Әлемдік пандемияға байланысты биыл бірқатар шараларды кең көлемде атап өтуге шектеу қойылғаны белгілі. Десе де, жамбылдықтар Ұлы Жеңіс күнін бар салтанатымен атап өтуге тырысты.
Бүгін Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты кешке К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры және орыс драма театыры мен өңірлік кино орталығы, сондай-ақ халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары қатысып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін жылжымалы экипаж шаһарымыздың бірнеше көшелерін аралап өтті. Соғыс кезіндегі сарбаздар кейіпіндегі өнер иелері жүк көлігінің үстінде отырып, өз өнерлерін ұсынды. Мәселен, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан бастау алған аталған экипаж орталық алаңмен жүріп, теміржол бекеті бағытындағы Абай көшесінің бойында орналасқан 10 қабатты тұрғын үй ауласынан кері қайтты. Одан кейін Әйтиев, Әйтеке би көшелері арқылы, «Глобус» аялдамасынан Ташкент көшесі арқылы, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің артқы бөлігіне шығып, Көшеней көшесін бойлай, Жамбыл даңғылына түсті. Бұдан кейін «Лермонтов», «Сейфуллин» аялдамалары арқылы «Самал», «Молочная кухня», «Қайқармет» аялдамаларынан өту арқылы «Аса» және «Жансая» ықшам аудандарын қамтыды. Тәуке хан көшесі бойымен «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі және «Тараз-Арена» спорт кешені маңымен «Бәйтерек» ықшамауданы мен «Арай» тұрғын алқабына барып, «Көктем» тұрғын алқабы көшесімен Төле би көшесіне түсіп, «Һибатула Тарази» орталық мешіті қасымен Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына қайтадан оралды. Қаланы аралау барысында жылжымалы экипаж мүшелері радиорубкамен жұртшылыққа мерекелік құттықтаулар жолдады. Сонымен қоса әншілердің орындауында көпшілікке әскери және патриоттық әндерден радио композициялар ұсынылды. Театр актерлары Б.Момышұлының, Ә.Молдағұлованың, Р.Қошқарбаевтың бейнелерін сомдап, А.Константинованың «Фронтовая Любовь» диалогын орындады.
Осылайша ұйымдастырушылар ҰОС батырларының өшпес ерлігін ұлықтап, майдангерлерге деген құрметін көрсетті. Карантин кезіндегі жұртшылыққа шара мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Ұлы Жеңістің қуанышын сездіргені анық.
Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы