Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкеновке ескерту жасалды. Бұл туралы елорда әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында мәлім етілді.
«Саябақтың жай-күйі мен жұмыс қарқынының төмен болуына орай Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов пен мердігер ескерту алды. Барлық кемшіліктерді түзетуге уақыт берілді. Әбу-Даби Плаза маңында орналасқан саябақ екі жыл бұрын ашылуы тиіс болатын», - делінген ақпаратта. Мәлім болғандай, аталмыш саябақ биыл ашылады деп жоспарланған. Оның аумағы 11 гектардан асады. 3,5 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Балаларға арналған ойын алаңы, скейт-алаңы және тағы басқалары бар.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 50-ге жуық қоғамдық орын абаттандырылады. Олардың қатарында саябақтар, тынымбақтар және таза ауада серуендеуге арналған басқа да орындар бар. Басым бөлігі «жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жасалады.
Шеткері аймақтарды дамыту аясында «Көктал» елді мекенінде саябақ құрылысы жалғасып жатыр. Саябақ аумағы тыныш демалыс аймағы, белсенді демалыс аймағы және балалар демалыс аймағы болып 3-ке бөлінеді. Саябақ аумағында 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен бірге 4 ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Екеуінде құрылыс жұмыстары басталды.