Атырау облысынан жоғалған жылқылар Батыс Қазақстаннан табылды
Жақында әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысында қамауда тұрған жылқылар туралы видео жарияланды. Құқық қорғау органдары бұл ұрланған жылқылар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Бұл видеоны Батыс Қазақстан облысындағы әріптестеріміз бізге жолдады. Мұны барлық аудандық полиция бөлімдері жылқысын жоғалтып, арызданғандарға таратуда. Арызданушылардың арасында видеодан жылқысын танығандары бар. Алайда, карантиннің енгізілуіне байланысты облыс аумағынан шығуға болмайды. Демек, малын танығандар жол жүре алмайды. Сол себептен, әзірге күтуге тура келеді. Кейін бұл мәселеге қатысты қосымша ақпарат береміз», - деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова.