Кейбір сарапшылар «коронавирус пандемиясынан соң әлем енді бұрынғы қалпына келмейді» дейді. Басқа салаларды қайдам, ақпарат нарығына, соның ішінде мерзімдік басылымдарда үлкен өзгеріс болары хақ. Болып та жатыр. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде. Қалалар, өңірлер жабылған соң газеттің діттеген жеріне жетуі қиын. Есесіне, онлайн ақпараттың, байланыстың сұранысы артты, дәуірі туды. Ендігі кезекте ақпарат нарығының халі не болмақ?
Пандемия уақытында АҚШ-та 36 мың журналист далада қалған немесе жалақысы қысқарған. Ал жарнамаға негізделген кейбір газеттер жабылып қалған. Бұл елде соңғы 60 күнде былтырмен салыстырғанда экономиканың өзге секторларында жаңа жұмыс орындары 24 пайызға кемісе, медиа саласында 35 пайызға азайып кеткен. Ақпарат нарығы үлкен шығын көруде. Бизнес тоқтаған соң олардан келетін жарнама да күрт азайған. АҚШ-тағы ірі бұқаралық ақпарат құралдары сол шығынын азайту үшін қызметкерлерінің жалақысын қысқартуға көшкен. Мәселен, BuzzFeed жаңалықтар сайты жылына 40 мың доллардан жоғары жалақы алатын қызметкерлерінің табысын қысқартқан. Басшылықтың да айлығы 25 пайызға кеміген. Vogue, Vanity Fair, The New Yorker басылымдары да жылына 100 мың доллар табатын қызметкерлерінің қаражатын 10 пайыздан 20 пайызға дейін қысқарту туралы шешім қабылдаған. Жағдай қиындаса, редакторлармен қош айтыспақ. Ал АҚШ-тың басқа штаттарындағы жағдай бұдан да қиын. Түрлі БАҚ (газет, сайт) өз қызметкерлерінің 40-50 пайызымен қоштасқан. Себеп біреу – коронавирус тарағалы түсетін қаржы кеміп кеткен.
Ұлыбританиядағы газеттер де қазір қиындықты бастан кешіруде. Бұл елде таралымы ең көп газет – Metro өзінің әдеттегі 1,5 миллиондық тиражын қазір 400-500 мың данаға дейін қысқартқан. Ал JPI Media компаниясы 12 өңірлік газетті жауып, 350 қызметкерін жұмыстан шығарған, қалғандарының жалақысын 15 пайызға кемітті. 150 жылдық тарихы бар South London Press газеті де редакторларының тең жартысымен қош айтысып, оқырмандардан қаржылай көмек беруін сұрап отыр. Express және Mirror секілді белгілі басылымдардың иесі Reach компаниясы 4 700 қызметкерінің 940-ын жұмыстан босатты. Қалғандарының айлығын 10-20 пайызға кесті. Себеп сол баяғы – газетке келетін жарнама жоқ, өйткені бизнестің ісі тұралап қалды. Ал газет сататын орындар жабық.
Бұл тенденция Қазақстанға да келері анық. Бәлкім, пандемияның қаржылық салдары биыл жаз айларында сезілетін шығар.Себебі еліміз коронавируспен күресу үшін 6 трлн теңгеге жуық қаражат бөліп, қатты шығындалды. Оны жақын уақыт аралығында өтей қоятын бизнес те, экономикалық даму да байқалмайды. Жақында Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылы отандық экономика бар-жоғы 0,9 пайыз дамуды көрсетеді деп болжады. Ал AERC ұйымы тіпті пессимистік көзқараста. Олардың болжамынша, биыл соңғы 22 жылда алғаш рет экономикамыздың дамуы 0,9 пайыз (минус) болмақ, яғни кері кетпек. Аталған дағдарыс компаниялардың шығындарын, соның ішінде жарнамаға бөлетін қаражатын күрт азайтатыны белгілі. Сәйкесінше, көптеген ақпараттық жобаның қаржыландырылуы тоқтап, тіпті қаламгер қауымның біраз бөлігі шетелдегідей жұмыссыз қалуы да бек мүмкін.
Жалпы, былтырғы статистикаға зер салсақ, Қазақстанда 204 республикалық және 521 аймақтық газет тарайды. Қазпошта арқылы жазылатын газет пен журнал саны – 108 млн 363 мың. Оқырманның 54 пайызы жергілікті газетке жазылатын көрінеді. Ал оқырман кім? Оқырманның 73 пайызы ауыл тұрғындары. Газетке ең көп жазылатындар – Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облысының халқы. Енді сандарды сөйлетсек. Ауыл азаматтары үшін әлі де газет – ақпарат алудың бірден-бір көзі. Себебі интернет байланыс аймақтарды толық қамтыған жоқ. Газеттен қол үзбегендер оңтүстік өңірлер, яғни қазақтілді аумақ. Дегенмен ғаламтор кеңістігі кеңейген сайын ауылда газетке деген сұраныс төмендей беретінін болжау қиын емес. Сондықтан ақпаратты саусағымен парақтап оқитын жан уақыт өте келе азаяды. Бұл – әлемдік үрдіс.
Әрине, кез келген бұқаралық ақпарат құралының қазіргі кезде даму жолы оның цифрлы нұсқасымен қатар жүруі керек. Уақыт талабы. Азаматтар күнделікті ақпаратты қолындағы смартфоны арқылы әп-сәтте алып жатқанда мобильдік нұсқаны, сайттарды дамытпау, оны ерекше контентпен толтырмау кері шегінумен тең. Әлемдік газеттер электронды жазылымға өтіп кеткелі қашан. Бұл – өте тиімді бағыт. Себебі электронды жазылымда шығын жоқ, есесіне ақылы болғандықтан, пайдалы. Мәселен, былтыр жыл соңында The New York Times газетінің 4,7 млн онлайн жазылған оқырманы болса, биыл сәуір айында олардың саны 6 млн-ға жеткен. Өйткені карантин уақытында оқырман қарасы күрт артқан. Алайда отандық және әлемдік сайттардың айырмашылығы бар.
Айталық, сөз болған The New York Times әлемдік тіл – ағылшын тілінде ақпарат тарататын әрі бір жарым ғасырлық тарихы бар бренд. Дүниежүзінде ағылшын тілін меңгерген кісі саны 1 миллиардтан асып жығылады. Олардың белгілі бір мөлшері ақпарат үшін аз да болса ақша төлеуге даяр. Сәйкесінше, басылымның онлайн-жазылым бағасы да арзан. Мәселен, сол The New York Times айына 2 доллар сұраса, Washington Post жылдық жазылымды 29 долларға бағалап тұр. Яғни, жарнама, корпоративті жазылым, басқа да табысты есептемегенде тек онлайн жазылушылар газетке ай сайын 12 млн доллар әкеліп тұр. Сырттай қарағанда жеңіл әрі тартымды бағыт. Алайда бұл механизмді біздің елде жүзеге асыру қиындау. Оның өз себебі де бар. Алдымен қазақ тілінің қолдану аясы Қазақстан аумағы ғана екенін еске салып, бір саусақты бүгейік (шеттегі бауырларды есепке алмасақ). Екіншіден, біздің қоғамда ақпаратты тауар ретінде қарастырып, ол үшін ақша төлеу мәдениеті толық қалыптаспады. Әрине, бұл арыздануға себеп емес. Басылымдардың даму келешегі және отандық БАҚ осы бағытқа бейімделуі тиіс.
Пандемия мерзімді баспасөз басылымдарының жағдайын қиындатса, керісінше әлеуметтік желі, стримингтік қызметтерге жаңа аудитория сыйлады. Оның себебі де қарапайым. Карантинде үйіне қамалған миллиондаған адам бар қызықты қолындағы смартфоннан немесе ноутбуктерінен тапты. Мәселен, әлемнің ең ірі әлеуметтік желісі Facebook-те жыл басынан бері белсенді қолданушылар 100 млн-ға артқан және осында аккаунты бар жалпы адам саны 2,6 млрд-қа жеткен. Мұндай жетістік компанияға табыс әкелері анық. Сондықтан Facebook биыл алғашқы 3 айдың қорытындысы бойынша 17,7 млрд доллар пайда тапты.
Фильм мен сериал, түрлі ойын-сауық жобасын көрсететін стримингтік қызметтердің де айы оңынан туды. Төрт қабырғада жабырқап қалған жұрт уақытын соларды қараумен өткізуде. Мәселен, АҚШ-тың атақты Netflix-не биыл алғашқы үш айда 16 млн жаңа жазылушы қосылды. Былтыр осы уақытта 9,6 млн оқырман жазылған екен. Яғни, екі еседей көп деуге болады. Осылайша, Netflix-ті ақылы түрде қарайтын көрермен саны әлем бойынша 182 млн-ға жетті. Бұл, әрине табысты еселеп (709 млн доллар), компания құнын 192 млрд долларға жеткізді. Сарапшылар мұны уақытша көрсеткіш десе де, қазір Netflix компаниясы Exxon Mobil (174 млрд доллар) және Chevron (156 млрд доллар) секілді мұнай алыптарынан да қымбат тұрады.
Пандемия, сондай-ақ онлайн бейнебайланыс қызметіне сұраныс туғызды. Себебі дүниежүзі бойынша компаниялар қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Ал шәкірттер онлайн білім алу әдісіне ауысты. Бір қызығы, бұған дейін бейнебайланыс саласында кең таралған Skype емес, 2013 жылы іске қосылған Zoom сұранысқа ие болды. Мәселен, былтыр желтоқсан айында Zoom сайтын күнделікті 10 млн адам қолданса, қазір олардың қатары 200 млн-ға жетті. Мұндай жоғары сұраныс компанияның құнына да оң әсер ететіні анық. Сәуір айында құнды қағаздар нарығында Zoom-ды 31,7 млрд долларға бағалады.
Сонымен, пандемия ақпарат нарығына үлкен өзгеріс әкелді. Нақтырақ айтсақ, ақпаратты тарату әдіс-тәсіліне. Карантин аяқталса да, жұрт бойы үйренген цифрлы кеңістіктен қол үзбейтіні анық. Яғни, отандық ақпарат құралдары да жағдайға бейімделуі тиіс.