Жеңімпаздарды ешкім айыптамайды
Германияның Екінші дүниежүзілік соғыс пен Холокост үшін бар жауапкершілікті мойнына алғанын батыл қадам ретінде бағалағанымызбен, бірқатар елдің тарихтағы өз кінәсін ешқашан мойындағысы келмейтінін ескеруіміз керек. Айталық, КСРО ешқашан Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болған мемлекеттердің бірі екенін мойындаған емес. Өйткені «жеңімпазды айыптамайды» қағидасы сол соғыстан кейін мықтап бекіді. Америкалықтар да Жапонияны өздеріне шабуыл жасауға итермелеу үшін барын салғанын, өздерінің жаһандық соғыс жауапкершілігіне қатысты бар екенін айтып әуре болмайды. Өйткені олар да жеңімпаздар. Егер жеңімпаздар қисынына жүгінсек, олар кешірім сұрамайтыны байқалады. Ал жеңілгендер кешірімді бір емес, бірнеше мәрте сұраған. Азиядағы лаң үшін Жапония басшылығының да кешірім өтінгені есте. Әйтпесе, сол соғыста антигитлерлік коалиция құрған елдердің де азды-көпті айыбы болғаны рас. Мәселен, Қызыл армия Германия жеріне кіргенде сарбаздар немістің 2 миллионнан астам қыз-келіншегін зорлағаны туралы деректер кездеседі. Алайда алғаш рет неміс зерттеушісі Барбара Йор ортаға тастаған бұл деректің шынайылығына қатысты түрлі көзқарас бар. Дегенмен соғыс болған соң майданда әйел мен бала-шағаның көбірек құрбан болатынын, оларға зорлық-зомбылықтың көп жасалатынын ұмытпаған жөн. Яғни, Германия жерінде Қызыл армия сарбаздарының ары таза болды деуге еш негіз жоқ. Оған бір ғана Владимир Гельфанд деген Кеңес жауынгерінің күнделіктерінің өзі нақты айғақ болады. Сонымен қатар кейін Германияның канцлері болған Гельмут Кольдің алғашқы әйелі Ханнелоре Реннерді 1945 жылы 12 жасында Кеңес әскерлері зорлап тастаған дейтін дерек те бар. Міне, мұның өзі жаһандық соғыстағы қатігездіктің бір көрінісі. Жаудың жеріне басып кірген Кеңес әскерлері түгілі, одақтас Ұлыбританияның жеріне келіп, Еуропаға аттанбақ болған америкалық жауынгерлер де қыз-келіншектерді жиі зорлағаны белгілі болған. Боб Лилли дейтін зерттеуші америкалық әскерлер Англияда, Франция мен Германияда 1942-1945 жылдар аралығында 14 мың қыз-келіншекті зорлағанын анықтапты. Оның көбі Британия жерінде болған. Себебі америкалықтар Еуропаның теріскейіне тек 1944 жылы жазда табан тіреді. Тіпті, Дуайт Эйзенхауердің зорлықшыл сарбаздарды атып тастауға бұйрық бергені де бар. Шамасы генерал әбден күйінсе керек. Кейін америкалықтар Жапонияға қос атом бомбасын тастады. Бірақ КСРО да, оның мұрагері Ресей де, АҚШ та адамзат алдындағы айыбын мойындап, кешірім сұраған жоқ. Демек, жеңімпаздар мен күштілер өткен күннің қателігінен сабақ алмайтын болса керек.Адамзат тек соғыс үшін айыпты емес
Жалпы, адамзаттың бір-біріне жасаған түрлі қысастығы көп. Егер жіпке тізсек, олардың барлығын айыптап шығуға болады. Айталық, үндістерді қырған америкалықтарды, өз бодандарына күн бермеген Цинь империясы мен оның орнына келген Қытай мемлекетін, қазақ пен украинды аштыққа ұшыратып, Сібір халықтарының түбіне жеткен Ресейді, күрдтер мен армян мәселесі үшін Түркияны, Ходжалы қырғыны мен Таулы Қарабақ үшін Арменияны, мұсылмандарға қысым жасаған Мяньманы, тұтас тайпаларды қырып тастаған Африканың кейбір мемлекеттерін, қызыл кхмерлерді, тіпті палестиналықтарды ығыстыру саясатын жүргізіп жатқан Израильді, қысқасы талайды айыптауға болады. Бірақ мұндай оқиғаларға қатысты кешірім сұрап, айыбын мойындағандар сирек. Шамасы кешірім сұрау мәселесі адами қасиеттен гөрі, саяси ұстанымға айналып кеткен-ау. Әйтпесе, адамзат өзара кешірісіп, қателіктерін мойындап, тату өмір сүруіне болар еді. Тек мүдде деген дүние бәрінен жоғары тұр. Бір қызығы, саясатта кешірім сұрау тым сирек екені байқалады. Соғыс түгілі ашықтан-ашық біреудің мүлкін қиратып, азаматтарын өлтіргендер де кешірім сұрамауға тырысады. Мәселен, соңғы жетпіс жылда жиырмаға жуық азаматтық ұшақты түрлі елдің әскерилері атып түсірсе де, кешірім сұрап, өтемақы бергендер көп емес. Айталық, 1978 жылдың 20 сәуірінде Парижден Сеулге ұшып бара жатқан Korean Air Lines компаниясының ұшағын Кеңес ұшқыштары зақымдап, қонуға мәжбүрлеген. Сөйте тұра, КСРО кешірім сұрамақ түгілі Оңтүстік Кореяның өзінен жолаушыларды «бағып-қақтық» деп, 10 мың доллар төлем талап еткен. Сондай-ақ 1983 жылы тағы да Korean Air Lines компаниясының Нью-Йорктан Сеулге ұшып бара жатқан ұшағын Кеңес ұшқыштары атып түсірген. КСРО апаттан қаза болғандарға өтемақы да төлеген жоқ, ұшақтың қирауына өздерін айыпты деп те санаған емес. Тіпті, ұшақты атып түсірген әскери ұшқыштар да кешірім сұрамаған. 1988 жылы 3 шілдеде Парсы шығанағында жүзіп жүрген АҚШ-тың Vincennes крейсері Iran Air компаниясының Тегераннан Дубайға бағыт алған ұшағын атып тастап, 290 адам көз жұмған. Әйтеу америкалықтар 1996 жылы қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеуге келіскен. Бірақ кешірім сұрамаған. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында аталған апат мәселесі қаралғанда сол кездегі АҚШ вице-президенті үлкен Джордж Буш «АҚШ үшін ешқашан кешірім сұрамаймын» деген. Ал ұшақ апаты үшін айыпты екенін мойындағандардың бірі Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи еді. Ол 1988 жылдың 21 желтоқсанында Шотландия аспанында жарылған Pan American World Airways компаниясының ұшағы үшін өз елінің айыпты екенін айтқан. Өйткені ұшақты ливилиялық террористер жарып жіберген еді. Ал биыл қаңтарда Иран билігі Украина ұшағын атып түсіргендіктен, Киев пен украиндықтардан кешірім сұраған. Міне, осы деректерден-ақ кешірім сұрап, адамзат алдындағы айыбын өтеуге күштілердің тым ықыласты емес екенін байқаймыз. Германия мен Жапония да қазір мықты ел екенін алға тартатын шығарсыздар. Иә, олар қуатты елдер. Бірақ олар адамзат көшбасшысы болу соғыс арқылы жүзеге аспайтынын түсінген жұрт. Сондықтан ғылым мен техника арқылы алға шықты. Бірақ батыс пен шығыстың кешірім сұрауында да айырмашылық бар. Айталық, немістер Екінші дүниежүзілік соғыстың бар айыбын көтерсе, жапондар «біз айыптымыз, бірақ қайта-қайта кешірім сұрай береміз бе?» деген ұстаным байқатты. Оны 2015 жылы Жапония премьері Синдзо Абэ ашық айтқан. Әрі тек соғыс құрбандарына құрмет көрсететінін білдірген. Қытай, Корея қатарлы Азия елдерінен кешірім сұрамаған еді. Өйткені 1995 жылы Жапония премьері Томиити Мураяма, 2005 жылы Дзюнъитиро Коидзуми соғыс үшін өкінетінін айтып, кешірім сұраған. Тек Абэ ғана басқаша ұстаным көрсетті. Бәлкім, ол да дұрыс шығар. Ғасырға жуық уақыт бұрын болған оқиға үшін, сол дәуірден тым алыс, танымы мен пайымы, білімі мен мәдениеті бөлек жаңа буын өзін төменшіктете беруі керек пе?! Оның үстіне азиялықтар жапондардан өтемақы тілейтіні тағы бар.Ревизионизм де қауіпті
Айтпақшы, Хайко Маас өз елінің соғысты бастауға себепші болғанын мойындау ревизионизмнен аулақ болу үшін қажет екенін айтты. Яғни, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына ревизионистік көзқарас қажет емес. Мұндай ұстаным тым қатерлі саналады. «Неміс халқының өткен күндері ревизионизмнің өте қауіпті екенін, ол рационалды ойлауды жасанды мифтермен алмастыратынын көрсетті», – дейді. Сөйтіп, әу баста соғысты бастаған халықтың кейін құрбандық болып көрінбеуі керек екенін айтады. Шамасы бұл саясаткердің соңғы жылдары немістердің де сол соғыста көп қорлық көргенін айта бастағандарға қарсы келтірген уәжі болса керек. Айталық, біз мысал еткен «2 млн неміс әйелі зорланды» дейтін деректің де астарында ревизионистік ұстаным байқалып қалады. Ал неміс әскерлерінің КСРО жерінде қандай зорлық-зомбылық жасағаны, әкелген қасіреті соңғы кездері сирек айтылады. Демек, кейбір саясаткерлердің тарихи оқиғалар үшін кешірім сұрауға батылы жетуі осы ревизионистік пиғылды тежеу үшін де қажет болып тұрса керек. Өйткені өткен күннің қателігін қайталау ревизионистік көзқарастың кесірінен де болуы мүмкін.Амангелді ҚҰРМЕТ