"Бала-шағамды зейнетақымен асырап отырмын": Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы айтты
"Бала-шағамды зейнетақымен асырап отырмын": Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы айтты
© сурет интернеттен алынды
171
оқылды
29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанған әнші Роза Рымбаева сахнада жүргеніне 45 жыл толуына орай күзде жеке концерт береді. Өнер иесі елдегі жағдайға байланысты бірнеше айдан бері жұмыссыз, балаларын зейнетақымен асырап отыр. Дегенмен карантин кезінде шығармашылығын тоқтатып қоймаған. Бұл туралы ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. "Әр екі сағат сайын екі ұлыма тамақ әзірлеймін, бұл бірінші орында. Екеуі де шығармашылық адамы, үнемі жұмыста жүреді. Анасы ас пісіріп қойған кезде үйде болмай жатады. Әли бөлек тұрады, алайда қазір бірге тұрып жатырмыз. Бос уақытымыздың бәрін бірге өткіземіз, қыдыруға шығамыз. Мен осыған қатты қуанамын", - деп бастады әңгімесін халық әртісі. Айтуынша, карантин кезінде шығармашылық жұмысы тоқтаған жоқ. Онлайн форматта екі концерт берген.
"Маған қазір жаңа әндер жібереді, соларды тыңдап көремін. Карантин кезінде онлайн форматта екі жеке концерт бердім, 45 ән орындадым. Мұндай концертті еш әртіс берген жоқ", - дейді Рымбаева.
Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс білдіргенін өзінің бірінші болып концерт бергенімен байланыстырды. "Мен бірінші болып үлкен концерт бердім, екіншіден, бір емес екі концерт өткіздім. Тағы екі концерттің бағдарламасын дайындап қойдым, біреуі бірінші мамырға, екіншісі Жеңіс күніне орайластырылады. Алайда әлі ешкімнен ұсыныс түскен жоқ. Одан кейін неге жалғыз мен концерт бере беруім керек? Басқа да әншілердің концертін көрдім, біреуі 40 минут, енді бірі бір сағат ән салады", - дейді әнші. Ол онлайн мен офлайн форматта ән салудың айтарлықтай айырмашылығы жоқ екенін айтады. Себебі телеарнаға түсірілетін концерттің барлығы көрерменсіз өтеді. Алайда елдегі жағдай бір қалыпқа түскен соң көрермен жинап, концерт бермек. "Мен әртүрлі әнді орындағанды ұнатамын, соның ішінде романсты, лирикалық әндерді ерекше жақсы көремін. Биыл сахнада жүргеніме 45 жыл болды. Соны атап өтемін. Концерт күзде болуы мүмкін. Әдетте барлық концертім "Көктем шақырады" аталып, көктемде өтетін. Қазір жағдай басқаша", - дейді Рымбаева. Айтуынша, қазір әншілер халыққа көмек көрсететін жағдайда емес. Сонымен қатар Роза Рымбаева қаңтардан бері жұмыссыз отырғанын, ал бала-шағасын зейнетақысына асырап отырғанын айтты. "Карантинге байланысты қаңтардан бастап жұмыссыз отырмыз. Маусым мен шілдеде не болатыны белгісіз. Мен де, Әли де жарты жыл жұмыссыз қалдық. Зейнетке шыққаныма бес жыл болды. Зейнетақыммен бала-шағамды асырап отырмын. Симфониялық оркестрдің әншісімін, сол жерде айлығым жүріп жатыр", - деді ол.