Президент: Барлық сынақтан сүрінбей өтеміз

Президент: Барлық сынақтан сүрінбей өтеміз

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді. Қазақстанда төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Ал тиісті комиссия Экономикалық өсім­ді қалпына келтіру жөніндегі мемкомиссия болып қайта құры­лады. Мемлекет басшысы каран­тин­де өткен соңғы екі ай еліміз үшін оңай болмағанына назар ау­дартты. – Дағдарыс әлі толық еңсе­ріл­мей тұр. Дегенмен індеттің ша­рық­тау шегінен өттік. Мем­ко­мис­сия ауқымды жұмыс атқарды. Ха­лық денсаулығын қорғау, ел та­бысын арттыру, бизнесті қолдау үшін 500-ге жуық шешім қа­был­да­­нып, жүзеге асырылды. Енді бұл комиссия Экономикалық өсім­­ді қалпына келтіру жөніндегі мем­­лекеттік комиссия болып қай­­та құрылады. Бүкіл еліміздегі тө­­тенше жағдай режимі аяқтал-ды, – деп жариялады Қ.Тоқаев. Алайда кейбір аймақтарда дерт­тің таралуы бәсеңдемей тұр. Пре­зидент «індет толығымен жойыл­­мағанын» баса айтты: пан­демия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. – Сондықтан карантиндік шек­­­­­теулер әр өңірдегі жағдайдың жақ­саруына қарай біртіндеп алы­нады. Көптеген сала қызметі қал­­пына келе бастады. Бұған дейін 1 миллион 100 мыңнан ас­там азамат жұмысқа шықты. Бү­гін­­нен бастап еліміз бойынша дү­­кендердің біразы ашылады, сән са­лондарының, білім орта­лық­та­рының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Сая­бақ­тар ашылады. Жолаушыларға ар­налған әуетасымалының жұ­мы­сы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашыл­ған болатын. Енді оған тағы 7 қа­ла қосылады. Көптеген шек­теу­лер алып тасталды. Бірақ күн­делікті өмірде сақтық шараларын қа­таң ұстанған жөн! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Үкіметке жаңа санитарлық ере­желерді дайындап, енгізуге тап­сырма берілді. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәй­кес жұмыс істеуге мін­дет­те­леді. Мемлекет басшысының пі­кі­рінше, әлеуметтік арақашық­тық­ты сақтау, көпшілік жиналған жер­де бетперде тағып жүру қа­лып­ты жағдайға айналуы тиіс. Облыстар арасындағы көлік қа­тынасына шектеулер қала бе­реді. Қоғамдық көліктер жар­ты­лай жүктемемен ғана жұмыс іс­тейді: автобустардың аузы-мұр­нынан шыға толуына жол беріл­меуі керек. Жолаушылардан қо­ғам­дық көлікке бетперде тағып кіру талап етіледі. Көшеде азаматтардың 3 адам­нан көп топтасуына тыйым са­лы­нады. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы әрі қарай қашықтан жұ­мыс істейді. Ал жеке ком­па­ния­лар басшылары қанша қыз­мет­кердің жұмысқа шығатынын өзі анықтауы тиіс. – Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен адамдардың қауіп­сіздігіне байланысты мә­селе. Жұмыс орнында әлеуметтік ара­қашықтық және қатаң са­ни­тарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Өзіміздің аман-сау­лығымызға ең бірінші өзіміз жауап­ты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақ­ты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайын­дайды, – деді Қ.Тоқаев. Президент тапсырмасы бо­йынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 мил­лионнан астам адамға 42 500 теңге кө­ле­мінде қар­жылай көмек көрсетілген. 1 мил­­­лионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлес­тіру жалғасуда. 2 мил­лионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды: олар 1 триллион тең­гедей қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. – Жұмыс барысында олқы­лықтар болғанын да мойындауы­мыз керек. Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас. Осыған орай, дер кезінде шұғыл шаралар қабыл­дадық. Көптеген мәселе қоғам өкіл­дерінің бел­сене қатысуы арқы­лы шешілді. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын жүзеге асырудың ма­ңызды кезеңіне айналды. Коро­навирус панде­миясы әлемдік ре­цессияның басталуына себеп бол­ды. Тіпті, ұзаққа созылатын эко­номикалық дағдарысқа алып келуі әбден мүмкін. Жер-жерде протекцио­низмнің күшеюі белең алуда. Экономи­каның тұтас са­ла­лары тоқырауға ұшырап жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сарапшылар жаһан экономи­касы соңғы 100 жыл ішінде болма­ған деңгейге түсетінін болжады. Қазақстан Прези­дентінің байла­мынша, осындай жағдайға қара­мас­тан еліміз бірқатар басымдыққа ие: бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкін­дігі­мізге орайлас екен. Ең бастысы, респуб­лика жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиім­ділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керегін айқындап алды. Мемлекет басшысы дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі даму басымдықтарына жеке тоқталды. Ең басты міндеттер қата­рында бар­ша азаматтың өмірі мен ден­саулығын сақтау, табысын арттыру, биз­несті қолдау және дамыту, білім мен ғылым жүйесін жетілдіру аталды. – Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек. Біріншіден, қазақстандық экономиканың өзін-өзі қамта­ма­сыз ету деңгейі арттырылуы қажет. Бұл үшін қолданыстағы қуатты шикізат базасын пайдалана оты­рып, өнеркәсіптің жаңа түрлерін өркендеткеніміз жөн. Қа­зақ­­стан­дық экономиканың болашақ құ­рылымына жаңаша көзқараспен қарап, оның басты секторлары­ның – өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және сервис сала­ларының әрқайсысының рөлін анықтауға тура келеді. Басқаша айтқанда, шұғыл түрде экономи­каның жаңа құры­лымын түзуіміз керек, – деді Қ.Тоқаев. Атап айтқанда, энергетикалық сектор ірі реформаны бастан кешеді. Ел Пре­зи­денті мұнай-газ саласының дағдарыстан кейінгі тағдыры өзгеше болатынын, алда­ғы жылдары әлемде оның орнын «жасыл энергетика» басатынын ескертті. – Индустрияландыруға деген көзқа­расымыз да қайта қарауды қажет етеді. Экспорттық және ішкі нарықтардағы нақ­ты мүмкін­дік­терді анықтау, қолжетімді мақ­саттар мен тетіктерді белгілеу және алға жылжу қажет. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуын сауатты қолданып, оларды экономикалық белсен­ді­лікті қалпына келтіру құралы ре­тінде қарастыруымыз қажет. Отан­дық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алулардың ерекше тәртібі биылғы тамыз айына дейін күшінде бо­лады. Қазақстандық материалдар мен құрал-жабдықтарды барынша тұтыну – бизнесті дамытудың ба­сымдықты шарты ретінде бе­кі­тіледі, – деді Мемлекет басшысы.   Инфрақұрылымдық бағдар­ламалар­дағы жергілікті мазмұн үлесі қазіргі 40 па­йыздан 60-70 пайызға дейін ұлғайтыл­мақ. Үкі­меттің, әкімдердің және квази­сек­тор компаниялары басшыларының жұмысы негізінен, осы көрсет­кіш­ке қан­шалықты қол жеткізгеніне қарай баға­ланады делінді. Пандемия «Ас – адамның қуа­ты» деген қазақ нақылының дұ­рыстығын кезекті рет әрі көрнекті түрде растады. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі – бүкіл мемлекет қауіп­сіздігінің шешуші элементі. Сол себепті мемлекет аграршыларға барынша қолдау көрсетуді жалғас­тырады. Президент қо­рада мал ұстап, бау-бақшада жеміс-көкө­ніс өсіретін ауылдықтардың өнімін тұ­рақты сатып алу және өткізу жү­йесін жол­ға қою керегін жеткізді. Бұл ауылдағы 2 мил­­лиондай адам­ның табысын артты­ра­ды, отандық ауыл шаруашылығы кә­сіпорын­дарының жүктелуін 53-тен 70%-ға дейін жоғарылатады, әлеуметтік маңызды азық-түлік импортын төмендетеді. Екіншіден, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жү­зеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. – Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пай­далануға бо­лады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақыла­уында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуы тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жат­қан жобалар ар­қылы, ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қа­жет. Тұрақты экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамы­татын бастамалар қолға алы­нуы қажет. Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыс­тары жүргізілуі тиіс. Біркелкі нысандар­дың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-эконо­ми­калық тиімділігіне талдау жаса­ла­ды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Үшіншіден, қолжетімді тұрғын үй құ­рылысы экономиканың да­муына, жұмыс­пен қамтуға қуатты серпін береді, әлеу­меттік қолдау шараларын күшейтіп, ел тұрмысын жақсартады. – Үй кезегінде тұрғандардың мәселе­лерін шешу үшін кредиттік баспанамен қамту бойынша «5-10-20» жаңа жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұған дағдарысқа қар­сы шаралар аясында 390 мил­лиард теңге бағыттаймыз. Биылғы жылы елде тұрғын үйді рекордтық көлемде – 15 мил­лион шаршы метрін салу жоспарланған, бұл 150 мыңдай пәтер мен жеке үй. Аза­маттардың тұрғын үй жағдайын жақсар­ту – Үкімет қызметінің стратегиялық бағдарларының бірі. Бұл үшін институттық құрылымды жаңғырту қажет, – деді Мемлекет басшысы. Оның тапсырмасына сәйкес, елімізде жаңа банк пайда болады: Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын­үйқұрылыс­жинақ­банкі» негізінде «Отбасы банкі» аталатын толық­қанды даму және қолдау инсти­тутын құрады. Ол баспанаға зәру азаматтарды тіркеу, есебін жүргізу және тұрғын үйді үлестіру ісін бір орталықтан жүзеге асыруы тиіс. Азаматтарға алда зейнетақы жина­ғының бір бөлігін БЖЗҚ-дан алып, өз тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға жұмсауына рұқсат етіледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан бұрын осындай тапсырма бергенін, алайда ТЖ енгізілуі салдарынан бұл іс ұзаққа созылып кеткенін еске салды. Енді нақты шешім қабылданады: Үкімет зейнетақы жинағын қанша көлемде қалды­рып, қаншасын алуға болатынын биылғы 1 шілдеге дейін нақты айқындайды. Төртіншіден, Қазақстанда «сал­танат салығының» бір түрі енгізілмек: қазақ­стандықтардың жалақысына және басқа табыста­рына жеке табыс салығын салудың прогрессивті шкаласын іске қосу мәселесі пысықталады. Нақтылай кетсек, еңбек­ақысы аз адамдар салықты қазіргіден аз көлемде төлейді. Жоғары жалақы алатын адамдарға салынатын салық керісінше, өсіріледі. Бесіншіден, ұлттық бизнесті қолдау шаралары пысықталады. Үкімет пен «Атамекенге» «Биз­нестің жол картасы – 2025» бағ­дарламасы аясында шағын биз­неске арналған арнайы шаралар қарастыру, осы бағытты қаржы­ландыру көлемін анықтау жөнінде тапсырма берілді. Алтыншыдан, инвестиция тар­ту жұмысы жандандырылады. Әр инвесторды қолдаудың жеке ша­ралары әзірленеді. Үкімет әрбір капитал иесімен тікелей жұмыс істеуге көшеді. Жетіншіден, ел Президенті ТЖ режимінің енгізілуін форс-ма­жорлық жағ­дай деп құқықтық-нормативтік деңгейде тану қажетін және кәсіпкерлер жүгінгенде, сот осыны ескеруі керегін атап өтті. Адал емес кредиторлардың қы­сы­мына жол бермеу үшін Мем­­лекет бас­шы­сы биылғы 1 қа­занға дейін заңды тұл­ғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатыс­ты банкроттау бойынша іс қозғауды тоқтатты. – Азаматтарды қолдауға және бизнесті дамытуға арналған жаңа шараларды жүзеге асыру үшін Эко­номикалық өсімді қайта қалпына келтірудің кешенді жос­пары әзірленіп жатыр. Жоспар жуық арада бе­кітіледі. Мемор­ган­дар оны жүзеге асыру­дың барлық жолын мұқият пысықтауы қажет. Сондай-ақ олар өзінің орынсыз әрекеті арқылы бұл шаралардың маңызын жоққа шығаруға жол бермеуі керек. Дағ­дарыстың күр­делі кезеңін қалай еңсе­ретініміз, ел мен экономиканы одан әрі да­муға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты, – деді Қ.Тоқаев. Дағдарыс салдарынан әлемдегі ахуал және ұлттық экономика тү­бе­гейлі өзгерді. Жаңа ахуал мен фак­торлар, алдағы өзгерістер не­гізінде Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­па­рының жаңа нұсқасы дайын­далады. Президент мемлекеттік бас­қару жүйесі жаңаратынын мәлім­деді. Постпан­демия­лық ахуалға орай жаңа тәсілдер енгізіледі. Мемлекет басшысы өмірге енген жаңа­лықтың бірі ретінде бұдан былай Үкіметтің, министрлік­тердің, әкімдіктердің оты­рыстары мен кеңестерін барынша қа­шықтан, дистанциялық режимде өткізуді ұсынды. Сөз соңында ел Президенті Қ.Тоқаев Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге сөз арнады. – Біз ауданның күнделікті тір­шілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті ша­ралар қабыл­дай­мыз. Күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер са­лынады. Зардап шеккен әрбір адам­ға 100 мың теңге өтемақы тө­ленеді. Мал шы­ғыны, тасқын­ның ауыл шаруашылығы алқап­тарына тигізген зияны өтеледі. Жалпы, зардап шеккен ауылдар­дың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ри­зашылығымды білдіремін. Қазақ­стан­дықтар бұл жолы да бір жең­нен қол, бір жағадан бас шығара білді. Біз бірге болсақ, барлық қиын­дыққа төземіз! Бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.  

Елдос СЕНБАЙ