Мемлекет басшысының биліктің құрылымдарына тағайындаған үш тұлғасына қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Дегенмен үш тұлғаның жаңа қызметке тағайындалуына қатысты бірнеше ерекшелікті атап өткен болар едім. Мәулен Әшімбаевтың Сенат төрағасы болып сайлануы, Дәурен Абаевтың Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары, Аида Балаеваның Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалуы ең алдымен билік құрылымдарына жас буынның келе бастағанын байқатады. Аталған тұлғалардың ешқайсысының жасы елуге келген жоқ. Бұл биліктегі жоғары лауазымды қызметкерлердің жасара бастағанының белгісі. Екіншіден, үш азаматтың да артынан сөз ермеген, қандай да бір дау-дамайға қатысы болмаған, жемқорлық, сыбайластық тәрізді келеңсіздіктен ада, жаман аты шықпаған. Бұл да атап өтетін мәселе. Өйткені біздің елде саяси қызметкерлердің өткен-кеткенін бұқара ұдайы назарда ұстап отырады. Ал жаңадан сайланған және тағайындалған азаматтар репутацияларының таза болуын үнемі назарда ұстап келді. Сөйтіп, ел ішінде өздеріне қатысты қауесеттің тарауына жол берген емес. Адал қызмет етті. Әрі әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып, қоғамға ашық еке-нін байқатқан. Сонымен қатар қоғам тынысын сол желілер арқылы да тікелей сезініп отыруға дағдыланған еді. Бұл өз кезегінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға таптырмайтын қасиет. Өйткені бұқараның үнін естуде лауазымды тұлғалардың сол көпшілік қолданатын желілерді пайдалануының маңызы зор. Сондай-ақ үш саясаткер де әбден ысылып, шыңдалған кәсіби мамандар. Олар түрлі салада, түрлі лауазымда қызмет атқарды. Бұл да маңызды. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың «жас келсе іске» дейтін ұстанымы осы жолғы тағайындаулардан анық көрініс тапты. Одан бөлек, осы жолғы тағайындаулар кезінде мемлекет ел ішінде қауесеттің таралуына жол бермеді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақпараттық саясатының жаңа формасы. Яғни, ресми БАҚ-тың мәртебесін өсіріп, олардың сенімді ақпарат көзі ретіндегі позициясын нығайтты. Масс-медианың әлеуметтік желілерден биік тұруы қажет екенін көрсетті. Бұрын елдегі маңызды оқиғаларға қатысты қауесеттер, түрлі ақпараттар алдымен әлеуметтік желілер арқылы тарап, мемлекет кейде блогерлер қызметіне жүгінетін. Блогерлерді журналистерден жоғары қойып, олардың беделін арттырған сәттеріміз де аз емес. Осы жолы ақпарат тарату формасы өзгерді. Мемлекеттің әлеуметтік желілерді емес, масс-медианы ақпарат тарату көзі ретінде пайдалануы құптарлық іс болды. Мұны да осы жолғы тағайындаулардың өзіндік ерекшелігі деуге болады.
Талғат ҚАЛИЕВ, саясаттанушы