Нұр-Сұлтанда соғыс батырлары бейнеленген билбордтар ілінді
Нұр-Сұлтанда соғыс батырлары бейнеленген билбордтар ілінді
291
оқылды
Елорда Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында түрлене түсті, 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 75 жылдығы өлшеусіз даңқтың, өшпес қаһармандық ерліктің, халқымыздың шексіз, мұқалмас қайратының мерекесі ретінде атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұлы Жеңіс күні бейбітшілікті сүйгіш барша адамзаттың мерекесі. Бүгінгі жеңімпаз ұрпақтың балалары мен немерелері үшін жарқын да қасиетті мереке. Қала көшелерінде әдеттегідей халық көп емес, дегенмен елорда үлкен мереке қарсаңында екені аңғарылады. Мерекелік рәміздер барлық жерде: жалаушалар мен Жеңіс күнінің белгілері жазылған көптеген плакаттар ілініп, аялдама павильондарында Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр мерекесімен құттықтаулар ілулі тұр. Соңғы жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша, орталық даңғылдардың бойында екінші дүниежүзілік соғысының батырлары бейнеленген билбордтар ілінген. Қазір көзі тірі қырық төрт соғыс ардагері бар. Олардың ең жасы тоқсаннан асқан. Соғыс жылдары сол кездегі Ақмола облысынан 14 723 адам аттанып, олардың жартысына жуығы майдан даласында қаза тапты. Біздің аталарымыз шайқаста теңдесі жоқ ерліктерімен ерекшеленіп, 44 жауынгер Совет Одағының Батыры атағына ие болды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бегелдинов, Совет Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Рейхстаг үстінде Жеңіс туын көтерген алғашқы Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтар Сарыарқа даңқын бүкіл әлемге жайды. Солардың және басқа майдангерлердің, сондай-ақ тыл еңбеккерлерінің естеліктері кеше ғана жарық көрген «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» кітабында жинақталған. Жеңістің 75 жылдығы отшашу, салтанатты шерулерсіз өтеді. Біз бұл қасиетті мерекені үйде, отбасында атап өтіп, бізге бейбіт аспан сыйлаған әкелерімізді, аталарымызды еске аламыз.