Семейдегі Абай музейінің алдына ұлы ақынның бұған дейін ешқайда бой көтермеген ерекше ескерткіші қойылмақ. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
Қазір аймақта Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған дайындық шаралары белсенді жүргізілуде. Облыс әкімі Семейге арнайы іс-сапармен барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
– Қаладағы Абай алаңында ауқымды қайта құру жұмыстары басталды. Орталықтағы ақын атындағы театр да жаңарып, жаңа келбетке ие болады. Сыртқы безендіру, фойе және көрермендер залының жобаларын таңдадық. Абай музейінде де күрделі жөндеу жүргізіледі. Мұражай алдына ақынның жанында ұлдары тұрған жаңа ескерткіші қойылатынын ерекше атап өткім келеді. Мұндай ескерткіш еш жерде жоқ. Біз алғаш рет Абайды ең жақын адамдарының ортасында көрсетеміз. Бұл жерде ол өз отбасын шексіз сүйетін адам, ал оның балалары құдды қазақ елін бейнелеп тұрғандай әсер қалдырмақ, – дейді облыс әкімі.
Сондай-ақ Өскемендегі Шәкәрім даңғылы да кеңейтілуде. Жол бастан аяқ екі жақты қозғалысқа ыңғайланбақ.
Қазір Тургенев және Белинский көшелері түйісетін тұс та кеңейтілді. Қазір жолдың негізгі қабаты төселіп жатыр. Ал осы тұстан Абай даңғылына дейінгі жол отырып кетпес үшін қиыршық тас төселуде. Сондай-ақ бұл жердегі трамвай рельстерінің бойына да асфальт төсеу жұмыстары қатар атқарылады.
Қоса кетсек, аталған даңғылды кеңейту үшін, оның бойында тұрған 14 жекеменшік жер үйді бұзуға тура келген, тұрғындардың барлығына өтемақы берілген.
Дәурен Аллабергенұлы,
Шығыс Қазақстан.