашылық рух, игі дәстүрлерді жалғастыру, инновацияларды қолдану колледжді алға жетелеп, мақсаттарды орындауға көмектесті. Колледж ұжымы келешекте де республикалық және шетелдің озық оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынас орната отырып,  әлі де талай игі істер атқаратыны анық. Алдағы уақытта бізді көптеген жаңа бастама, жетістік күтеміз. Зулфухар ҒАЙЫПОВ,  Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры, саяси ғылымдар докторы, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты