Негізі мұндай көлемдегі жәрдемақыны «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған азаматтар 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап алып келеді. Биыл оларға «Социалистік Еңбек Ері» атағы бар азаматтар теңестіріліп отыр. Сөйтіп, оларға ай сайын төленіп келген 74,96 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жәрдемақы бірден екі есеге жуық өсіп, 138 АЕК болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің айтуынша, бұлай теңестіру әлеуметтік әділдік үшін жасалыпты. «Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін ҰОС ардагерлері қатарындағы «Социалистік Еңбек Ері» санатындағы азаматтар мен «Социалистік Еңбек Ері» атағы бар азаматтарға берілетін жәрдемақыны 74,96 АЕК-тен 138 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылды. Бұл ретте 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие азаматтар үшін 138 АЕК (385 мың теңге) көлемінде жәрдемақы барын атап өту керек. Алайда «Қазақстанның Еңбек Ері» мен «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие азаматтар алып жүрген төлемнің айтарлықтай айырмашылық байқалды», – деді вице-министр.Сонымен қатар ол Қазақстанда көзі тірі 75 «Социалистік Еңбек Ері» бар екенін айтты. Ал «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына 34 адам ие болған. Бірақ олардың арасында өмірден өткендер де бар. Жалпы, жәрдемақылардың өсуі «Ардагерлер туралы» жаңа заңның қабылдануына да байланысты болып отыр. Енді ардагерлердің жаңа санаттарына енген азаматтарға айына 4,8 айлық есептік көрсеткіш немесе 13 435 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалмақ.
А.СҰЛТАН