11 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтаннан еліміздің 7 қаласына әуе қатынасы жанданады
11 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтаннан еліміздің 7 қаласына әуе қатынасы жанданады
© inform.kz
154
оқылды
11 мамырда Нұрсұлтан мен Алматы қалаларынан Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Тараз, Талдықорған қалаларына әуе қатынастары жанданады. Осы орайда тиісті қаулыға Көліктегі бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабұлов қол қойды. Осы орайда әуе компаниялары басшыларына тиісті міндеттер жүктелген. «COVID-19 тестінен және жеке қорғану құралдарынан өткені туралы анықтама (берілген күннен бастап 14 күн, ПТР -зерттеу) болған жағдайда қызметкерлерді жұмысқа жіберуді; дене температурасын өлшей отырып, қызметкерлердің ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізуді; COVID-19 тестінен өткені туралы анықтама болған кезде ғана жолаушыларды тіркеуді және отырғызуды (анықтаманың қолданылу мерзімі берілген күннен бастап 7 күн, ПТР-зерттеу); әуе кемесінен тіркеуден, отырғызудан және түсіруден өту кезінде жолаушылар арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтауды (1 метр) қамтамасыз етуі керек», - делінген қаулыда. Бұдан бөлек, әуежайдан ұшып шыққан кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Тараз, Талдықорған және Павлодар қалаларының әуежай басшылары COVID-19 тестінен өткені туралы анықтама және жеке қорғану құралдары болған жағдайда қызметкерлерді жұмысқа жіберілуін, жолаушылар арасындағы қауіпсіз арақашықтықтың сақталуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар, әуежайларға өзге де тиісті талаптарды орындау жүктеліп отыр. Еске сала кетсек, 4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастары қайта жанданды.