3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты
«Жұмыс жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте беруіміз де дұрыс болмас. Өйткені қазір әртүрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Айта кету керек, осы бағдарлама аясында өңірде 816 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ. Осылайша, 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, оның ішінде 18 870 – уақытша, 1 150 – тұрақты. Бүгінде 789 жоба бойынша келісімшарт жасалса, 26 жобаның конкурстық рәсімдері аяқталуда. 2020 жылы 812 жобаны аяқтау жоспарланса, 4 ірі жоба келесі жылы аяқталады. Нақты айтсақ, Өскемен әуежайын қайта жаңарту, Есенберлин даңғылынан Жібек жолы даңғылына дейін және К.Маркс даңғылынан «Өскемен-Алматы» тасжолына дейінгі аралықтағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ Семейдегі Қарағайлы шағынауданында кварталішілік жол салу жоспары бар. Айта берсек, мұндай мысалдар әр өңірде бар. Мәселен, қазір елорданың көптеген көшелері жөнделіп, қаланың шетінде газ құбыры төселіп жатыр. Мұндай шаралар өзге өңірлерде де басталды. Демек, маусымдық болса да жұмыс табу мүмкіндігі бар. Сондықтан «екі қолға бір күрек» табу мүмкіндігі күзге дейін сақталуы бек мүмкін.Жергілікті тұрғындар тартылуда
Жұмыс демекші, бір медальдың екі бетіндей дүниеде кейбір жағымсыз дүниелердің де оң ықпал ететін кездері болатыны бар. Мәселен, Түркістан облысы Мақтаарал ауданының біраз ауылын су алып кеткені қабырғамызға аяздай батқан. Бірақ қазір сол өңірде қайнаған тіршілік басталды. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға арнап салынатын тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қазірдің өзінде Мырзакенттің шығыс бетіндегі 50 гектар аймақта 40-тан астам құрылыс компаниясы келіп, үйлердің іргетасын қалау жұмысына кірісіп кеткен. Мұндағы құрылысқа негізінен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай Мақтаарал ауданының тұрғындары тартылуда. Ондағы мақсат – аудандағы жұмыссыз жүрген жастарды еңбекпен қамтып, әлеуметтік жағдайын дұрыстауға атсалысу. Мырзакент іргесіндегі тұрғын үй салу жұмыстарын ерте бастаған компаниялардың бірі – «Стройконсалтинг» ЖШС. Бүгінде аталған компанияда 40-тан астам жергілікті құрылысшы еңбек етіп жатыр. Аталған құрылыс компаниясы бірінші кезеңде 10 үйдің құрылысын маусым айының аяғына дейін аяқтаймыз деп отыр. – Біз бүгінде 10 үйдің іргетасын құю жұмыстарына дайындықты бастап кеттік. Құрылыс жұмыстарына қажетті қол күшін негізінен Мақтаарал ауданының тұрғындарынан тартып жатырмыз. Құрылысшыларға жалақы істеген жұмыс көлеміне сай әрі кезең-кезеңімен тоқтаусыз төленіп отыратын болады. Ең басты мақсат – құрылысты сапалы аяқтап, елдің ыстық ықыласы мен алғысына бөлену, – дейді компания басшысы Талғат Оразұлы.Сұранысқа ие мамандықтар
Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) enbek.kz сайтына мамыр айының басында Қазақстан бойынша жұмыс берушілерден 125,4 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Ал жұмыс іздеушілердің түйіндемесі екі есе аз, яғни 75,7 мыңды құрайды. – Бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің күрт төмендеуі елде енгізілген төтенше жағдай режимімен тікелей байланысты. Алайда карантин шектеулері алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіпорындар жұмысын қайта бастады және олар кадрларға мұқтаж, – дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы АҚ вице-президенті Балжан Шаменова. Жұмыс іздеушілердің бірінші үштігі 2,6 мың – автокөлік жүргізушісі, 2,3 мың – медицина (медбике) қызметкерлері және 2,2 мың – заңгер. Алайда жұмыс берушілер үшін қажет мамандардың үштігіне – патрульдеу инспекторы, күзетші және медициналық қызметкерлер енді. Ең аз сұранысқа ие мамандықтар (түйіндемелер мен бос орындар арақатынасы бойынша) – заңгер, іс жүргізуші және денешынықтыру мұғалімі. Жалпы, жұмыс берушілер тарапынан ең үлкен сұранысқа ие мамандар: кәсіби мамандар – 36,6 мың, қызмет көрсету және сату саласының қызметкері – 21,2 мың, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас сала жұмысшылары – 19,5 мың бос жұмыс орны бар. Ал Алматыдағы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова болса: – Бүгінде слесарь, дәнекерлеуші, темір-бетон құрылымдарын құрастырушы, электрик, жүргізуші, жүк тиеуші, аула сыпырушы, газбен дәнекерлеуші сияқты жұмысшылар кәсіптері аса сұранысқа ие. Сондай-ақ қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен медицина қызметкерлеріне де қажеттілік бар», – дейді. ТҮЙІН:Карантин уақытында жеке көлігі, самокат немесе велосипеді бар курьер іздеушілер саны ерекше өскен. Олардың табысы бір ай ішінде 20%-ға артқан. Курьерлердің айлық табысы орта есеппен 150-200 мың теңгені құрады. Дегенмен бұл уақытша екенін де ойлауымыз керек. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Coursera жаппай онлайн білім беру платформасымен келісімге келіп, Халықты жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздар үшін қажетті дағдылар мен мамандықтар бойынша онлайн-режимде курстан өту мүмкіндігіне қол жеткізді. Ақылы негізде бір курс бойынша оқыту шамамен 400 АҚШ доллары тұрады. Келісім аясында жұмыссыз қазақстандықтарға бұл мүмкіндік тегін беріледі. Ал «Екі қолға – бір күрек» іздегендер үшін жұмыс табылады. Тек ынта болса болғаны.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ