Биыл – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Осынау қанды майданда толарсақтан су кешіп, оқ пен оттың ортасында Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған батырлар саны бүгінде сиреп барады. Ал Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында, тіпті жалғыз соғыс ардагері қалды.
Сағаш Әбдіров биыл 98-ші көктемін қарсы алып отыр. Құлақтың естуі нашарлағаны болмаса, қарияның қимылы ширақ.
Ол 1922 жылдың 1 қаңтарында Мойынқұм ауданы Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Аудан экономикасын көтеруге бір кісідей атсалысқан Ұлы Отан соғысының ардагері 13 жасынан бастап еңбекке етене араласты. 1939-1942 жылдары сауатсыздықты жоюға белсенділік танытып, 1942-1946 жылдары Кеңестік әскер қатарына алынады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі – «Кавказды қорғағаны үшін» Маршал Жуковтың 100 жылдық және барлық мерекелік медальдарымен, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы және «Жеңіс» ордендерімен марапатталған. Адамзат баласына ауыр қасірет алып келген қанқұйлы соғыстан аман оралған Сағаш ата 1947 жылы Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені аяқтайды. 1946-1975 жылдар аралығында мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарып, жас ұрпақ тәрбиесіне де елеулі үлес қосады. 1954 жылы «Қазақ ССР білім беру үздігі» атанып, 1955 жылы Алматы қаласы Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіреді. Сөйтіп, білім көкжиегінің кеңеюіне өзіндік үлесін қосады. 1975-1984 жылдар аралығында Шығанақ кенттік Кеңесінің төрағасы қызметінде жүріп зейнетке шыққанымен, еңбек етуден қол үзбей, 1985-1988 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ГРЭС-те азаматтық қорғаныс басшысы болып жұмыс істейді. Өмірін еңбекпен өрбіткен қазыналы қарттың бар ғұмырының басым бөлігі болашақ ұрпаққа тәрбие, білім беруге арналған.
Зайыбы Әлипа анамыз екеуі 10 бала тәрбиелеп, өсірді. Тамырын тереңге тартқан Сағаш Әбдіровтің шаңырағынан жоғары білімді, саналы ұл-қыздары түлеп ұшты.
Майдангердің өзі кейінгі ұрпаққа соғыс өртін көрсетпесін деп тілейді.
– Біздің көргендерімізді сіздердің бастарыңызға жазбасын. Соғыс бай, әлде кедей, әйел немесе еркек деп таңдамайды. Бәрін бірдей жалмайды. Мен майданға аттанарда майдан даласын көз алдыма басқаша елестеткен едім. Алайда соғыс өртін көргенде бойымды қорқыныш пен Отанды жаудан қорғау керек деген сезім қатар кернеді. Қазір өмір көшімнің біраз жолын жүріп өттім. Мұндай сәтте кейінгі күндерді еске алғың да келмейді. Ең бастысы, бүгінгі бейбіт күнді бағалаңыздар. Егеменді еліміздің аспанында әрқашан күн сөнбесін! – дейді қазыналы қария.
Иә, қанды соғыс қазақтың сүйегі мен жанына жара салғаны даусыз. Ал Сағаштай майдангерлердің ерлігі ұрпақ жадында мәңгі жатталары анық. Күн санап қатары сиреп бара жатқан жеңіс жауынгерлерін бүгінгі ұрпақ құрметтеп, олардың ерлігін кейінгілерге жеткізуі парыз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы