Қостанайда өміріне қауіп төнгеніне қарамастан ерлік көрсеткен тәртіп сақшылары марапатталды.
Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Қуаныш Шәбденов пен Сағындық Жәкеновке «Ерлігі үшін» медалі табыс етілді. Мемлекеттік награданы ҚР Президентінің атынан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тапсырды.
Министр дер кезінде тұрғындарға көмек көрсеткен қостанайлық полицейлердің батырлығын атап өтті. Олар 2020 жылдың 1 ақпанында өртеніп жатқан үйден 2 адамды алып шыққан болатын.
«Осы күні сағат 18.20-да Ұзынкөл ауылындағы екі қабатты үйдің бірінде өрт шықты. Оны полиция жүргізушісі, әріптесім Сағындық Жәкенов көше бойымен өтіп бара жатып, байқап қалды. Ол дереу оқиға орнына жүгірді. Осы сәтте мен де газдың иісін сезіп, аулаға шықтым. Өртеніп жатқан үйдің маңында тұратын едім. Бірден өрт қызметін шақырып, жанып жатқан тұрғын үйге ұмтылдым. Үйдің кіреберісі мен қабырғаларына қар тастап, электр қуатын өшірдім. Пәтерде анасы мен ұлы болған. Ойланып тұра алмайсың, есікті бұзып, ішке кірдік», - деп еске алады Ұзынкөл ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Қуаныш Шәбденов.
Осылайша, тәртіп сақшылары есінен танып қалған үй иелерін сыртқа шығарды. С. Жәкенов жалын шарпыған пәтер ішінен газ баллонын алып шықты.
Міне, полиция қызметкерлерінің батыл қимылы 36 жастағы жігіт пен оның 57 жастағы анасын құтқарды.
«Министр мырза айтқандай, бұл марапат біздің кәсіби еңбегіміздің бағасы ғана емес, бұл – тың серпін, қосымша жауапкершілік. Халық полицияға сенім артады. Біз сол сенімді ақтауымыз қажет. Ол үшін бойдағы білім мен тәжірибемізді жұмсауға міндеттіміз», – деді С.Жәкенов.