Нұр-Сұлтан қаласында өткен конгреске айтулы шетелдің саясаттанушылары да қатысты. Бұл жиында 2020 жылы Лиссабонда өтетін Бүкіләлемдік саясаттанушылар конгресіне қатысу мәселелері де талқыланды. Қазақстанның саяси зерттеулер қауымдастығының президенті Есенжол Алияров келесі Бүкіләлемдік саясаттанушылар конгресін біздің елде өткізуге өтінім беруді жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Біз Президент Әкімшілігімен келісе отырып, 2024 жылы Қазақстанда Бүкіләлемдік саясаттанушылар конгресін өткізуге өтінім беруді жоспарлап отырмыз», – деді ол конгресте. Ол сондай-ақ Қазақстанның саяси зерттеулер қауымдастығы мен Саяси ғылым қауымдастығын бір ұйымға біріктіру жөнінде шешім қабылданғанын да жеткізді.
Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының вице-преиденті, саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, Қазақстанның заманауи саясаттану ғылымын дамыту үшін еліміздегі саясаттанушылар ұйымдарының бірігуі – маңызды қадам. Бұл саясаттану қауымдастығының халықаралық ұйымдарда беделге ие субъектіге, шешім қабылдау процесіне ықпал ете алатын бірыңғай күшті ұйымға айналуға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, саяси транзит пен жуырда өтетін сайлау мықты саяси білімді талап етеді, сондықтан да елімізге, әсіресе, өңірлерге де сапалы сарапшылар қажет.
«Қоғам ашылған сайын ырықтандыру мен реформалар процесі жалғаса береді. Осыған байланысты, әлемдік тәжірибеден хабары бар сарапшылардың, саясаттанушылардың пікірлері қажет-ақ. Әсіресе, өңірлерде біздің әріптестерге сұраныс жоқ. Олар шешім қабылдау процесіне қатыспайды. Егер белсенді саяси бәсеке болса, саяси сараптама мен саяси бағдарламалар әзірлеу қажет болады. Облыстарда балама жобалар болуы тиіс», – дейді ол.
Оның пікірінше, саясаттану мамандығын оқыған студенттердің басым бөлігі өз мамандығымен жұмыс істемейді. «Кейбірі шенеунік болады, кейбірі бизнеске кетеді. Мен үшін бұл жағдай өте ауыр. Себебі, бұл оқуға мемлекеттің немесе ата-ананың қаражаты кетті. Саясаттану мамандығы өте қызық, ел ішінде және халықаралық тәжірибелер жетерлік», – деген ол саясаттану кафедраларын қысқарту немесе басқа пәндермен біріктіру үрдісіне алаңдаулы екенін білдірді. «Әрине, мемлекет инженерлер мен дәрігерлерге мұқтаж шығар. Бірақ олар философия мен гуманитарлық пәндерді қатар меңгерсе, олардың сапасы артады. Бұл – аксиома, оны біз ойлап тапқан жоқпыз. Біздің қауымдастық Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындарына шығып, дәл осы пәндердің сағатын көбейтуді талап етуі керек», – дейді.
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы соңғы 10-15 жылда саясаттану ғылымының маңызы арта түскенін айтады. «Түрлі қоғамдық-саяси үрдісті жіті бақылап, сараптамадан өткізгеннен кейін билікке жеткізудің маңызы зор. Себебі, саяси сараптама сапалы болса, қоғам мен билік арасында жақсы байланыс орнайды. Бұл билік тарапынан тиімді шешімдердің қабылдануына ықпал етеді. АҚШ, Еуропа осыған зор мән беріп отыр. Қазақстанның кеш те болса, осы мәселеге назар аударғаны қуантады. Себебі, кикілжің ақпараттың жетіспеуінен, саяси зерттеулердің жоқтығынан туындайды», – дейді ол.
Оның сөзінше, соңғы 20-25 жылда елімізде саясаттану саласында білікті ғалымдар, сарапшылар пайда болды, олардың еңбектерін бағалаған шетелдік ірі орталықтар конференцияларға жиі шақырады. Жоғары дәрежелі сол ғалымдарымызға елімізде мемлекеттік қолдау жоқ екен.
«Меніңше, өте терең мәселерге сараптамалар жасалады. Бірақ соның 99 пайызы қағаз бетінде қалады. Оларды билік елеп-ескермейді. Біздегі үлкен проблема осы дер едім. Дағдарыс кезінде билік саяси сараптамаға зәру. Әрине, өзіміз шешеміз, өзіміз білеміз, саяси кеңес керек емес деген авторитаризм дәуірінен қалған инерция әлі де бар. Десе де, жағдай өзгере бастады, себебі, бұл – заман талабы. Қоғам жалпылама әңгімеден қажыды», – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, бір ғана Вашингтонда саяси сарапшылар орталықтарының саны отыздан асады. Әрқайсында жүзге тарта сарапшы жұмыс істейді. Осы орталықтардың сараптамалары негізінде мықты бағдарламалар, жобалар қабылданады. Жақсы кеңестер беріледі, нәтижесін көріп отырмыз. Сол сияқты іргеміздегі Қытайда Қазақстанды, Орталық Азияны зерттейтін отыздан астам институт бар. Ал бізде Қытайды зерттейтін бірде-бір институт жоқ. «Екіжақты ынтымақтастықта, көп жағдайда, тең дәрежеде ықпалдаса алмауымыздың себебі осында», – дейді саясаттанушы.