Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың қаракөз қыздары да ерлермен қатар қан майданда от кешті. Солардың бірі – №178 гвардиялық атқыштар авиация полкінің мастері, гвардия сержанты Мәдина Ысқақова. Ол Кеңес Одағының үш мәрте батыры атанған авиация генерал-полковнигі Иван Кожедубтың жеке бортмеханигі болған.
Мәдина Ысқақованың құжаттарын Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейіне тапсыруға атсалысқан едім. Сол музейде еңбек ете жүріп, қазақтың қайсар қызы туралы зерттеу жасадым. Батыр қыздың есімін тарихта қалдыру мақсатында Үкіметке бірқатар ұсыныс жасадық, одан бері көп жылдың жүзі болды. Биыл Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Халық Қаһарманы» атағы берілсе деген тілегіміз бар.
Мәдина Ысқақова Ақмола облысының Сандықтау ауданына (бұрынғы Көкшетау облысы, Балкашин ауданы) қарасты Зверовка ауылында туып-өскен. 1941 жылы соғыс өрті тұтанғанда Мәдинаның ағалары Әбілқасым, Әбілқасен, Құсайын майданға аттанады. Мәдина ол кезде 16 жаста. Арада бір жыл өткенде 17 жасқа жаңа толған Мәдина төлқұжатындағы жасына үш жас қосып жаздырып, Көкшетау әскери комиссариатына келеді. Комиссариаттағы әскери қызметші оған ағалары майданда жүргенін айтып, соғысқа барудан бас тартуға үгіттегенімен, Мәдина көнбепті. Сөйтіп, 1942 жылы 17 мамырда майданға аттанған Мәдина Ысқақованы тағдыр Кемероводағы авиаторлар даярлайтын екі жылдық училищеден бір-ақ шығарды. Онда да ұшқыш емес, ұшақты оттегімен жабдықтайтын мастерлер дайындайтын бөлімге тап болады.
Училищенің екі жылдық бағдарламасын тоғыз айда меңгеріп, мастер-механик, бөлімше командирі, сержант атағын алып шыққан Мәдина бір топ құрбысымен Иваново қаласына аттанады. Онда жаңадан №240 истребительдер авиаполкі құрылып жатқан еді. Мәдина осы полктің бірінші эскадрильясына оттегімен жабдықтау мастері және ұшақ құралдарының мастер-технигі болып тағайындалады.
Эскадрилья командирі Иван Кожедуб екен. Жүзі сұсты болса да, Мәдинаны жылы қарсы алды. Мәдина күн сайын аспанға бірнеше рет көтерілетін Кожедубтың «қырғиына» жан бітіретін шеберіне айналды. Ұшақ саймандарын сайлап, дайындауды былай қойғанда, қаһарман ұшқыштың қыңыр мінезіне төзу де оңай емес. Ал өнегелі тәрбие көрген қазақтың қызына бұл аса қиын болмады.
Атақты ұшқыш Кожедуб 330 рет ұрысқа кіріп, жаудың 62 ұшағының көзін жойған даңқты тұлға. Генерал-полковник Иван Кожедуб соғыстан кейін өз экипажымен кездескенде «менің көктегі ерлігімнің тамырын жердегі Мәдинаның өлшеусіз еңбегінен іздеңдер» деген екен.
Гвардия сержанты Мәдина Ысқақова Украинаны, Молдованы, Прага, Будапешт, София мен Вена қалаларын азат етуге қатысты. Соғыста үш рет жараланады. Бірде оны жақын жерге жарылған бомбаның дүмпуі ұшырып түсіріп, топырақтың астында қалады. Жолдастары келіп, топырақтан аршып алғанда ол ес-түссіз, тіршілік нышаны болар-болмас қана білініп жатыр еді. Кейінгі шайқаста ол басынан жарақат алады. Емделіп, авиаполкіне қайта оралады. Гвардиялық полк атағын алған №240 авиаполктің құрамында Молдованы фашист басқыншыларынан азат етті. Брно, Прага, Будапешт, София, Вена қалалары үстінде болған кескілескен әуе шайқастарына куә болды.
Соғысты Прага қаласында аяқтады.1945 жылы Жеңіс шеруіне ІІ Украина майданының құрамында қатысып, туған жерге оралды. Ақмола әскери трибуналында хатшы болып қызмет істеді. Кейін көп жыл бойы туған жерінде сауыншы болып еңбек етті. Көкшенің батыр қызы жайлы Естай Мырзахметов кітап жазды, ақын Еркеш Ибрагим поэма арнады.
Соғыс салған жара ізсіз кетпеді, Мәдина Ысқақова ұзақ ғұмыр сүрмеді. 1985 жылы мамырда салтанатты түрде Отан соғысы орденімен марапатталады, ал тамыз айында дүние салды.
Осыдан біраз бұрыс «Арқа Ажары» газетінде Мәдина Ысқақованың әскери тағдыры жайлы мақала жарияланып, оған «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасалды. М.Ысқақованың қызы Аягөз Шикатаева КСРО Қорғаныс министрлігінің растайтын құжаттарын ұсынғанымен, мәселе сиырқұйымшақтанып ұзаққа созылып кетті. Өкінішті бір жағдай, 1986 жылы Көкшетау қаласының жергілікті музейі М.Ысқақованың барлық марапатын алып кеткен екен, ал 90-жылдары ғимаратты су басып, сақталған жәдігерлер бүлінген. Бүгінде Мәдина Ысқақованың әскери мұрасының жұрнағы ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде ғана сақтаулы.
Батыр қыздың ұрпақтары, қала халқы 20 жылдан астам уақыт бойы Көкшетау қаласының билігінен қала көшелерінің біріне Мәдина Ысқақованың есімін беру туралы мәселені көтеріп келеді. Алайда бұл өтініш әлі орындалған жоқ.
Айта кететін тағы бір жайт, Мәдина Ысқақова еліне Сталин сыйлаған қаруымен оралған. Бірақ соғыстан кейінгі қиын жылдары отбасын асырау үшін атаулы қаруды бір қап астыққа айырбастап жіберген екен. Өзі үшін бағалы затты бір қап астыққа айырбастап жіберетіндей, М.Ысқақова неге мемлекет тарапынан қолдау көрмеген деген ой келеді.
Туған ауылындағы 20 жыл ауыр еңбектен кейін Мәдина Ысқақоваға соғыстың қатысушысына тиесілі жеңілдіктерсіз, аз ғана зейнетақы тағайындайды. Оның соғысқа қатысып қана қоймай, еліне батыр болып оралғанын ешкім елемеді.
Мәдина Ысқақова – қазақтың атақты ханы Абылайдың тікелей ұрпағы. Оның ақсүйектік тегі КСРО партия органдарының шешіміне ықпал етуі мүмкін бе деген де сұрақ туындайды. Сонымен қатар Мәдинаның әкесі молда болған. Сонау бір қиын заманда оны намаз оқып отырған жерінен тұтқындап, белгісіз жаққа алып кеткен екен.
Нағыз ерлікті мойындау – әділдікті қалпына келтіру. Қанша адамды жалмаған қанды қырғынның аяқталғанына 75 жыл болса да, батырлықтың мерзімі ескірмейді. Қазақстанда Мәдина Ысқақова сияқты біз білмейтін батырларымыз қаншама? Қолына қару алып, ерлермен қатар соғысқан, қанды қырғынды көрген әр қазақ қызына батыр атағын берсе, артық болмас еді. Өйткені соғыс әйел адамның ісі емес.
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының көлеңкелі жағын зерттеп, тарихи әділдік орнату керек. Көкшенің қарлығашы, белгісіз батыры Мәдинаның ерлігі Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батыр қыздарымыздың қатарынан өзінің лайықты орнын алып, туған жері Көкшетау қаласына ескерткіш қойылып, көшеге аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.