«5 қабат салынуы тиіс жерге 9 қабат салған. Ал 9 қабат салу қажет болған орынға 12 қабат үй бой көтерген. Үйдің барлығы да үлескерлерге сатылып кеткен. Сот шешімімен нысанның тұрғын үй кооперативіне өтуіне байланысты техникалық тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қолданыстағы нормаға сәйкес, 6 қабаттан жоғары үйлердің лифті болуы тиіс. Сол себептен де жобалаушылар ол үйлерге лифт пен өрт баспалдағын салу туралы шешім қабылдады» деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.Артық ақша табу жолын қуған мердігер компания жеделсаты мен адамдарға арналған қауіпсіздік сатысын ұмытқан емес, мүлде керек етпеген. 11 жыл бойы бітпеген құрылысты қазір жергілікті билік өз қарамағына алып, жеделсаты мен өрт кезінде тұрғындар түсетін сатыны үйдің қасбетінен салып жатыр. Нысанға жауаптылар бірнеше жылда 564 пәтерді 536 үлескерге сатып үлгеріпті. Алаяқтық анықталған соң жауапты мердігер компанияның басшысы сотталған. Жергілікті тұрғындар жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлер сол маңдағы басқа да пәтерлерде тұратындарға кедергі келтіруде дейді. Өйткені ол жақта балалар ойнайтын алаңқай жоқ көрінеді. Ашық жерлер көлік тұрағы мен газ құбыры өтетін орынға бөлініпті. Тұрғындар кейде үлескерлердің келіп-кететінін айтады. Олар жеделсатысы мен сатысы сыртта болған тұрғын үй кешенінен баспаналы болуға әлі де үмітті. Алайда 2009 жылдан бері салынып келе жатқан үйдің құрылысы қашан аяқталатыны белгісіз.
Әділ БЕК