Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді. Қазақстанда төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Ал тиісті комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемкомиссия болып қайта құрылады.
Мемлекет басшысы карантинде өткен соңғы екі ай еліміз үшін оңай болмағанына назар аудартты.
– Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр. Дегенмен індеттің шарықтау шегінен өттік. Мемкомиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халық денсаулығын қорғау, ел табысын арттыру, бизнесті қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. Енді бұл комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқтал-ды, – деп жариялады Қ.Тоқаев.
Алайда кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей тұр. Президент «індет толығымен жойылмағанын» баса айтты: пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті.
– Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Көптеген сала қызметі қалпына келе бастады. Бұған дейін 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуетасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады. Көптеген шектеулер алып тасталды. Бірақ күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Үкіметке жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуге тапсырма берілді. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуге міндеттеледі. Мемлекет басшысының пікірінше, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуы тиіс.
Облыстар арасындағы көлік қатынасына шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен ғана жұмыс істейді: автобустардың аузы-мұрнынан шыға толуына жол берілмеуі керек. Жолаушылардан қоғамдық көлікке бетперде тағып кіру талап етіледі.
Көшеде азаматтардың 3 адамнан көп топтасуына тыйым салынады.
Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы әрі қарай қашықтан жұмыс істейді. Ал жеке компаниялар басшылары қанша қызметкердің жұмысқа шығатынын өзі анықтауы тиіс.
– Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Өзіміздің аман-саулығымызға ең бірінші өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды, – деді Қ.Тоқаев.
Президент тапсырмасы бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестіру жалғасуда. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді.
700 мыңнан астам компания мен кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды: олар 1 триллион теңгедей қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.
– Жұмыс барысында олқылықтар болғанын да мойындауымыз керек. Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас. Осыған орай, дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық. Көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы шешілді. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды. Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті, ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа алып келуі әбден мүмкін. Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы 100 жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжады. Қазақстан Президентінің байламынша, осындай жағдайға қарамастан еліміз бірқатар басымдыққа ие: бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас екен. Ең бастысы, республика жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керегін айқындап алды.
Мемлекет басшысы дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі даму басымдықтарына жеке тоқталды. Ең басты міндеттер қатарында барша азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтау, табысын арттыру, бизнесті қолдау және дамыту, білім мен ғылым жүйесін жетілдіру аталды.
– Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек. Біріншіден, қазақстандық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі арттырылуы қажет. Бұл үшін қолданыстағы қуатты шикізат базасын пайдалана отырып, өнеркәсіптің жаңа түрлерін өркендеткеніміз жөн. Қазақстандық экономиканың болашақ құрылымына жаңаша көзқараспен қарап, оның басты секторларының – өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және сервис салаларының әрқайсысының рөлін анықтауға тура келеді. Басқаша айтқанда, шұғыл түрде экономиканың жаңа құрылымын түзуіміз керек, – деді Қ.Тоқаев.
Атап айтқанда, энергетикалық сектор ірі реформаны бастан кешеді. Ел Президенті мұнай-газ саласының дағдарыстан кейінгі тағдыры өзгеше болатынын, алдағы жылдары әлемде оның орнын «жасыл энергетика» басатынын ескертті.
– Индустрияландыруға деген көзқарасымыз да қайта қарауды қажет етеді. Экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүмкіндіктерді анықтау, қолжетімді мақсаттар мен тетіктерді белгілеу және алға жылжу қажет. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуын сауатты қолданып, оларды экономикалық белсенділікті қалпына келтіру құралы ретінде қарастыруымыз қажет. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алулардың ерекше тәртібі биылғы тамыз айына дейін күшінде болады. Қазақстандық материалдар мен құрал-жабдықтарды барынша тұтыну – бизнесті дамытудың басымдықты шарты ретінде бекітіледі, – деді Мемлекет басшысы.
Инфрақұрылымдық бағдарламалардағы жергілікті мазмұн үлесі қазіргі 40 пайыздан 60-70 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Үкіметтің, әкімдердің және квазисектор компаниялары басшыларының жұмысы негізінен, осы көрсеткішке қаншалықты қол жеткізгеніне қарай бағаланады делінді.
Пандемия «Ас – адамның қуаты» деген қазақ нақылының дұрыстығын кезекті рет әрі көрнекті түрде растады. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі – бүкіл мемлекет қауіпсіздігінің шешуші элементі. Сол себепті мемлекет аграршыларға барынша қолдау көрсетуді жалғастырады. Президент қорада мал ұстап, бау-бақшада жеміс-көкөніс өсіретін ауылдықтардың өнімін тұрақты сатып алу және өткізу жүйесін жолға қою керегін жеткізді. Бұл ауылдағы 2 миллиондай адамның табысын арттырады, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктелуін 53-тен 70%-ға дейін жоғарылатады, әлеуметтік маңызды азық-түлік импортын төмендетеді.
Екіншіден, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
– Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуы тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы, ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Тұрақты экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет. Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үшіншіден, қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканың дамуына, жұмыспен қамтуға қуатты серпін береді, әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, ел тұрмысын жақсартады.
– Үй кезегінде тұрғандардың мәселелерін шешу үшін кредиттік баспанамен қамту бойынша «5-10-20» жаңа жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұған дағдарысқа қарсы шаралар аясында 390 миллиард теңге бағыттаймыз. Биылғы жылы елде тұрғын үйді рекордтық көлемде – 15 миллион шаршы метрін салу жоспарланған, бұл 150 мыңдай пәтер мен жеке үй. Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту – Үкімет қызметінің стратегиялық бағдарларының бірі. Бұл үшін институттық құрылымды жаңғырту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Оның тапсырмасына сәйкес, елімізде жаңа банк пайда болады: Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» негізінде «Отбасы банкі» аталатын толыққанды даму және қолдау институтын құрады. Ол баспанаға зәру азаматтарды тіркеу, есебін жүргізу және тұрғын үйді үлестіру ісін бір орталықтан жүзеге асыруы тиіс. Азаматтарға алда зейнетақы жинағының бір бөлігін БЖЗҚ-дан алып, өз тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауына рұқсат етіледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан бұрын осындай тапсырма бергенін, алайда ТЖ енгізілуі салдарынан бұл іс ұзаққа созылып кеткенін еске салды. Енді нақты шешім қабылданады: Үкімет зейнетақы жинағын қанша көлемде қалдырып, қаншасын алуға болатынын биылғы 1 шілдеге дейін нақты айқындайды.
Төртіншіден, Қазақстанда «салтанат салығының» бір түрі енгізілмек: қазақстандықтардың жалақысына және басқа табыстарына жеке табыс салығын салудың прогрессивті шкаласын іске қосу мәселесі пысықталады. Нақтылай кетсек, еңбекақысы аз адамдар салықты қазіргіден аз көлемде төлейді. Жоғары жалақы алатын адамдарға салынатын салық керісінше, өсіріледі.
Бесіншіден, ұлттық бизнесті қолдау шаралары пысықталады. Үкімет пен «Атамекенге» «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында шағын бизнеске арналған арнайы шаралар қарастыру, осы бағытты қаржыландыру көлемін анықтау жөнінде тапсырма берілді.
Алтыншыдан, инвестиция тарту жұмысы жандандырылады. Әр инвесторды қолдаудың жеке шаралары әзірленеді. Үкімет әрбір капитал иесімен тікелей жұмыс істеуге көшеді.
Жетіншіден, ел Президенті ТЖ режимінің енгізілуін форс-мажорлық жағдай деп құқықтық-нормативтік деңгейде тану қажетін және кәсіпкерлер жүгінгенде, сот осыны ескеруі керегін атап өтті.
Адал емес кредиторлардың қысымына жол бермеу үшін Мемлекет басшысы биылғы 1 қазанға дейін заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттау бойынша іс қозғауды тоқтатты.
– Азаматтарды қолдауға және бизнесті дамытуға арналған жаңа шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық өсімді қайта қалпына келтірудің кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Жоспар жуық арада бекітіледі. Меморгандар оны жүзеге асырудың барлық жолын мұқият пысықтауы қажет. Сондай-ақ олар өзінің орынсыз әрекеті арқылы бұл шаралардың маңызын жоққа шығаруға жол бермеуі керек. Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, ел мен экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты, – деді Қ.Тоқаев.
Дағдарыс салдарынан әлемдегі ахуал және ұлттық экономика түбегейлі өзгерді. Жаңа ахуал мен факторлар, алдағы өзгерістер негізінде Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасы дайындалады.
Президент мемлекеттік басқару жүйесі жаңаратынын мәлімдеді. Постпандемиялық ахуалға орай жаңа тәсілдер енгізіледі. Мемлекет басшысы өмірге енген жаңалықтың бірі ретінде бұдан былай Үкіметтің, министрліктердің, әкімдіктердің отырыстары мен кеңестерін барынша қашықтан, дистанциялық режимде өткізуді ұсынды.
Сөз соңында ел Президенті Қ.Тоқаев Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге сөз арнады.
– Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Жалпы, зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтар бұл жолы да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Біз бірге болсақ, барлық қиындыққа төземіз! Бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.