Егер Президент басқаша шешім қабылдамаса, екі күннен кейін төтенше жағдай жойылуы мүмкін. Бірақ сарапшылар елдің COVID-19 індетінен толық арылмағанына назар аудартады, - деп жазады inbusiness.kz.
Мысалы, 8 қаңтарға дейінгі бір тәулік ішінде ғана індетке шалдыққан 112 жаңа сырқат тіркелді. Салыстыру үшін айта кетсек, елде алғашқы коронавирустық инфекция (КВИ) жұқтырғандар пайда болған 13 наурыздан 26 наурызға дейінгі аралықта 112 науқас анықталыпты. Яғни, бұрынғы 13 күн ішіндегі көрсеткіш бүгінде небары 1 күнде еңсеріледі.
Оның үстіне бұл қарқын өрістемесе, әзір тоқтайтын түр байқатпайды. Әлемде көптеген мемлекет пандемия шырқау шегіне жетіп, одан кейін «плато» деп аталатын кезеңге шыққанда ғана шектеу шараларын ақырын алып тастап жатыр. Мамандар тілінде «плато» – кеселге ұшырағандар ары қарай тіркеледі, дегенмен олардың саны бірте-бірте кеми береді деген ұғымды білдіреді.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның COVID-19 платосына шықпақ түгіл, оның қашан шырқау шегіне (пик) жететінін де білмейтінге ұқсайды.Қорқыныштысы сол, бұл жөнінен министрліктің ортақ пайымы да жоқ көрінеді.
Мысалы, 15 сәуірде денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева «Қазақстан КВИ таралуының шырқау шегі кезеңіне енгенін» мәлімдеді. Алайда 22 сәуірде орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берген бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова бұл межені әрі жылжытты. Ол мамыр айының соңына қарай Қазақстанда 4 мың сырқатқа дейін тіркелетінін болжады.
«Болжамымызға сәйкес, өршу, шырқау шек және құлдырауды біз сәуір-мамыр айларында бақылайтын боламыз. Болжам бойынша сәуір соңында КВИ жұқтырудың 2 700 оқиғасы, ал мамыр соңына қарай 4 000 оқиғасына дейін тіркеледі», – деді бас санитар.
Өмір ізінше-ақ ведомствоның бұл байламының быт-шытын шығарды. Масқара болғанда, мамырдың соңында емес, басында – 8 мамыр күні Ковид-19 жұқтырғандар саны 4800-ге жуықтап отыр. Онда неге Қазақстан індет ошағына айналған қалалардағы блок-бекеттерді жойып, шектеулерді азайтып жатыр?
Биліктің осы қауырт қимылына қараған қарапайым бұқара «коронавирус жеңілген екен» деп, бейғам күйге көшуде.Көше толы халық пен көлік. Еш қорғанышсыз, қамсыз далада жүрген қалың жұрт керісінше енді маска киген саналы азаматтарға әлдебір есалаң көргендей осқырына қарайды.
Жалпы, төтенше жағдайды, шектеулерді жою экономиканы – құлаудан, өндіріс пен кәсіпкерлерді – қаусап қалудан сақтау үшін қажет көрінеді. KPMG-дің Қазақстан мен Орталық Азиядағы инвестиция және капитал нарығы департаментінің басшысы Василий Савиннің мәліметінше, COVID-19 пандемиясының Қазақстан экономикасына теріс салдарлары Кеңес одағы күйреген кездегідей алапат ауқым алғалы тұр.
«Біріншіден, 1998 жылдан бері алғаш рет ЖІӨ өсу орнына төмендейді деп болжануда. Халықаралық валюта қоры Қазақстанның жалпы ішкі өнімі теріс көрсеткіш көрсетіп, 2020 жылы -2,5% болады деп жорамалдайды. 2019 жылы ол 4,5%-ға өскен-тін. Яғни, мемлекет 1991 жылы КСРО ыдыраған кезде туындаған дағдарыстан бері бірінші рет теріс динамика паш етуі мүмкін. Екіншіден, әлемде қазақстандық басты экспорттық тауарды – мұнайды тәуліктік тұтыну көлемі биылғы сәуірде 1995 жылғы деңгейге құлдырады. Бұл теңгенің құнсыздануына соқтырды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің талдауынша, COVID-19 таралуы кесірінен дүниежүзінде мұнайға деген сұраныс 2020 жылы тәулігіне 9,3 млн баррелге дейін азаяды. Сәуірде мысалы, сұраным тәулігіне 29 млн баррельге дейін төмендеді», – дейді сарапшы.
Үшіншіден, қазірдің өзінде мемлекет Ұлттық қордың 20%-ын «жеп» қоймақ. 2 сәуірде Қаржы министрі бюджеттің тапшылығы тағы екі есеге – 1,2 триллионнан 2,4 триллион теңгеге дейін ұлғаятынын жеткізді. Бюджеттің жетіспейтін қаржысының бір бөлігін жабу үшін Ұлттық қордан бұрын көзделгендей 2,7 триллион емес, 4,77 триллион теңге шығындалатын болды. Мұның сыртында шетелден қарыз алынады. Василий Савиннің ақпарынша, экономикаға түскен зор ауыртпалық шағын және орта бизнестің, сондай-ақ азық-түліктік емес тауарлардың бөлшек саудасы, авиация, мұнай-газ салаларының, тау-кен өндірісінің, көлік секторының, электр энергетикасының және қызмет көрсету саласының еңсесін езіп, жапап кетті. Ең көп зардап шеккендер осылар.
Бұл ретте отандық кәсіпкерлердің өнімін, қызметін тұтынып келген ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың 74%-ы сатып алуларын және әкімшілік шығыстарын қысқарту туралы шешім қабылдаған.
Телекоммуникация секторынан басқа экономиканың барлық саласы көп қаржыны қажет ететін инвестжобаларын жаппай кейінге қалдырыпты.
Тиісінше, экономистердің байламынша, төтенше жағдай және шектеу шаралары тым ұзаққа созылып кетсе, Қазақстан тәуеліздік жылдарының басындағы алапат дағдарысқа кезігуі ғажап емес.
Карантиннен бас тартуға мемлекетті осы жағдай итермелесе керек. Белгілі профессор, медицина ғылымдарының докторы Галина Кожевникова шектеу шараларын жұмсартуға болатынын, алайда плато артта қалмайынша, шектеуді толық жоюға болмайтынын айтады.
«Өкінішке қарай, емделіп шыққандар саны сыртқаттанып жатқандарға қарағанда әлдеқайда аз. Вакцина да әзірге жоқ. Шектеу шаралары біршама жұмсара түсуі мүмкін. Бірақ толық алып тастауға мүлдем болмайды. Себебі, пандемия төмендеуге бет алған жоқ. Билік органдары жекелеген өңірлердегі және тұтастай мемлекеттегі ахуалға жеке-жеке талдау жасай отырып, шешім қабылдайды. Бәлкім, кейбір өңірлерде карантин қатайтылуы да мүмкін. Бұл істе икемділік маңызды. Әр мемлекеттің ғана емес, әр қаланың өз ерекшелігі бар, демек, енді қабылданатын шаралар да әр облыс пен қаланың жағдайына сәйкестендірілуге тиіс», – деді Галина Кожевникова.
Сарапшы тіпті карантин толық жойылғанның өзінде жұмыс істемейтін зейнеткерлер, армия және басқа да санаттар оқшаулану шараларын сақтағаны, ал аурухана, емхана, балабақша, мектеп, ЖОО және басқа әлеуметтік нысандар санитарлық-эпидемиологиялық және профилактикалық шараларды ұстануы керек екенін атап өтті.