Алматыда төтенше жағдайға байланысты Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін кең ауқымда атап өту мүмкін болмады. Дегенмен Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері ескерусіз қалған жоқ. Оларға барынша сый-құрмет көрсетілуде.
Алматы әкімдігі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрымен бірлесіп, Жеңіс күнінде бірқатар мәдени іс-шара өткізбек. Бұл ретте барлық іс-шара елдегі төтенше жағдай режимін ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуынсыз өтеді.
https://www.youtube.com/watch?v=k7PVOVC5b4Y
9 мамыр қарсаңында әскери әндерді тұрғын үйлердің балкондарында тұрып орындау флешмобы ұйымдастырылды. Барлық концерттік нөмір бейнекадрға түсіріліп, одан әрі әлеуметтік желілерге орналастыру үшін фильм-концертке біріктіріледі. Концертке театрдың жетекші солистері қатысады. Халықаралық конкурстардың лауреаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының вокалдан дәріс беретін оқытушысы Айдос Жабағин «Жеңіс күні» әнін орындады. Абай театрының солисі Дулат Тоқанов сахналас әріптестерімен бірге «В бой идут одни «старики» фильмінен «Смуглянка» әнін шырқады. Ал солист Ләззат Бірімғазина бірнеше ұрпаққа жалғасып келе жатқан «Катюша» әнін қазақ және орыс тілдерінде орындады.