Премьер-министр Асқар Мамин төтенше жағдайдан кейінгі экономиканы қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берді.
«Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай режимінің аяқталғанын мәлімдеді. Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша экономика 0,2% төмендеді. Бұл бүкіл әлемдегідей карантиндік шекутеулер мен төтенше жағдай салдарынан болды. Әсіресе, қызмет көрсету секторының жұмыс белсенділігі карантин кезеңіндегі екі айда төмендеді. Сауда мен көлік салалары бойынша сәуір айының көрсеткіштері наурыз айымен салыстырғанда 30 пайызға төмендеді», - деді Премьер-Министр қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Үкімет отырысында. Сонымен бірге өткен төрт айда экономиканың базалық салаларында оң динамика сақталды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу – 7%, тау-кен өнеркәсібінде – 6%, құрылыста – 5,5%. Сондай-ақ, машина жасауда – 25,4%, фармацевтикада – 24,2%, құрылыс материалы өндірісінде – 15,6%, жеңіл өнеркәсібінде 13,9% өсім бар.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда карантин режимі біртіндеп жеңілдетілуде. Жалпы экономиканы қалпына келтіру басталуы тиіс. Эпидемиялық жағдай, қызмет көрсету секторларының белсенділігі қалпына келуі қажет. Бұған мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етеді. Оның ішінде салықтық ынталандыру, жеңілдікпен несиелеу, отандық тауарларды өткізуге кепілдік беру, механзимі арқылы ішкі өндірісті қолдау қарастырылған», – деді Премьер-министр.
Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп, іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамту және халықтың табысын қолдау бойынша шаралар талқыланды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген шаралар негізінде жыл соңына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөнінде кешенді жоспар әзірленді. Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-Министр кеңсесімен бірлесіп, осы кешенді жоспарды келесі отырысқа шығаруды тапсырамын. Әкімдіктер қызмет көрсету секторын қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Жалпы, алдағы кезеңдегі басым міндет – экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруға, бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру болады», – деді Асқар Мамин.