Қаржы бақылауда болады
Осы жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстарға қаржы бөлінбек және ол ашық болмақ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық жүйелерді салу және жаңғыртуға бөлінетін қаражаттың жұмсалуын қоғам тарапынан бақылауды енгізуге ниетті екенін карантинге байланысты онлайн өтіп жатқан Kun.kz.-тегі тікелей эфир барысында айтты.АНЫҚТАМА. 2020 жылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан бойынша 5 886 гидротехникалық құрылыс бар, оның ішінде республикалық меншікте – 4 709, коммуналдық – 966, жеке меншіктегісі – 201, иесіз жерлерде – 10. 463 ГТҚ жөндеуді қажет етеді, республикалық меншікте – 44, коммуналдық меншікте – 372, жеке меншікте – 40, иесіз жерлерде – 7.
– Өкінішке қарай, соңғы жылдары су саласында түсініспеушілік көп болды. Осылайша, ең бір құрметті мамандықтың абырой-беделі, тақырыпқа сай айтсақ, «суға кетті», – деді М.Мырзағалиев – Қоғам бұл процеске тартылатын болса, бізге жеңілдеу болады. Егер жергілікті жерде тұрғындар тарапынан бақылау жасалса, онда жұмыс та сапалы әрі уақытылы жүргізіледі. Министрліктің барлық материалды, соның ішінде жобаны қаржыландыру туралы мәліметті ашық жариялауы өте маңызды. Өйткені миллиардтаған қаржы бөлінген су қоймалары жылда асып-тасып халықты әбігерге салатыны рас. Ал сол ақша қайда және қалай жұмсалғаны ашық болса, министрліктің де беделі арта түспек.Төтенше де тек жатпады
Себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз. Биыл да солай болды. Бұл жұмыс көбіне төтеншеліктердің мойнында десек те болады. Мәліметке қарасақ, су тасқынынан сақтану үшін 164 км қорғаныш бөгендерін салу және жөндеу; су тасқыны қаупі бар өзендердің 377 км арнасының жағалауын бекіту, түбін тереңдету, түзету, 156 км су бұру каналдарын құру, 5 189 км каналды (3 490 дана), арықтарды (4 792 дана) тазарту және авто және т/ж көпірлері астындағы 18 847 бірлік су өткізгіш құрылысын тазалау (14 564 дана автокөлік және 4 283 дана т/ж) бойынша жұмыстар жүргізілген. – Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін жанар-жағармай 13,9 мың тонна, инертті материал 179,5 мың тонна, құм салынған қап 962,5 мың және жарылғыш заттар 48 тонна көлемінде қор дайындалды. 2020 жылға төтенше резервтер мен шұғыл шығындарға арналған резервтерге әкімдіктер 34,4 млрд теңге салды, – дейді Төтенше жағдай комитетінің өкілі Барат Оспанұлы. Көктемдегі су тасқынына жалпы саны 61 мың адам және 17 мың техниканы құрайтын ішкі істер органдарының (жеке құрамның 9 мың маманы және 1 мыңнан аса бірлік техника) және жергілікті атқарушы органдардың (52 мың маманы мен 16 мың техника) арнайы тобы құрылып селдің алдын алу мақсатында жұмыс істеді. Әрине, селдің қаупі сейілді деп құр жатқан да болмас. Ол үшін алдағы уақытта жекеменшіктегі өзен, тоғандарды таза ұстауды қолға алған дұрыс болады. Өйткені өткен жылдардағы ту тасқыны көбінесе осы жекеге өткен тоғандар мен дамбалардың арнасынан асып тасуынан болғаны белгілі. Сонымен бірге ауылдарда үй, қора артындағы суағар арықтарды тазарту керек-ақ. Ол енді әкімдіктер еншісінде.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ