ӨНДІРІС БАР, ӨНІМ НЕГЕ ҚЫМБАТ?
Айтса айтқандай, елімізде 1 млн 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық жұмыс істейді. Жыл сайын көкөніс шаруашылықтары 3 млн тоннадан аса өнім өндіреді. Ал ішкі нарық қажеттілігі – 2,16 млн тоннадай, яғни өнім артығымен шығады. Алайда дүкен сөрелері мен базарда өзіміздің өнім қат, болса да бағасы аспандап кеткен. Азық-түлік құнының жыл сайын көтерілетініне көзіміз үйренгені рас. Десе де, биылғы баға «әкесінің құнын сұрағандай» алқымнан алды. Әсіресе, қыста лимон мен зімбір және сарымсақ (чеснок) қымбатшылыққа қатты ұрынды. Оған «коронавирусқа қарсы таптырмас ем» деген дақпырт та қатты әсер еткені анық. Әйтсе де, зімбір мен лимонның төркіні белгілі, ал сарымсақтың келісі 3 мың теңгеге баратындай не әсер етті? Күні кеше ғана елорданың супермаркетіне бас сұққанбыз, сарымсақ әлі арзандамапты, келісі 1 500 теңгеден сатылып жатыр. Осы орайда, басқа өнімді қоя тұрып, биылдыққа қол жеткізбей қойған сарымсаққа қатысты мәліметті іздестіріп көрдік. Қазақстанның жылдық тұтыну көлемі 35 мың тонна маңайында. Ал өзімізде өсетін сарымсақ 15 мың тоннадай ғана, яғни сұраныстың жартысын да жаппайды. «Қазақ картоп және көкөніс ғылыми-зерттеу институтының» мамандары Алматы облысында бір гектар жерден 15-20 тонна сарымсақ алуға болатынын айтады. Демек, аталған өнімді 2 мың гектар жерге ексек, ішкі қажеттілік толығымен жабылмақ. Былай қарасаңыз, сарымсақ айтарлықтай күтімді қажет етпейтін көкөністің бірі. Көктемде егіп, күзде қазып аласың. Алайда оны өсіруге кететін өзіндік құн шығынын Қытайдың арзан өнімі бәсекеде басып озып кетеді де, кәсіпкерлер артық өнім өсіруден қашқақтайды. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, Қытай әлемдегі сарымсақ өндірісінің (шамамен 26 млн тонна) жартысын өндіреді. Ханзу халқында мынадай бір мәтел бар екен: «Әлем сарымсақты Қытайдан күтеді, ал Қытай – Цзиньяннан күтеді». Себебі ҚХР-дың Цзиньсян аймағында өсірілетін сарымсақ 160 мемлекетке экспортталады. Қытайдың арзан сарымсағы жалғыз бізді ғана емес, одақтас Ресей мен Беларусьтің де өндірісінің адымын аштырмай тұр. Дүниежүзінде сарымсақ өндірісі бойынша алтыншы орындағы Ресей жылына 260 мың тонна өсіргенімен, өзіне жетпейді, 70% өнімді ҚХР-дан импорттап отыр. Ал статистика дерегіне қарасақ, біздің еліміз 2017 жылы 35 млн долларға сарымсақ пен пиязды сырттан сатып алыпты.НЕГІЗГІ ПРОБЛЕМА – ӨНІМДІ ӨТКІЗУДЕ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында агроөнеркәсіп саласындағы өнімді өткізу мәселесіне де айрықша тоқталды. «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын. Содан кейін оның ауқымын кеңейтіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірлеуге болады», деген болатын. Осы орайда, Алматы облысындағы көкөніс шаруашылығының басшысы Нұрмұхан Етекбаевқа хабарласып, өнімді өткізудегі негізгі мәселе туралы сұрадық. «Өнімді өткізу деген проблеманың көкесі ғой, ауыл шаруашылығында одан асқан проблема жоқ» деп әңгімесін бастады фермер. Н.Етекбаевтың көкөніс өсірумен айналысқанына 21 жыл болыпты. Бүгінде NAZ-DANA ЖШС 1 000 тонна пияз, 200 тонна картоп, 100 тонна сәбіз және 70-80 тонна қызылша өсіреді. «Көкөніс – тез бұзылатын азық. Фермерлердің көбі оны сақтай алмайды, қойма аз, жабдығы ескі. Күзде өнімді алысымен, бірден өткізіп жіберуге тырысамыз, тіпті кей жылдары өзіндік құнын шығара алмаған жағдайлар да болады Былтыр қызылшаның келісін 10 теңгеге өткізе алмай қор болдық. Пияз да солай, шіріп кеткен соң далаға лақтырдық. Ал қалаға келсем, мен өткізе алмай отырған пияздың келісі 200 теңгеден сатылып жатады. Сонда кім пайда тауып отыр? Жалпы, Қазақстанда өнім өткізу формуласының қалай жасалатынына менің басым жетпей қойды» деп ренішін жеткізді. Фермердің сөзінше, көкөніс өсірушілер көктем, жаз айларында өнімді өсірумен әлектенсе, күзде өткізуді ойлап уайым кешеді. Әлеуметтік мәселе тағы бар. Айтпақшы, агросекторда жұмыс істейтін жандардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмағанын, өнімге кепілдік беру жүйесі жасалмағаны да өзекті мәселеге айналған. Оны Президент те атап айтты. «Бұл ретте «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдерін пайдаланған жөн. Тұрақты сатып алу және сату жүйесін қалпына келтіру керек. Мұның барлығы 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің импортын азайтуға болады», – деді Қ.Тоқаев. Экономист маман Оразалы Сәбденовтің есебінше, отандық өндіріс пен шаруаларды қолдау үшін Қазақстанда логистикалық ХАБ құрылуы керек. «Ол – оңтүстіктегі фермердің өнімін егістік басынан елордаға және еліміздің облыс орталықтарына тікелей жеткізетін жүйе. Президенттің айтып отырған жаңа бағыты да осы болса керек. Логистикалық жүйе қалыптасса, алыпсатарлар, делдалдар нарықтан өздігінен шығып қалады да, оның тиімділігін шаруа мен тұтынушы көрер еді. Ол бағыттың іске асуына «Атамекен» ҰКП және жергілікті әкімдіктер жауапты болуы керек. Бірақ бұл жүйе бизнестің жолымен, нарық заңдылығымен жүргізілуі тиіс. Яғни, ол салық мәселесі, несие беру, инвестиция тарту жұмысы. Ал оның атқарылуын қоғамдық кеңестер бақылауға алып, жауапты болсын. Өкінішке қарай, біздегі қоғамдық кеңес мүшелері әкімдерге жалтақтап отырады да, не қоғамға, не атқарушы билікке беделі жоқ. Халықтың сөзін сөйлейтін, өмірлік тәжірибесі бай, іскер адамдар осы кеңеске келгені жөн», – дейді О.Сәбденов. Қазақстанның аграрлық әлеуеті әлемнің үштен бірін азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге жетеді. Бұл – біздің емес, шаруашылық басында жүрген фермерлердің пікірі. «Егер өнімді өткізу мәселесі шешілсе, салаға субсидия бөлудің де қажеті бола қоймас еді», – дейді олар. Демек, барлық мәселе салаға қатысты мемлекеттік саясат пен көқарастың өзгеруінде тұрғаны анық.Бауыржан БАЗАР