Бастапқы кезде техникалық ақау салдарынан азаматтардың көбі өтініштерін жібере алмай, уақытын жоғалтты. Сондықтан бірінші айдағы төлемнен қағылғандар қаншама?! Тиісті өтініштерді онлайн қабылдайтын ресурстардың дер кезінде қабылдай алмауы, аударымдардың уақытылы жасалмауы Үкіметке үлкен сын болғаны да жасырын емес. Дегенмен министрлік жедел шаралар қабылдап, eGov-ке («Электрондық үкімет» порталы) кіру үшін компьютері жоқ адамдар үшін Telegram-ботты іске қосты. Осылайша, азаматтар өтінішін ұялы телефон арқылы да беруге қол жеткізген.
Екі сөйлеу ер жігітке жараспағанмен...
Әу баста 42 500 теңгені заңсыз алғандардың қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы ақпарат тарады. Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов оған бола қылмыстық жауапкершілік көзделмейтінін айтып, «Еңбек инспекциясы 2013 жылы әкімдерге берілген, сол себепті адамдарды жауапқа тарта алмаймыз» деп түсіндірді министр. Өйткені сөз басында айтқанымыздай өтініш бергендердің ішінде табысынан айырылмағандар да болған. Абырой болғанда олардың арасында өздерінің қателескенін түсініп, келген қаржыны кері аударуға асыққандар да кездесті. Айталық, бізбен пікірлескен Елдос Еркін елордадағы құрылыс компанияларының бірінде күзетші болып қызмет істейді. Төтенше жағдай кезінде де жұмысы тоқтамады, табысы бар. Талап бойынша әлеуметтік төлем алуға құқы жоқ. Дегенмен көптен қалмай, өтініш бергендердің бірі. «Коронавирусқа байланысты біздің ұйымның барлық жұмысы тоқтады. Күзет қызметі ғана қалыпты жұмысын жалғастырып келе жатыр. Жұмысы тоқтағаны, тоқтамағаны бар мен білетін жанның барлығы 42 500 теңгеге өтініш беріп алып жатты. Мен де жұрттан қалмай, өтінішті толтыра салғанмын. 3 күннен соң «сізге 42 500 теңге түсті» деген СМС хабарлама келді. Кейін жазаға тартылатынын естіп, Kaspi Gold қосымшасы арқылы кері аудардым» дейді. Әрине, адамгершілік тұрғыдан қайта қайтарып бергендер де бар. Тағы біреулер биліктің қамшысы тие ме деп қайтарып берді. Сөйте тұра жазалау тетігі қарастырылмағандықтан түскен ақшаны қайтарып бермегендер де кездесті. Жалпы, әлеуметтік көмекті тағайындаудың алғашқы ережесі бекітілгенде кейін біраз мәселенің туындауына себеп болған бірқатар жағдай кездесті. Бір шешім қабылданса, келесі күні оның күші жойылды. Нақтылық болған жоқ. Алдымен өкілетті орган жұмыс берушінің еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жібергені туралы бұйрығын қоса тіркеуді талап еткен болатын. Кейін бұл талап күшін жойды. Бірде «Төтенше жағдай болмаса да, басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым халықты артынша тексеріп жатпаймыз. Жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер болсын, ешкімнің үйін аралап, тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар» деген министр Біржан Нұрымбетов енді бірде қаржыны заңсыз алғандардан кері қайтаруды талап ету қажет деп санайтынын айтты. Тіпті, министрлік банк реквизиттерін жариялап та үлгерді. Сөйтіп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс берушілерге төлемді қайтару туралы өз талабын қойды. Бұл да әлеуметтік қорғау жүйесінің олқы тұсын байқатты. Бұл оқиғаларға қарап біз Конституцияда көрсетілген «әлеуметтік мемлекет» құру жолында әлі де біраз сүрініп-қабынатын шығармыз деген ой түйдік. Өйткені мемлекет әлеуметтік қамтамасыз ету ісінде соңғы 2 жылда жиі қателессе, халық та әлеуметтік жауапкершілікті тым жақсы сезіне бермейтін, өзімшілдеу ұстанымда екенін байқатып қалды.Карантин талабын бұзуға итермеледік
Төтенше жағдай режимінің басты талабы көшеге шықпау, азаматтардың топтасып жүруіне тыйым салу екенін ескерсек, 42 500 теңгенің жыры бұл талапты да аяқасты етті. Үйде отыруы тиіс халық әлеуметтік төлемнің тағайындалуымен сыртқа лап қойды. Тәртіпке бағынбағандар жетерлік. Әлеуметтік көмекті алу үшін азаматтар тиісті мекемелердің алдында топ-тобымен жиналып қалды, тіпті жаға жыртысып, төбелесіп қалып жатқандары да болды. Есепшот ашу үшін улап-шулап, бір-бірін басып жаншып, иін тірескен жерде карантин талаптары жөнінде айтудың өзі артық. 42 мың үшін далаға шығып кеткендер карантин талабын елемейтін болды. Шектеулерді бұзуға бой үйретіп кеткен тәрізді. Соңғы кездері қалаларда адам қарасының көбеюі де содан болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, 42 500 теңгені береміз деу арқылы адамдарды COVID-19 індеті емес, қаржы алаңдататынын байқадық. Сонымен қатар бұл шара кезінде қазақстандықтардың денсаулық сақтау ісіне көзқарасын да көрген тәріздіміз. Бұқара үшін вирус жұқтырудан аман болу емес, мемлекет беретін үлестен қалып қою ғана өзекті тәрізді. Біздің пайымдауымызша, бұл дұрыс ұстаным емес. Өйткені ХХІ ғасырдың сын-қатерінің бірі ретінде денсаулыққа төнер қауіптің рөлі артып келе жатқаны байқалады. Дерт жұқтырудан сақтану, оны емдеуден арзанға түсетінін, тіпті тегін болатынын түсінсек керек еді.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ