Қазақстанға Оңтүстік Кореядан гуманитарлық көмек келді
Қазақстанға Оңтүстік Кореядан гуманитарлық көмек келді
203
оқылды
Оңтүстік Корея COVID 19 қарсы күресіп жатқан Қазақстанға кезекті гуманитарлық көмегін жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін «Санитарлық эпидемиологиялық экспертиза мен мониторинг» ғылыми орталығының Алматы қалалық бөлімшесіне 40 қорап қорғаныс костюмдері берілді. Алматыдағы ҚР СІМ өкілдігінің жетекшісі Ерлан Ысқақовтың айтуынша, бұл жүкті кореялық компаниялар Сеулден ұйымдастырып жіберген. «ҚР СІМ Кореядағы Қазақстан елшілігі арқылы кореялық компаниялар консорциумы атынан гуманитарлық көмек ұйымдастырды. Бұл консорциумға SK Engineering & Construction, Рахат/LOTTE АҚ, JSC Shinhan Bank Kazakhstan кіреді. Бұл Кореядан жеткен бірінші жүк емес. Бұған дейін Medical Partners Korea Qazaqstan қаладағы медициналық мекемелерге ПТР тестілер жеткізген болатын», - деді Ерлан Ысқақов. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Корея тарапына алғыс білдірді. «Біз Кореялық әріптестерімізбен біріге отырып қалада озық технологиямен жабдықталған ПТР зертхана аштық. COVID 19 диагностикалауда бұл зертхана көп жұмыс атқарып жатыр. Осындай тестілерді қазір ЖИТС орталығына жіберіп жатырмыз», - деді Бекшин. Оның айтуынша, қалада ПТР тестілер жеткілікті. Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев осындай індет кезінде әрбір көмектің маңызы арта түсетінін айтты. «Қазір Қазақстан мен Алматыда эпидемиологиялық және емдеу профилактикалық шаралар белсенді қолға алынып жатыр. Соның арқасында коронавирус инфекциясын тұрақтандыру мүмкін болып отыр. Жедел штабпен бірге жүргізілген жұмыстардың арқасында инфекцияны жеңуге болатынына сенімдімін», - деді Т.Әбілдаев. Айта кету керек, Қазақстанға осы уақытқа дейін Қытай, Польша, Түркия гуманитарлық көмек жасады. Алдағы уақытта БАӘ, Үндістан, Индии, Түркия, Пәкістаннан көмек келетіні анықталды.