Карантин: Мемқызметшілердің басым бөлігі қашықтан жұмыс істегенді оң бағалаған
Карантин: Мемқызметшілердің басым бөлігі қашықтан жұмыс істегенді оң бағалаған
228
оқылды
Коронавирус пандемиясына байланысты карантинді енгізу ақпараттық технологияларды қолдануды жеделдетіп, осы саладағы жаңа мүмкіндіктер мен проблемаларды көрсетті. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Астана мемлекеттік қызмет хабы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Атырау мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған «Мемлекеттік қызметшілердің қашықтан жұмысы» атты халықаралық конференцияда бірқатар мәселелер талқыланды. Онлайн конфернцияда Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов қатысушыларға жылы лебізін білдірді. «Пандемия қысқа мерзімді құбылыс болуы мүмкін, бірақ оның әсері - сөзсіз ұзақ мерзімдерге созылады. Барлық елдерде мемлекеттік басқару үлкен сынақтан өтуде. Бұл кезеңде азаматтар барлық қажетті қызметтерді толық көлемде ала алатындығына және мемлекет салық төлеушілер қаражатын тиімді жұмсайды деп күтуге құқылы. Сонымен қатар, шешімдерді жедел қабылдау барысында ашықтық пен есеп берушілік қағидатын сақтау маңызды», – деді А. Байменов. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаевтың айтуынша, карантиннің енгізілуіне байланысты шаралардың бірі - мемлекеттік органдардың қашықтан жұмыс істеу форматына көшуі болды. «Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің 70%-ы қашықтан жұмыс істеуде. Мұндай жұмысты ұйымдастыруда тәжірибе алмасу мен оны талқылау маңызды» деді ол. Бұдан бөлек, Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы Талдау департаменті басшысы Ирина Агапишвили, Әзербайжан Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Бахрам Халилов өз елдерінде мемлекеттік қызметте қашықтан жұмысты енгізу тәжірибесімен бөлісті. Олар мемлекеттік қызметшілерді қашықтан жұмыс істеуге көшіру үшін алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу мен қажетті құзыреттерді дамыту қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, «Tonys Imported Marble and Tile» (Массачусетс штаты, АҚШ) компаниясының директоры Глен Зигмунтович АҚШ-тағы қашықтықтан жұмыс жасауға көшу тәжірибесімен бөлісті. СЅІ компаниясының Бас әріптесі Олжас Құдайбергенов төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттік аппараттың тиімділігі туралы өз көзқарасын білдірді. Конференцияда карантин кезіндегі Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің қашықтан жұмыс жасау тәжірибесі туралы сауалнама нәтижелері таныстырылды. Сауалнама респонденттердің жартысынан астамы қашықтан жұмыс түріне көшуді оң бағалайтынын, бірақ ұйымдастырушылық және техникалық проблемалардың бар екендігін көрсетті. Респонденттердің 31%-ы техникалық ақаулар жиі болатынын, 19%-ы Интернет сапасының өте төмен екенін атап өтті. Конференцияға Қазақстанның орталық және жергілікті атқарушы орган өкілдері де қатысты.