Екпенің қандай маңызы бар?
Екпе дегеніміз – иммунитетке қорған болар құрал. Қарапайым тілмен түсіндірсек, белгілі бір вирусты әлсіретіп, биоинженерия арқылы қолдан екпе жасайды. Құрамына вирустың негізгі ақуыздарын енгізеді. Содан вакцинаны еккенде ағзада қорғаныш қабаты түзіледі. Әрбір екпенің егу мөлшері болады. Кейбір екпені әсер етуі үшін 3 рет егеді. Нәтижесінде, адам кейін вирусқа шалдықпайтын болады. Нақтырақ айтсақ, екпе уытынан айырылған вирус сияқты. Вакцина салған соң адамның әртүрлі ауруға қарсы иммунитеті күшейеді. Екпе егілген ортада инфекция тарамайды. Әрі екпе дәрі-дәрмекке қарағанда арзан әрі зияны аз. Вакцинологтар сондықтан жоспарда бар екпені егудің маңызды екенін алға тартады. Егер балаға уақытында вакцина салмаса, қоршаған ортасына зиян. Мәселен, 1990 жылдары елде әртүрлі жағдайға байланысты дифтерияға қарсы вакцина сатып алуға қаржы бөлмеген екен. Дифтерия – балалар үшін аса қауіпті ауру санатына жатады. Арты өлімге әкеледі. Аталған кезеңде Қазақстанда дифтерия таралғанда мыңнан астам бала ауруға шалдыққан. Вакцинация жасамау салдарынан 606 бала қайтыс болған.Вакцинамен ауруды ауыздықтауға болады
Қазір шешек ауруына шалдыққан жанды кезіктірмейміз. Неліктен? Өйткені адам ағзасына бұл ауруға қарсы екпе егіледі. Сондықтан ағзада иммунитет бар. Сондай-ақ адамзат қызылша, туберкулез, полиомиелит, тұмау секілді ауруларды екпе арқылы жеңді. Кезінде әлем іш сүзегі, оба, шешек, испан тұмауымен, бертін келе құс тұмауымен күресті. Мәселен, 2 жылға созылған испан тұмауы 550 млн адамға жұқты. 60-100 млн-ға тарта адам қайтыс болды. Ғалымдар ұзақ уақыт аурудың емін іздеді. Ақыры 1940 жылы испан тұмауына қарсы вакцина көпке қолжетімді болды. Қай ауру болмасын, бейжай қарауға болмайды. Алдын алуды ойлаған абзал. Сондықтан әлем елдері гепатит В, туберкулез, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, тұмау, паротит, пневмококк инфекциясына қарсы екпе жасайды. Әрі уақытылы салуды қадағалауға тырысады. Өйткені екпе екпесе, аурудың таралуы жиілеп, эпидемия басталады.Күніне 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады
Жоғарыда гепатит пен жатыр мойны обырына қарсы вакцина туралы жаздық. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Сәкен Әміреұлының айтуынша, елімізде 2010 жылы жатыр мойны обырына қарсы вакцина салдыру мәселесі қозғалған. Алайда жұрт қарсы болғандықтан, екпенің бұл түрін салуды кейінге қалдырған екен. Әлем бойынша 178 ел аталған екпеге зерттеу жүргізіп, 150 ел екпе егуді құптаған. «Елімізде жатыр мойны обырынан күніне 2 әйел көз жұмады. Жыл бойғы өлім-жітім санын шығару үшін сол санды 365 күнге көбейтіңіз. Егер бұл вакцинаны егуді бастасақ, бірталай адамның жанын сақтап қалар едік. Екпе жайын 2010 жылы қолға алғанымызбен, қарсы тарапқа мән беріп, министрлік мәселені шетке ысырып қойды. Сөйтіп жүргенде арада 10 жыл өтті. 10 жылдың ішінде жатыр мойны обыры қаншама адамның өмірін қиды? Егер екпені егу кодекс бойынша бекітілсе, 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға вакцина салуды жоспарлап отырмыз», – дейді медицина ғылымдарының профессоры Сәкен Әміреұлы.Екпенің кері әсері бар ма?
Иә, өлім-жітім оқиғасы ілуде бір тіркеледі. Жоғарыда билікке петиция жолдаған Марина Шаймаханова туралы айтқанбыз. Ол Qazaqstan арнасына берген сұхбатында сәбиінің осыдан 5 ай бұрын вакцина әсерінен шетінегенін айтты. Сол үшін дәрігерлерге қарсы қылмыстық іс қозғалғанын қалайды. Ал ата-аналарды екпеге бейжай қарамауға шақырады. Екпені егер алдында баланы кешенді тексеруден өткізуді талап етеді. Әрі вакцинаның әсеріне тек ата-ана емес, дәрігер мен Денсаулық сақтау министрлігі де жауапты болсын дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бибігүл Ботымбаева Astana TV арнасына берген сұхбатында вакцинадан кейін ұлының мүгедек болып қалғанын жеткізген-ді. Оның сөзінше, ұлы 6 айында АКДС алған. Оған дейін баласы еңбектеуге, отыруға жарап қалған. АКДС вакцинасынан кейін жансақтау бөліміне түскен. Аталған бөлімде 24 күн жатып, 4 рет жүрегі тоқтап қалған. 3 ай бойы ауруханада емделген. Ақыл-есі дұрыс болғанымен, өздігінен жүріп-тұра алмайды. Екпе әсерінен өлім-жітімнің көрсеткіші қандай? ДСҰ мәліметі бойынша, вакцинациядан ауруға шалдығатындардың көрсеткіші – 3-5%. Оның өзінде вакцина егудің алдында кешенді тексеру жүргізбеудің салдарынан немесе бала бойындағы ауру әсерінен өлім-жітім тіркелуі мүмкін екен. Өйткені бала бойында туылғаннан неврологиялық немесе басқа да ауру түрі болуы ғажап емес. Сондықтан екпе егудің алдында баланың даму картасын қарап, бұрын салынған вакцина әсерін мұқият оқу керек. Бала денсаулығын жіті тексеріп барып, екпе егуді қолға алған жөн екенін ескертеді.Вакцина сапасы төңірегіндегі күмән
Баласына екпе егуді қаламайтын ата-ананың көбі вакцина сапасына күмәнмен қарайды. Жалпы, елімізде екпе туралы Ұлттық күнтізбе бар. Күнтізбе бойынша 22 ауруға қарсы вакцина салынады. Үкімет обаға қарсы вакцинаны елде өндірсе, қалған 21-ін шетелден сатып алады. Эпидемиологтың айтуынша, Қазақстанда бірнеше оба ошағы болғандықтан, бұл ауруға қарсы вакцина өндіру заңдылық екен. АҚШ, Германия, Автралия, Ресеймен қатар вакцинаны Үндістан да өндіреді. Үндістанның деңгейін аталған елдермен салыстыратындар бар. Дегенмен ДСҰ өндірілген вакцинаға қатаң тәртіппен қарап, қадағалайды. Арнаулы зертханада зиянды қасиеті бар-жоғын тексереді.Міндеттеу мүмкін бе?
Вакцина салуды міндеттеу туралы сөз қозғалғанда ата-аналар конституциялық құқықты таптады деп шағымданады. Дәрігерлер болса, екпе салдырмаған адамның өзгенің алдында жауапты екенін еске салады. Ал шетелде екпе салдырмаған адамға қандай шара қолданады? Мәселен, Германияда науқас екпе салдырмау салдарынан ауруханаға түссе, оның сақтандыру картасы жарамсыз болып қалады. Білуімізше, Германияда ауруханаға жатып емделудің бағасы қымбат. Германия Еуропада қызылшамен ауырғандардың қатары көбейгендіктен, 2019 жылы жағдайды мықтап қолға алды. Егер ата-ана баласына екпе салдырмаса 2 500 еуро айыппұл белгіледі. Ал Италияда ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартса, 500 евроға жуық айыппұл салады. 6 жасқа дейін екпеге бармаған баланы балабақшаға кіргізбейді. Ары қарай мектепке бару-бармауы да вакцина мәселесіне тәуелді. Украинада да вакцина салдырмаған баланы балабақша мен мектепке қабылдамайды. Сондықтан да билік нақты заң жобасын қарауды қалап отыр. Қазір әлемде болып жатқан жағдай да ойлануды талап етеді. Адамзат коронавирусқа қарсы вакцинаны күтіп жүр. Олар екпенің керек екенін топшылаған сыңайлы. Ал Сәкен Әміреұлы халық арасында уақытылы екпе егу туралы түсіндіру жұмысының лайықты түрде жүрмейтініне қынжылады. Ол COVID-19 инфекциясының әлеуметік желі мен теледидарда тоқтаусыз хабарланатыны тәрізді вакцинаға да мән бергенін қалайды. Ата-аналарға баласына вакцина салмаудан денсаулығына келер залалды байыппен түсіндірсе, ыңғайға жығыларына сенеді.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ