Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова наурыз айының 17-31-і аралығына барлық медицина қызметкеріне бірдей өтемақы төленгенін, ал сәуір айынан бастап Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша қауіпті дертпен байланыста болғандарға, яғни шыққан әр шақыртуына есептеліп өтемақы берілгенін жеткізді. Ал санитарлық қызметкерлерге қайырымдылық қоры арқылы ақша берілетінін атап өтті. «Барлық санитарлық қызметкердің тізімі жолданған. Таяу күндері олардың есепшоттарына ақша түседі», – деді Гүлнар Мамытқызы.
Ал Шымкент қалалық Денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда станса қызметкерлерінің наразылық тудыруына байланысты 2020 жылдың сәуір айында төленген үстемеақы мөлшерін арнайы комиссия қайта қарамақ. Денсаулық сақтау департаментінің басшысы үстемеақыны қайта қарауға тапсырма берген.
Ресми өкілдің таратқан мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Шымкент қаласында 4 054 медицицина қызметкеріне үстемеақы төленген. Үстемеақы алғандар реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, жедел-жәрдем жүргізушілері.
Қалай болғанда да, көпшілік наразылыққа тектен-текке шықпайды. Бас дәрігердің қарамағындағыларды сыйламағаны көрініп тұр. Егер барлығы айнадай таза болса, қызметкерлерінің алдына тайсалмай шығып, барлығын ертерек реттеуі керек еді. Көзі ашық, көкірегі ояу медицина қызметкерлері бұл қадамға әбден күйінгендіктен, қордаланған мәселе болғандықтан баруы да мүмкін. Сондықтан әліптің артын бағып, шешімнің соңын күтейік... Ал бұл мәселе шаһар басшысы М.Әйтеновке үлкен сын болмақ.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы