Ералы Тоғжанов ойын-сауық орталықтарының қашан ашылатынын айтты
Ералы Тоғжанов ойын-сауық орталықтарының қашан ашылатынын айтты
5,201
оқылды
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов ойын-сауық орталықтарының қашан ашылатынын айтты. «Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 мың шаршы метрге дейінгі азық-түліктен бөлек дүкендердің, сұлулық салондарының және балаларды дамыту орталықтарының ашылатынын мәлімдеді. Тұрғындардың саябақтар мен скверлерде серуендеуіне рұқсат беріледі. Парк жанындағы көңіл көтеру жұмыстарына шектеу қойылады», - деп түсіндірді Е. Тоғжанов Үкіметте өткен онлайн брифингте. Сонымен бірге, Е. Тоғжанов ойын-сауық орталықтарының жұмысын жандандыру бойынша көп сұрақ келіп түскенін айтты. «Бұл кезеңде ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалар мен қонақ үйлердің жұмысы іске қосылмайтынын мәлімдеймін. Бұл мәселе сәл кейінірек өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қарастырылады», - деді Е. Тоғжанов. Оның айтуынша, елдегі КВИ жұқтырғандар үлесін 2 пайызға дейін азайтқанда ғана, ойын-сауық орталықтарын ашуға мүмкіндік бар. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстандағы төтенше жағдай режимі тоқтағанын хабарлаған еді. Бірақ, елімізде карантин режимі әлі де сақталады.