Ақтөбеліктер Түркістан облысына 50 тонна азық-түлік жөнелтті
Ақтөбеліктер Түркістан облысына 50 тонна азық-түлік жөнелтті
© Сурет ғаламтордан
179
оқылды
Судан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ауданына Ақтөбеден 50 тонна азық-түлік пен қажетті заттар жіберілді. Үлкен жүк көлігі мен 20 «ГАЗель»-ге тиелген гуманитарлық жүк жолға шықты. Ақтөбе қаласы мен Шалқар, Ырғыз, Алға аудандарының қарапайым тұрғындары, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметшілер мен волонтерлер бірнеше күн бойы Түркістан облысының Мақтаарал ауданына жөнелтілетін жүкті жинады. «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы мен волонтерлер арасында келісім жасалып, халық әкелген заттар жүк көлігіне мешіт жанында тиелді. Кейбір еріктілер азық-түлік, киім мен тұрмыстық заттарды тұрғындардың үйлерінен жинады. «Апат айтып келмейді. Мұндайда біз бір болып, қиындықты еңсеруіміз керек. Жүкті жинап, тиеп, оны жеткізуге көмектесіп жатқан адамдарға алғыс айтамыз», - деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов. Мәлім етілгендей, блокпостардан өту үшін құжаттар алдын ала әзірленді. Гуманитарлық жүкті партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов бастап барады. Айта кетейік, сонымен бірге ақтөбеліктер мақтааралдықтарға көмек ретінде біркүндік жалақыларын аударып жатыр.